Меңтайдың анасының айтқандары

Меңтайдың анасының айтқандары
Фото: vk.com

Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың "Махаббат, қызық мол жылдар" романын оқымаған қазақ оқырманы кемде-кем. Жастықтың, берік махаббаттың символы болған роман бір кездері жаппай оқылды. Қазір де көп оқылмаса, кем оқылмайды. Романдағы кейіпкер Меңтай – жазушының биiк мұратынан туған басты кейiпкердiң бiрi. Ол – көркiне мiнезi сай, әдептi қыз Меңтай. 

Оның қағазға түсiрген «Өз ойларым» атты қолжазбасын оқи отырып, қазақ қызының жан сарайымен танысамыз. Қабiлет-қарымы мен таным-түсiнiгiн пайымдап, аппақ жанының астарын көремiз. Сондай-ақ, адамгершiлiгi мол, жаны сұлу, ажарына ақылы сай қыз екендiгiн мойындаймыз. Біз бүгінгі қуанышты мерекеге орай, қазақ қыздарының кәдесіне жарайды деген ниетпен Меңтайдың анасының қызына жазғандарын ұсынамыз. 

***

Махаббат – барша байлықтан күшті. Бірақ күштіге де көмек керек. Сол сияқты махаббат та өзін байлық пен барлықтың қоса қолдауын ұнатады.

***

Тірі адамның бар бақыты жер бетінде. Оған көкке ұмтылудың немесе о дүниеден үміт етудің қажеті жоқ. Сол себепті бар терді төгіп, барша ой мен ақылды жұмсап жер бетін, тұрған үйіңді жұмақ ете біл.

***

Ешкіммен барқылдап ұрыспа, бағыңды жоясың. 

***

Ешқашан ешкімді жамандама. Ең жаман деген адамның да өз жақсылығы болады. 

***

Баласы арақ ішсе, шешесі у ішеді. Маскүнем жаман бала жақсы ананы ажалынан бұрын көрге кіргізеді.

***

Көшеде көлденең тұра қалып, бірінің ернін бірі жұлып жердей боп жалмап, жұрт көзінше сүйісіп жатқан қыз бен жігітте ар да, ұят та болмайды. Ондай әдеттен без, ондай құрбыдан аулақ бол.

***

Біздің ауылдың қазақтары баяғы ескі әдетпен әлі күнге дейін жүзге бөлінеді. Содан соң әлі жеткені әлсізін аяғынан шалып, бөтен жүздің баласы деп жұдырықтап, жұлмалап, жүндеп жатады. Алауыздықтың атасы – жүз жойылса екен.

***

Шошаңдаған қыз шешенің атына кір келтіреді.

***

Әйелдің жалаңаш денесі еркектің құмарлығын қоздырады. Сондықтан әйелдің еркек құмарлығын қоздыратын ашық – шашық жерді көбейтпей жауып, жария етілмейтінін қымтап ұстауы абзал. Сонда еркек елеңдемейді, әйел алаңдамайды. 

***

Үміт күткен ұлы оңбаған боп кетсе – әке сорлы; қызы күйеуге өтпесе – шеше сорлы; сұлу деп алғаны сүйкімсіз боп шықса – жігіт сорлы; қыран деп тигені жапалақ боп шықса – жар сорлы.

***

Қызға қатты күлудің қажеті жоқ. Жігіттерге оның жымиғаны да жетіп жатыр.

Ж. Жұмағұлов