- Негізгі бет
- 9 МАМЫР 2013
- 9 мамыр. 91...
9 мамыр. 91 жастағы ардагер – Талғат Бигелдинов
Қыран бүркіт – киелі, қастерлі құс. Қыран құстың жадағайын қазақ төріне іліп қоятын. Оны – «дала сермеңдесі», «көк тәңірісі», «аспан перісі», «қанаттылар ханы» деп құрмет тұтты. Дәл осындай текті құстың болмысы қазақтың арда ұлы, Кеңес одағының батыры атағын екі рет алған қыран текті Талғат Бигелдинов еді.
Дүниежүзілік екінші соғыстың ажал қорғасындары аспан көгін осқылап жатқан тұста, қазақтың сайын даласынан, Қараөткелден түлеп ұшқан сарша қыран көкке темір тегеурінді әскери ұшақты 305 рет көтерген екен.
«Біздің мақсатымыз – дұшпанды өлтіру. Дұшпанды жоқ қылу, фашизмді жоқ қылу. Патриотизм деген болды жүрегімізде. Бір кісідей жұмылдық, біреуміз бәріміз үшін, бәріміз біреуміз үшін, деп. Сен қазақ, сен еврей бізде бәрі тең» дейді атамыз бір сұхбатында.
Аспан адамының зеңгір көкте өткізген 500 сағаты қазақтың жаужүрек баласының даңқын бүкіл әлемге әйдік етті. «Ұшқыш болсам деген өрекпіген көңілмен Бішкектегі ДОСААФ авиамектебіне түсіп, «У-2» деген ұшақпен ұшуды үйрендім» дейді өз сөздерінің бірінде батыр қыран. 1940 жылы Саратов әскери-авиация мектебіне оқуға жіберіледі. Әскери оқуды тәмамдаған күннен бастап «ұшқыш танк» деп аталып кеткен «Илюшаға» бауыр басып, 1942 жылы майданға аттанады. 1957 жылдан 1970 жылға дейін азаматтық авиацияны басқарып, Алматы, Ақмола, Арқалық, Қызылорда, Қарағанды, Тараз сынды көптеген қалаларда әуежай салу ісіне өлшеусіз үлес қосты. 1968 жылы Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын бітіріп, мемлекеттік құрылыс саласында да қызмет атқарды.
Т.Бигелдинов «305 рейдов» (1966, Фрунзе), «ИЛ-ы атакуют» (1966, Алматы), «Аспандағы айқас» (1967, Алматы) атты жорық жолдарын баяндайтын естеліктердің авторы.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: egemen.kz
M. Auelkhan