Әлемнің мәні – Әйелде!

Әлемнің мәні – Әйелде!
Фото: vk.com

Әйел – тіршіліктің тамыры. Әйел – бір шаңырақтың ұйытқысы. Әйел – ана! Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы атамыздың "Біздің жерімізде еркек – діңгек, әйел – гүл. Діңгек – жапырақсыз, гүлсіз, қазақша айтқанда "қу бас" деген сөз. Әйел – құнарлы топырақ, онда адамзат дәні өсіп, жетіледі. Біз сол дәннің жемісіміз. Әйелсіз адамзат "жемісі" ешқашан да болмайды" деп айтқан екен. Расында да, әйелдерсіз өмір мәнсіз көрінеді. Мерекеге орай әйел туралы қазақ ақындарының өлеңдерін ұсынамыз!

Әйел

Ұлы суретшінің көрмедегі "Жалаңаш әйел" атты картинасының жанында біреулер ыржыңдасып тұр. Мейлі...

Әлің жетсе, 
жанарыңды ала қаш - 
ӘйелӘйел... 
Әйел тұттай жалаңаш! 
Әйел емес, 
күллі әлем тұр алдымда 
күнәсі мен қасиеті аралас.

Әлде қатер, 
Әлде ләззат, 
Әлде мұң? 
Жыр оқуға жетпей қалды дәрменім, 
Жүдемедім жалған сопы жүзденіп - 
Күнәһарға құны тиын сәлденің:

– Шарап бар ма? 
У қоссаң да құй бәрін, 
Алты құрлық, 
төрт мұхитты сыйладым!- 
Арыстанның өзі-ақ едім... 
Ал, мұны 
Алаңғасар сезім саған қимадым.

Безеу бетті боятқандай қынамен, 
Әсіреқызыл ұрғашыңа ұнап ем, 
Әйел емес, 
Қарсы алдымда қас қақпай 
Қасиетті һәм күнәһар тұр Әлем.

Жүрегімді жарар болды-ау жасын ән... 
Әлем - Әйел
Құзырыңа бас ұрам, 
қасиетіңді кие тұтып, 
күнәңді 
өз күнәмдай жанұшырып жасырам.

...Не жайсаңы ішімде өлді арманның! 
Жалғыз мұң бар - 
Жан біткеннен қалған мұң: 
Әйел!- десем, ән салатын Мылқаудың, 
- Әлем десем, көзі соқыр... 
Таңғалдым!

Мейірхан Ақдәулетұлы

Әйелге ода

Қай жерде, мейлі, қай елде 
Әлемнің мәні – Әйелде. 
Шын мықты болсаң оныңды 
Әйелге барып дәлелде! 

Әйелсіз айтпан әнді мен, 
Әйелмен дәмді әңгімем. 
Сүйкімді болсаң шынымен 
Әйелің сүйсін алдымен! 

Әйелге мәлім көп сырың, 
Сүрінсең – әйел деп сүрін. 
Халыққа сыйлы болмайсың 
Әйелге болсаң жексұрын. 

Әйелсіз қонды бақ қашан, 
Әйел деп түстік отқа сан. 
Әлемнің тілін таппайсың 
Әйелдің тілін таппасаң! 

Ананың сорып емшегін 
Басылған талай кемсеңің. 
Бәдік боп өмір кешесің 
Бермесе әйел жень-шенін. 

Болмасын әйел назалы, 
Болмасын әйел жазалы. 
Кеудесін қаққан талайдың 
Әйелден болған ажалы! 

Әйелден ыстық от бар ма? 
Сол үшін түстік көкпарға. 
Қарғағың келсе біреуді 
Әйелің өлсін деп қарға! 

Әйелмен құның өлшенер, 
Құдайдан кейін – сол шебер. 
Бақытты сен де болмайсың 
Әйелің сорлы болса егер! 

Сырыңды соған ашасың, 
Шөліңді содан басасың. 
Адамның күні әйелмен, 
Әйелдер мәңгі жасасын! 

Жүрсін Ерман

Қызыл алма. Әйел

Әйел деген — әу бастан-ақ ажарлы ән, 
Жүрек — оның мекендейтін тұрағы. 
Жеміс-жидек ішінде мен базардан, 
Қызыл алма алғым келіп тұрады. 

Абай жазған Масғұт сүйген алма бұл, 
Ұрғашыға көрсететін сүйкімді. 
Менен бұрын алардай бір оңбағыр, 
Талай түндер бұзды күдік ұйқымды. 

Әлсіз ғана сәл сүрінсе шер төкпек, 
Хас мықтының даңқын көкке жаяды ел. 
Қуанышты бөлісетін еркек көп, 
Ал, қайғыны бөлісетін тек әйел. 

— Мына бір сөз кетпеген жөн құлақтан, 
Әлмисақтан мәлім жай бұл ғаламға. 
Әйел бізді қудырған да жұмақтан 
Түбімізге жеткен-дағы сол алма. 

Бұл шіркіндер сан жақсыны алдады, 
Сенемін деп қалма кейін өкініп,— 
деді ағам қып-қызыл бір алманы 
Басытқы ғып қарш-қарш шайнап отырып. 

Аға ақылы маған тіпті батты ауыр, 
Мезі болдым ақыл айтқыш бұл елден. 
Өзімнің де басым бар ғой тәп-тәуір 
Неге өзгенің айтқанымен жүрем мен?.. 

Уәж айтайын (мысалға мен жүйрікпін), 
Өңкей еркек су құйғандай бақшаға. 
Сен аңсаған байлық пенен биліктің 
Сұлуларсыз құны қанша жақсы аға?! 

Бақтың құнын біліп бастан көшкесін, 
Көңіл жасып, сәтімде бір ашынған. 
Табан асты кілт бұрылды көп досым 
Кілең әйел табылды кеп қасымнан. 

Атқа мінсем анталайды жан-жағым, 
Осыменен нешінші рет алдандым. 
...Айналамда сенетін жан қалмады, 
— Әй, ақсақал, әкел қызыл алмаңды!

Бауыржан Бабажанұлы

*** 
Түн есімі – Әйел...

Түн есімі – сұлу...
Сұлу,
Сұлу – күннің есімі,
Гүл есімі – сұлу,
Сұлу,
Сұлу – мұңның есімі!

Түн есімі – сұлу,
Сұлу – 
Кешірім,
Сатқындық та,
Қызғаныш та,
Жалғыздық та – есімі!

Оның сұлу есімі!

Түн есімі – сұлу,
Сұлу – 
Құлдық,
Азап,
Бостандық,
Гүл есімі – сұлу,
Сұлу – 
Ең аяулы қастандық!

Әппақ парақ – сұлу,
Сұлу!
Сұлулыққа қатала!
Жалғыздыққа,
Жалғыздықта түн есімін атама!

Жанып кете жаздасын!

Сұлу – 
ардың,
Сұлу – зардың,
Сұлу – қардың есімі!
Шимай-шимай өмір жолым – сұлулардың есімі!

Қандай азап бір әріпін өшіру,
Қаныңменен жазғасын!
...Ғұмыр кешу – әйелдерді кешіру,
Кешіп барып көз жасын!..

Ерлан Жүніс

Ж. Жұмағұлов