Жас ақындардың ана туралы өлеңдері

Жас ақындардың ана туралы өлеңдері
Фото: top-antropos.com, fotoidea.kz, elenasycheva.kz

Дана халқымыз "ананы сыйламаған, ел қамын ойламаған" дейді. Өйткені ана — барлық көркемдіктің үлгісі. Назарларыңызға талай додада топ жарып, үздік деп танылып жүрген жас ақындардың ана туралы өлеңдерін ұсынып отырмыз.

Ол менің анашым, анашым!!!

Тәтті ұйқы бөлеген сәт түсін,
Оятқан нәресте шырылы.
Тербетіп сан бөлеп жатты шын,
Ананың алақан жылуы.
Ұйқысын төрт бөлген бала үшін.

Балалық бал күндер пәк мүсін,
Жүгірген желбіреп тұлымы,
Аузына тосып бар тәттісін,
Білінген мейірім тұнығы,
Қамқоршым, ерекше жаны асыл.

Кигізіп киімнің жақсысын,
Қуантты жарқырап жүруі.
Алаң боп уайымы артты шын,
Ұлының ертеңі, бүгіні,
Аналық махаббат, жарасым.

Тым ыстық, тым тәтті ақ сүтің,
Сәбидің ерекше шырыны.
Аянбай кетті ана нақ күшің,
Балаңның аяқтан тұруы, 
Жүректің төрінде ғанасың.

Жүремін құдайдан тілеп мен,
Қызықты өтсін деп ғұмыры,
Айтамын балалық жүрекпен,
Керемет естілер тым үні,
Басқадан тым асқақ ұғымы,
Жалғанда адамзат сұлуы,
Ол менің анашым,анашым!

Марлен Айт-Ақын

Ана, сенің құшағыңда көктедім,
Мәнін білмей қайғыру мен өкпенің.
Саған қандай құрмет еттім, білмеймін...
Сенен көрген жақсылығым көп менің.

Ана, сенің мейіріміңмен өстім мен.
Кем қылмай-ақ ержеткіздің ешкімнен.
Өзің және әкем берген тәрбие 
Азамат қып адам етті ес білген.

Ана, сенің сөздеріңнен мән ұққам,
Сәттерімде қайғы жұтып зарыққан.
Сен де менен аямайсың барыңды,
Мен де сені құрметтеуден жалықпан.

Ана, сенің ақ сүтіңмен Адаммын!
(Сосын жалғыз тағдырыма боданмын)
Кешірме егер,байқаусызда қадамым,
Шалыс кетсе қадамындай наданның...
Ақ сүтіңді ақтаймын деп сөз берем:
Ұлы адамы болам мына Заманның,
Ұлы адамы болам мына Ғаламның!

Жұлдыз Молдағалиева

Анамның үнсіз жылап тұрғаны...

Дауылды дауыл басып көрген бе, 
Жолбарыстанып жасықтар жерде, 
Шашынан сырғып ақ орамалы, 
Көрші әйел үйге қашып келгенде, 

Күрсініп, анам жылады, 
Жынды су деді, кінәлі. 

Себеп те таппай кісіңді ақтауға, 
Сәбидей қолы үсіп жатқанда. 
Алпамса жігіт ақырып төніп, 
Әкесін сабап тісін қаққанда, 

Жабығып, анам жылады, 
Жынды су деді, кінәлі. 

Жамаусыз көңіл қазақта бар ма, 
Панасыз қайтсін көзі ақпағанда, 
Бейкүнә жанды тағдырдың өзі, 
Жетімек қыз деп мазақтағанда, 

Қосылып, анам жылады, 
Сол деді тағы, кінәлі. 

Өмірдің мәні, мұраттың мәні, 
Кеудеме толып сұрақтың бәрі. 
Ішімдік көрсем, түседі еске, 
Анамның үнсіз жылап тұрғаны.

