- Негізгі бет
- 22 наурыз 2017
- Ұлыс күні дүниеге...
Ұлыс күні дүниеге келген ұлылар
Қазақ жұртына көктемгі жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың нышаны саналатын Наурыз мейрамы да келіп жетті. Тек адамзат қана емес, табиғаттың да жасарып, бой түзейтін шағы – Ұлыстың ұлы күнінің баршамыз үшін жолы да, жөні де бөлек. Әсіресе, мұндай айтулы күнде өмірге келген жандар тіптен ерекше табиғи дарынға ие болады. Бұл сөзімізге тарих бетіндегі ұлы тұлғалар дәлел болады. Сонымен бүгін назарларыңызға ұлыс күні дүниеге келген еліне аянбай еңбек етіп, есімін алтын әріптермен қалдырған тұлғаларға арнамақпыз.
Қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсірепов 1902 жылы 22 наурыз күні Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы «Жаңа жол» ауылындағы шаруа отбасында туған. Бала кезінде ауыл молдасынан оқып, ескіше хат таныған жазушы соңына мол мұра қалдыра білген.
Ғабит Махмұтұлының асыл мұрасы, жүрегін жарып шыққан жан сөзі – бәріміздің рухани азығымыз, мақтанышымыз, қымбаттан да қымбатымыз. Айтулы жазушының адамдық қасиеті, азаматтық тұлғасы – бәрімізге үлгі, өнеге.
Ал, 1394 жылы 22 наурыз күні Темір әулетінде Мұхаммед Тарағай деген бала дүниеге келген екен. Кейін оған Ұлықбек деген лақап ат берілген. Шахрух Темір есімді азаматтың үшінші баласы болған. Әкесі біраз билеуші болып, кезінде ғылымның өркендеуіне үлкен үлес қосқан кісі. Ұлықбек жастайынан поэзияға, тарихи білімге, астрономия мен математикаға құмарланады. Ұлықбектің ғалымдығының қалыптасуына оның атасы Темірге ілесіп мәдени, ғылыми дәстүрлері бай елдерді аралауы үлкен әсер етеді. Ұлықбек жас шағында осылай Армения, Әзірбайжан, Грузия, Иран, Түркия және Ауғанстандарды аралап көреді. Білімді азаматтың ғалым болып шығуына әкесі Шахрух жиыстырған Самарқандағы аса бай кітапхана да зор себепші болады.
Ұлықбек Платон, Аристотель, Гиппарх, Птоломей сияқты ежелгі грек ғалымдарының классикалық еңбектерімен жақсы таныс болады. Сонымен қатар, ол өзінен бұрын өмір сүрген Орта Азияның көрнекті оқымыстылары Хорезми, Фараби, Ферғани, Бируни, Ибн Сина, Нысреддин әт-Тусилердің негізгі еңбектерін жете білген.
Жәнібек Кәрменов 1949 жылы 22 наурыз күні Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Алматы эстрада-цирк өнері студиясының (қазіргі колледж) әншілік бөлімін, сонымен қатар Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Талантты жанның музыкаға деген құмары оны болашақта үлкен жетістікке жетелейді. Көптеген зерттеу мен еңбектерді артына мұра ретінде қалдырған тұлғаға 1984 жылы концерттік-орындаушылық, зерттеу қызметтері және жастар арасында халық өнерін насихаттаудағы жұмыстары үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілген.
B. ZHAQSYMBET