Аюсай сарқырамаларына қалай жетуге болады?

Аюсай сарқырамаларына қалай жетуге болады?
Фото: Massaget.kz

Алматы қаласында табиғат баурайында демалатын орындар өте көп. Солардың ішінде қалаға ең жақындарының бірі – Іле Алатау Ұлттық паркіндегі Аюсай сарқырамалары. Олар төменгі, ортаңғы және жоғарғы сарқырамалар болып үшке бөлінеді. Бұл үшеуі қосылып "Аюсай өзені" деп аталады. Ол шатқал ішімен ағады. Шатқал "Аюсай жырасы" деген атпен таныс.

Массагет порталы Аюсай сарқырамаларына барып, осы жердің әсем табиғаты, мөлдір суымен танысып қайтты.

***

Аюсай сарқырамаларына қалай жетуге болады?

Көкшоқы, 1А-да орналасқан Аюсай визит-орталығына мынадай тәсілмен жетуге болады:

- шлагбаумға дейін №211 автобус маршруты (санитарлық дәрігердің жаңа қаулысына байланысты құрылған жұмыс кестесін қараңыз);

- жеке автокөлік;

- такси;

- жаяу жүру (№28 автобустың соңғы маршрутынан шамамен 1,5 сағат).

Бөгеттің құрылысына байланысты "Аюсай" визит-орталығына баратын жолда "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің бақылау-өткізу пункті бар.

Ол жұмыс күндері мына уақытта ашық:

06.00-ден 08.00-ге дейін;

13.00-ден 14.00-ге дейін;

18.00-ден 19.00-ге дейін

Демалыс күндері:

06.00-ден 09.00-ге дейін;

12.00-ден 14.00-ге дейін;

18.00-ден 21.00-ге дейін.

Қалаға кез келген уақытта бақылау пункті арқылы орала аласыз.

Аюсай сарқырамасы (ұзындығы – 1,9 км)

Соқпақтың ұзындығы: 1,9 км (бір бағытқа
қарай)
Қиындығы: орташа
Биіктіктің алмасуы: 415 м

Соқпақ Аюсай визит-орталығының қасындағы жаяу жолмен басталады. Шатқалдан ағып жатқан Аюсай өзені биіктігі әр түрлі үш сарқырамадан тұратын каскад құрайды. Табиғи соқпақ сізді шуақты шабындықтар, тыныш тоғайлар мен қылқан жапырақты қопалар арқылы алып өтеді. Сіз тау жыныстарының арасында жасырынған сарқырамаларды тамашалайсыз.

Батысқа қарай 500 метр жерде Аюсай шатқалында биіктігі 5 метрге жуық төменгі сарқырама бар. Біз бірінші сарқырамаға қиналмай оңай жеттік.

Оған апаратын жол жиегінде арнайы белгілер орнатылғанын көзіміз шалды

"Бұрын бұл сарқырама екі есе жоғарыда орналасқан болатын, бірақ өткен ғасырдың 60-жылдарында сол жақ жартасты беткейдің құлауы оның биіктігін едәуір төмендетті", -  дейді бізге басшылық еткен Аюсай орталығының гиді Александр Голованов.

Шынында да сарқырамаға қарай топырақ пен тастың жылжығанын қазір де байқауға болады.

Төменгі сарқырама

Александр Голованов бұл жердің табиғаты, ауа райы туралы тәптіштеп түсіндіріп берді.

"1 шақырымға көтерілгенде ауа температурасы орта есеппен 6 градусқа төмендейді, күн жиі бұлттанып, жауын-шашын жауу қаупі жоғары, сондықтан тауға келерде өзіңмен бірге жылы киім алғаның дұрыс", - дейді Александр.

Біз осы кезде екінші сарқырамаға келіп қалдық. Ортаңғы сарқырама төменгі сарқыраманың жоғары жағында орналасқан. Ол төменгімен салыстырғанда аса биік емес. Екі сарқыраманың жанындағы жолмен биікке көтерілесіз, сонда су ағындарының үстінен қарай аласыз.

Осы кезде аса сақ болған жөн, жартас іспетті биіктен серуендеуші сырғанап төмен құлау қаупі бар. Осы жерде ары қарай тағы көтерілетін болғасын тоқтап, аздап тынығып алдық.

Ортаңғы сарқырама

Серуен барысында Александр Голованов тау жолындағы қауіпсіздік ережелерін келушілердің сақтай бермейтінін айтады.

"Тауға шығарда алдымен баратын бағытыңды, қанша уақыт алады, жолда қандай қиындықтар бар, биіктігі қанша – бәрін мұқият зерттеу керек. Кейін қанша уақытта барамыз, нешеде қайтамыз дегендей жалпы жоспар құру керек. Сосын, жақындарыңызға қайда бара жатқандарыңызды айтып, бағыттың сызбасын тастап кету маңызды. Бұл сіздің адасып кеткен жағдайыңызда, құтқарушыларға қатты көмегін тигізеді. Осындай қарапайым ережелерді туристер сақтамайды. Тауға келмес бұрын оны зерттемейді, жоспар құрмайды, ауа райына қарамайды. Соның  салдарынан адасып кетеді, жарақат алады, дауылды селге тап болады", - дейді Аюсай визит-орталығының гиді.

