Танакөз Ілиясова: "Кейде бәрін тастап, анама барғым келеді..."

Танакөз Ілиясова: "Кейде бәрін тастап, анама барғым келеді..."
Фото: facebook.com

Әйелдер қауымы асыға күтетін Халықаралық әйелдер мерекесі де таяп қалды. Көктемнің алғашқы аптасымен бірге келіп жететін осынау айтулы мерекедегі көңіл-күй тіптен ерекше болары сөзсіз. Адамзат баласы үшін ана - ең аяулы жан. Ана – тіршілік тамыры. Ана – үздіксіз соғып тұрар жұдырықтай жүректің дүрсілі. Анаға қандай жақсы сөз арнасақ та оның алдындағы борышымыздан құтылмасымыз анық. 

Массагет порталы қазақтың ақын-жазушыларынан дүниеге әкеліп, нәр берген аяулы аналары жөнінде естелік айтып беруін өтінген еді. "Алып та анадан туады" дегендей, ақынның анасы қандай?" деген сұрақ қалың оқырманның қызығушылығын оятары хақ. Себебі, ақынның ақын боп қалыптасуына отбасының, әсіресе, ананың әсері ерекше екенін айтып өту керек. Біз бүгін ақын Танакөз Ілиясованың анасы туралы естелігін ұсынып көрмекпіз. 

Менің анам...

Анамды жақсы көремін. Бірақ оны оған көрсете алмаймын. Неге екенін білмеймін. Өзім есейіп, үйлі баранды-болып, тіпті өзімнің үлкен қызым студент атанып кеткен кезде де, анама әлі күнге дейін бала Танакөз екенімді сезіндім. Анамның қасына жатып ұйықтап едім, ол мені сол баяғы бала кездегідей құшақтап жатты. 

Әлі есімде. Алты-жеті жас шамасы болса керек. Үйге келгенде анам болса екен деп тілейтінмін. Ол болмаса, бүкіл әлемді түнек басатын сияқты әсерде болатынмын. Шифонерді ашып қалғанда анамның көйлектерінен шығатын ғажайып әтір исі де балалық шағымның исі сияқты санамда сақталып қалды. Анам өте сөзі аз адам болды. Біреумен ұрсысу, дауласу, сөзге келіп қалу оның табиғатында жоқ еді. 

Және тағы бір үлкен қасиеті - біреудің үстінен шағым айтып, оны жамандағанда, ешқашан қосыла жамандамайды. Бұл оның бұлжымайтын қағидасы, өзгермейтін мінезі. Мейлі ол сенің айтып тұрғаның шындық болсын. Үнсіз қалатын. Сол кезде өзіңнің дұрыс емес нәрсе айтып тұрғаныңды түсініп, тыйыла қаласың. 

Ол да әкем сияқты жоғарғы математика факультетін бітірген. Ұзақ жылдар жоғары сыныптарға алгебра, геометриядан сабақ берді. Тек кейіннен бастауыш сынып мұғалімі болды. Қазіргі заманда бастауыш сыныпқа мұғалім болу ерлікпен тең. Бетіне қарап сөйлеуге болмайтын кілең ерке-тотайлардың сауатын ашуың керек. 

«Осы сенің Толқын екеуіңнің миларың толық» - дейтін нағашы апатайым. Расында да, балаға ұстаздық етуде және немеренің байбаламына ерекше сабырлы. Жүйкелері жер қозғалса, қозғалмайтындай берік әрі темірдей. Ол Қазақстандағы ата-аналарынан бір де бір рет ремонтқа ақша жинатпаған, кластың ремонтын өз ақшасына адам жалдап, жөндеу жұмыстарын жасататын және оқушыларына тегін дәптер-қаламсап тарататын жалғыз ұстаз болуы мүмкін. –Мама, неге өйтесің?-деген сұраққа, - қойшы, ата-аналарының жағдайы жоқ екенін көріп тұрып қайтіп ақша жина деп айтасың?-деуші еді. Оқушылары өте еркін болды. Төбесінде өріп жүретін. Ойларын ашық айтатын. Өйткені менің анамның оларға ешқашан ұрыспайтынын біледі. Олар ұстазын қорыққаннан емес, жақсы көргендігінен сыйлайтын. Анам пенсияға шыққанда екінші сыныптың барлық оқушысы жиналып, директордың кабинетіне кіріп, "ұстазымызды қайтарыңдар" деп, «балалық» наразылық акциясын жасаған көрінеді. 

Анам тарапынан бала кезде ешқандай психологиялық қысым көргенім есімде жоқ. Ол менің әрбір ісімді мақтап, арқамнан қағып отыратын. Ол мақтаған сайын, мен атқаратын жұмысымды сапалы етіп істеуге тырысатыным есімде. 6 жасымда оны қуанту үшін үй жинайтынмын, пол жуатынмын, жаялықтарды жуып, үтіктейтінмін. Тіпті ақманды газ жаға алмайтын болғандықтан, тоқ шәйнектен қайнаған су құйып бұқтырып қоятыным есімде. Ой, құлыншақ сол, бере салған Алладан!-деуші еді сонда анам. Қазіргі алты жастағы баланы менің орныма қойып көріңіз. Қазір анама қалжыңдап айтамын: «Осы ісіңіз үшін шетелде болсаңыз, кәмелетке толмаған баланың еңбек күшін қанадың деп сотқа тартылатын едіңіз»,-деп. 

Анам өте көпшіл, қонақжай. Қашан көрсең, қонақ күтеді де жатады. Үйіне жұмыстан қайтып бара жатқан бір топ мұғалім де біздің үйге соғып шәй ішіп кеткісі келіп тұрады. Өйткені қашан көрсең дастархан тоқ, үй берекелі. Әрі анам арнайы той немесе себеп іздемей-ақ үйге жиылған қауымға алтын, күмістерін таратып жүреді. 

Мен ес білгелі Жаңарқаның қымызын ішіп өстім. Әжемнен қалған дәстүрді анам да ұстанды. Үйде күбі ысталып жатады. Оның исі алаңсыз бақытты шақтың исі деуге болады. Қазір жаз шықса болды, балаларымды саумал іштіруге нағашы апасына апарамын. 

Соңғы кезде ол аз-маз сырқаттанып қалды. Менің көңіліме алаң кірді. Енді Жаратқаннан оның амандығын ғана сұраймын. Ақ сүтін ақтай алмағанымды түсінемін. Ақтай алмаған күйі өтемін-ау деген ой мені іштен кеміріп бітті. 

Кейде бәрін тастап, анама барғым келеді. Нені қалайсың? Не істегің келеді, соны жасайық деп айтқым келеді. Бірақ неге екенін, әлі ол сөзді айтпадым. Түндегі тәтті қиялдарыңның бәрі таң ата салысымен ғайып болып, жұмысқа асығып бара жатасың. 

Бұл өмір сондай көңілсіз екен ғой! Бала кезімде анама жасағым келген бірде-бір жақсылықты жасай алмай күн артынан күн зырғуда. Ал анам көз алдымда шөгіп бара жатыр...

Ж. Жұмағұлов