Наурыз туралы өлеңдер

Наурыз туралы өлеңдер
Фото: nauryz.kaztrk.kz

Наурыз 

Наурыз менің елімнің берекесі, 
Жаңа жылы қазақтың мерекесі. 
Шаңырағы биіктеп күнге жақын, 
Ұлан-ғайыр керілсін керегесі. 

Қымбат білген адамға сөз өнері, 
Бұрқ-сарқ етіп қайнасын көжелері. 
Жаңа жылда елімнің көркі өсіп, 
Гүлге толсын көгеріп көшелері. 

Шат күлкіге шомылып замандары, 
Бақыт кешсін ғайыптан адамдары. 
Әрбір жанның арманы орындалып, 
Сәтті болсын биылғы қадамдары. 

Ел-жұртымның тілеуін тілесейік, 
                                                      Жаңа жылда қалайық бір есейіп.                                                      

                                      Б.Тұрсынқызы

Наурызым!

Ақбоз үйді үлпілдеткен, 
Боз даланы бүлкілдеткен. 
Қуанышты күлкің – көктем, 
Әсем едің, шіркін, неткен, 
Наурызым! 

Құлпырады сәнді бақтар, 
Жұлқынады арғымақтар. 
Сылқылдайды бал бұлақтар, 
Мерекемсің мәңгі мақтар, 
Наурызым! 

Жарқыраттың шығыс Күнін, 
Бар адамдар туыс бүгін. 
Тілеп елдің тыныштығын, 
Жүректерде жүр ұшқының, 
Наурызым! 

Аңсап жүрсең осы күнді,
Ашып таста есігіңді. 
Болайықшы кешірімді, 
Ән тербетсін бесігіңді, 
Наурызым!

Ибрагим Исаев

Жасыл нұрға бөленіп төңірегім 

Қырға көшіп келеді елім менің, 
Малын жайып, салатын төріне егін. 
Наурыз туып, жан бітті дүниеге, 
Жасыл нұрға малынып төңірегім. 

Түйе өткен жұп-жұмсақ жерді басам, 
Бақыт құсым кеудеме қондың қашан? 
Сүйіп тұрып Наурыздың атқан таңын, 
Қуаныштан көңілім болды масаң.

Ән айтамын ақырын тұнық таңда, 
Қазақ қызы ән-жырын ұмытқан ба? 
Көңіл шіркін қарлығаш ұшып шыққан, 
Жатқандай бір қапаста, құлыптауда. 

Елең қылмай, сап-салқын түн ызғарын, 
Тыңдап тұрмын құстардың сыбызғы әнін. 
Ерте көктем жұтқызар жұпар ауа, 
Таңдайыма әкелді қымыз дәмін. 

Кеш оралған көктемнің ерке құсы, 
Осы екен ғой көктемнің еркелісі. 
Осы екен ғой атамның аманаты, 
Осы екен ғой әжемнің ертегісі. 

Щолпы тақты алтын күн қайыңға әсем, 
Ән айтады бұлақтар, уайым бәсең.
Тек асығып барасың, алтын айым, 
Не айтасың ақын қыз жайында сен?

Марфуға Бектемирова

Наурыз

Сен ортақ дастарқансың бәрімізге, 
Татырған сары уыздың нәрін бізге. 
Наурыз, сен көктемдегі үмітіміз, 
Жарылқар берекеміз сары күзде. 

Наурыз – ол емес әсте дырду-думан, 
Киік емес қиқулап бір күн туған. 
Ол – қыздың кісілікпен көшеленіп, 
Рухани есеюі ұлдың туған. 

Наурыз – ол ұсақтықтан арылуың, 
Халықтың бірлігінің мығымдығы. 
Күдіктің безбеніне тартылмайтын,
Қазақи Ата дәстүр Ұлылығы.

 Мұзафар Әлімбаев

Г. Берік