Біздің топ одан әрмен сапарды жалғастырды. Жоғарғы сарқырамаға апарар жолда Үлкен Алматы Шыңына тамаша көрініс ашылды.

Екінші сарқырама жанында бізден бұрынғы келушілер жас шыршаны түбімен жұлып алып, отын ретінде пайдаланғанын көрдік.

Бұл жол бастап келе жатқан Александрды аздап ренжітті

Тянь-Шань шыршасы (лат. Picea schrenkiana subsp.tianschanica) – Тянь-Шаньдағы эндемикті Шренк шыршасының кіші түрі. Таралуының негізгі және табиғи аймағы Орта Азияда, Тянь-Шань мен Жоңғар Алатауының тау жүйелеріндегі Қырғызстан мен Қазақстан аумағында ғана. Теңіз деңгейінен 1300-2800 метр биіктікте өседі. Биіктігі 60 метрге жетеді. Орташа диаметрі – 2 метр. Орташа өмір сүру ұзақтығы шамамен 250-350 жыл.

"Бұл шыршаның бір ерекшелігі қыста С дәруменін өте көп мөлшерде бөледі. Олар жылына 10-15 см ғана өседі. Мысалы мына жас шыршаның жасы шамамен 20-да ғана", - деді Александр.

Ары қарай үшінші сарқырамаға кеттік. Оның жолында да қауіпті бұрылыс пен тік жарлар бар екен. Оған жақындағанда үлкен жыраға тап болдық. Александр бізге қатты сөйлемей, бұл шатқалдан мүмкіндігінше тезірек өтіп кету керек екенін ескертті.

Себебі төбеңнен төніп тұрған алып тастар кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін

Үшінші сарқырама биікте орналасқан екен. Александр ары қарай жол жоқ екенін түсіндірді. Бұрын сарқырамадан өткісі келгендер жіп, сымды жоғарыдан салбыратып байлап кеткен екен. Кейін оны Аюсай орталығының волонтерлері алып тастаған. Сеебебі ескі жіп пен тот басқан сым кез келген уақытта үзіліп кетуі мүмкін. Себебі, ескі жіп пен тот басқан сым кез келген уақытта үзіледі, оларды пайдалануға кеңес берілмейді.

Александр жол бойы айналасына мұқият қарап ірілі-ұсақты қоқысты жинаумен болды.

"Туристердің тазалықты сақтамайтыны бүкіл адамзаттық проблема. Онымен күресу керек. Біз жақында ғана осы маңайдан көптеген қоқыс жинадық. Қоқыс қабат-қабат болып жиналыпты. төменгі жағында КСРО-дан қалған, қораптар, консерві құтылары шықты. Тауға туристер келерде алдымен басқаларға үлгі болып, айналаны ластамауы керек. Оларға тау мәдениеті туралы ақпарат беріліп және от жаққаны үшін, айналаны ластағаны үшін айыппұл салынуы керек шығар", - дейді Александр.

Жоғарғы сарқырама

Осыдан бір ай бұрын үшінші сарқыраманың жоғарғы бөлігіне шыққан турист қайтып түсе алмай қалған. Оны құтқарушылар тек бір күннен кейін ғана құтқарған. Ал таудың түні салқын болатыныны соншалықты, жалғыз қалған адам суықтан қаза табуы мүмкін.

"Сарқырамаға келгенде осындай келеңсіз жағдайлардан сақ болуымыз керек. Қараңыз, су ағып жатқан тасты балдыр мен қына басқан. Ол өте тайғақ болады. Оның үстінен адамның құлап кетуі қиын емес", - дейді Аюсай орталығының гиді.

Алатау туралы қызық дерек

Ғалымдар Жетісу жеріндегі Іле Алатауын бүкіл әлемде өсірілген алма сорттарының шығу орталығы деп санайды. Ұлттық саябақта қызыл кітапқа шөптесін, бұталы және сүректі өсімдіктердің 36 түрі енгізілген. Тарихшылардың пікірінше, қызғалдақ Іле Алатауынан орта ғасырда Кіші Азияға Жібек жолы бойымен, ал одан Голландияға жеткізілген екен.

P.S. Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – Іле Алатауының әсем ландшафтарын қорғау, өсімдік жамылғысы мен жануарлар әлемін сақтау, туризмді дамыту мақсатында ұйымдастырылған. 1996 жылы Алматы облысы Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарының аумағында орналасқан Қаскелең, Пригород, Түрген орман ш-тарының негізінде құрылған. Саябақ теңіз деңгейінен 600 – 4540 м биіктікте орналасқан. Әсем табиғаты, алуан түрлі флорасы мен фаунасы бар саябақтың қоршаған ортаны қорғауда алатын орны ерекше.

Т. Раушанұлы