Батырхан Сәрсенхан

 

Анаға арнау 

Әлемдегі ең ақылды, дана боп, 
Нұрын шашар жақсыларға пана боп. 
Кім-кім болсын сені алақанында, 
Мейірлене ешкім сүймес ана боп. 

Алақаны жылылықтан балқыған, 
Бір күлкісі бар әлемді шарпыған. 
Бұл сезімге ие болған барша жұрт, 
Әрқашан да мол байлықта шалқыған. 

Жарты жанын бөліп беріп балаға, 
Ақ сүтімен әлдилеген бар ана. 
Қиын күндер кешсе дағы басынан, 
Міндет етпей жүрген адам сол ғана. 

Қасиетті жұмақ кілті табылар, 
Алыс кетсең алаңдар да сағынар. 
Аналарын сыйламаған адамдар, 
Қашан болсын өз ісінен жаңылар. 

Түн артынан бірте-бірте күн шығар, 
Байлық бірде бар болар да жоғалар. 
Егер анаң бақытты боп өтпесе, 
Зор өкініш өміріңде сол болар!

Ұзақбаева Шапағат

Анаммен əңгіме

Күнім де жоқ сен болмасаң жоқ айым, 
Сен білесің барлық істің "солайын". 
Əр нəрсенің күтіп жүріп орайын, 
Деп ылғи да біраз ақша табайын, 
Сенің дағы ағарыпты-ау самайың. 
Əлі күнге жарытпадың өзіңді еш, 
Жұмысыңда боп жүрсең де сəнайым. 
Үміттенген түрі мынау қызыңның — 
Ебім де жоқ, ешнəрсеге қолайым. 
Бермен келші, тағы да сыр шертейік, 
Жүрегімнің төріндегі төрайым!

Титіммін деп берем əлі қиялдай,
Қасыңызда тарпаңдай боп ұялмай.
Əлі күнге еркелеймін тұрса да,
Мына тұлғам құшағыңа сия алмай.
Көңіл-күйім керемет деп бірақта,
Жүрмін, шеше, мен өзіңді жиі алдай.
Мені қойшы,
Тоқ па?!
Əлде қамсыз ба?!
Айта алмаспын шаршап жүрген онсызда,
Мөлт еткен бір көңіліңді қия алмай.

Əрқашанда мен өзіңе бас ием,
Бір қателік кетсе менен кеш, ием.
Болды, шеше, көп уайымдай бермеші,
Бұйыртса Алла жабылады-ау несиең.

Біз үшін сен басы болдың əз əннің,
Тиіп-қашып қылса дағы мезі əркім.
Мына біз деп жазда күнге көп күйдің,
Қыста тоңдың суығына базардың.
Əлгі жылы қолың шыққан кезде де,
Саған түсті ауырлық деп бозардың.
Кейімеші, туар əлі бұйыртса,
Құдайдан да көмек ұшын созар күн.

Қолымдағы жалғызымсың бағалы,
Біздер өссек қонар талай бақ əлі.
Өзіңді өзің төмендете бермеші,
Балаң үшін бағаң əркез жоғары.
Жүзің солып, ренжімеші өтінем,
Əкем саған ұрсып қойса шамалы,
Төрт жақтаулы қабырғада қамалған,
Əкем қазір жолбарыс қой жаралы.

Əр адамға бір жақсылық етерсің,
Көмектессең бəрінен де бетерсің.
Өзің мұқтаж болған кезде жаныңда,
Ешкім қалмайд(ы) бұ дағы бір бекер шын.
Артығымен тілемеген тəңірден,
Өз нəпсісін тыйып келген нөкерсің.
Уайымдама, біз емес пе ек үмітің,
(Елдің өйткен жолдастығы құрысын)
Əлі де алда құлындарың жетер шың!

Мандытып та көре алмадың күтімді,
Қайран шешем, қарлығашым сықылды.
Өмір бойы оңбай-ақ мен өтейін,
Мен осыдан адам болмай кетейін,
Ақтамасам сенің аппақ сүтіңді!

Айдана Қайсарбекқызы

Ж. Исакаев