- Негізгі бет
- НАУРЫЗ 2012
- 22 наурыз. Қыз...
22 наурыз. Қыз қуу ойыны
Қазақ халқының асыл мәдени мұрасына айналған ұлттық ойындар жайлы сізге айтып кеткен болатынбыз. "Үш табан" асық ойыны кішкентай балардың сүйіп ойнайтын ойын түріне айналса, жігіттеріміздің қайсарлығын, күш-жігерін сынайтын көкпар ойыны ересектердің бұрыннан бері келе жатқан ермегі. Бұл ойындарды көбінесе 22 наурыз мейрамы кезінде ойнайды. Байқап отырсаңыз, халқымыздың асыл мұрасына айналған ұлттық ойындарымыздың тағылым-тәрбиеге баулитын жақтары бар. Мысалға алатын болсақ, көкпар ойыны жігіттерді табандылық пен жігерлікке ғана емес, сонымен қатар, дәлдік пен батылдыққа баулиды. Осылайша ата-бабаларымыз ұрпақтарын тәрбиелей отырып, оларға осындай салт-дәстүрлерді бала кезінен бастап үйреткен. Халқымыздың алтын қоржынында жастарға арналған ойындар жетерлік.
Ұлттық ойындарымыз көбінесе ұлыстың ұлы күні - 22 наурыз мейрамында ұйымдастырылғанымен, олар жайлы ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан да біздер сізді "Қыз қуу" ойынының шартымен таныстырғымыз келіп тұр.
"Қыз қуу" ойыны үшін жігіттер мен қыздар іріктеліп, жүйрік тұлпарларға мініп шығады. Қашықтығы 300, ал ені 30-40 метрлік тегіс, топырағы жұмсақ, ашық алаң таңдалып алынады. Жарыстың басталатын жері – алаңның бір маңдайында қатынасушылар орағытып өту үшін қарақшы қойылады. Бұған көбінесе қызыл жалау қолданылады.
Жарыстың екі түрі болады. Жарыс жекелей өтеді. Егер жастар екі топқа бөлінсе, онда ойын ережесіне сәйкес, қыздар мен жігіттердің саны тең болуы керек.
Ойын төрешісінің бірінші белгісі бойынша, қыз жігіттен 10 метрдей алда тұрып, шабысқа дайындалып тұрады. Келесі белгіде олардың екеуі де аттарының басын жіберіп, шаба жөнеледі. Жігіт қызды бұрылысқа дейін қуып жетіп, жең ұшына ілінген орамалды ілгері алып қашуы керек. Егер жігіт сол бетімен – қарақшыдан мәреге дейін қуғыншыға жеткізбесе, онда – жеңгені. Ал егер қыз қуып жетсе, жігіттің атын, әйтпесе өзін қамшының астына алады. Мұнда қыз жеңді деп есептеледі.
Жарысқа қатысушыға бір-бірінің атын тоқтатуға, алаңнан сыртқа шығуға, қарақшыға жетпей мәреге оралуға рұқсат етілмейді.
Бұл жарыстан ер жігіт пен әйел баласы арасындағы "Кім мықты?!" деген мәңгілік сұрақтың жауабы табылуы мүмкін. Кейде бұл жауап жігітке ұнамайтын жағдайлар туғызады. Бірақ, ойынның аты ойын. Бәйгеде жеңгендер мен жеңілгендер болады. Алайда жігіт басымен қыз баладан жеңіліс табу кім-кімнің де намысына тиеді емес пе?
Көп жағдайда осындай ойындардың аяғы жастардың қосылып, отау құрып кетуіне әкеліп отырған. Осылайша ата-бабаларымыздан қалған асыл мұра екі жастың қос жүректерін байланыстырған. Осындай шараларды қазіргі кезде жиі-жиі ұйымдастырып отыру қажет деп ойлаймыз. Ал сіз қалай ойлайсыз?
Суреттер: kerekinfo.kz