22 наурыз. Ер қаруы - бес қару

22 наурыз. Ер қаруы - бес қару

Қазақ тарихына зер салып қарайтын болсақ, соғыс кезінде батырлардың жекпе-жек айқастары бес қару түрімен өткен. Содан болар, "Ер қаруы - бес қару"  деп айтылған. Айқас садақ ату, түйреу, кесу, балталасу мен шоқпарласу түрінде өткен болатын. Ал ертедегі  ұлыстың ұлы мейрамы 22 наурыз мейрамындағы жиын-тойларда қос алыптың сайысы өтіп, осы бес қару-жарақтың кейбір түрлері де пайдаланылған.

Ату қаруы. Қазақтарда садақ пен жебе бұрын басты қарудың бірі болып, қазақ жауынгерлері садақ тарту өнерін жетік меңгерген болатын. Бұрынғы кезде көптеген аңшы, жауынгерлердің, батырлардың есіміне «мерген» аты қосылып айтылуы да осының дәлелі. Қазақтарда 22 наурыз мейрамы уақытында жүзіктің көзінен жебені өткізетін сайыстар болған. Сол сайыста құралайды көзген атқан мергендер жарысқа түсіп, үлкен атақты иеленген.

Садақтың адырнасы бес функционалдық бөліктен құралып жасалады. Қолға ұстайтын жері – «белі» , иілген бөліктері – «иіні»,  кірісі байланатын екі ұшы – «басы». Адырнаның белі мен басы – қозғалмайды. Қатты бөлігі - иіні қозғалатын, серпінді бөлігі. Ал әр бөлік әр түрлі сүйек, мүйіз, ағаш, тарамыс, тері, тоз материалдарынан жасалатын бірнеше конструктивті элементтерден тұрады.  Жебе – садақ оғының масағы. Қорамсақ – садақ оғының сауыты. Оны белге байлап немесе иыққа асып алады. Қалың көннен жасап өрнектейді. Қорамса ішінен екі қатар көлденең таспа тартады, оған жебелерді қатарлай тізеді. Оқтың алуға оңай болуы үшін жебенің кірісі төмен қаратылады.

Кесу қаруы. Кезінде айқастарда кесу арқылы қолданылған қару – қылыш. Ертеректе семсер деп аталған оның екі жүзі, ал сапының бір жүзі болған. Қылыш (семсердің, сапының) бөліктері мынадай: кесетін темірі – «болаты», қолға ұстайтын бөлігі – «сабы». Ол ағаштан, мүйізден жасалып, ұшы алтындалып, асыл тастармен әшекейленеді. Сабына қолға іліп алу үшін тағатын жібі – «бүлдіргі». Бүлдіргінің ұшы кішкентай шашақпен бітеді. Қылыштың (семсердің, сапының) сапқа кіргізілетін бөлігі – «жетесі». Сабы мен қылыштың болаты түйіскен жерде қолды тіреп тұратын темірі – «балдағы». Қарудың маңызды бөлігі болғандықтан, балдақты алтындап, күмістеп, асыл тастармен әшекейлеген. Сақ, скиф, түркі, қыпшақтардың әр заманда қолданған сапы, семсер, қылыштарының балдақтары әр түрлі. Қылыштың болатының түзу бөлігі – «алқымы», кесуге қолданатын бөлігі – «басы», кесетін жері – «ұшы». Кейбір қылыштардың басы ауыр болу үшін жалпайыңқырап келіп, сырт жағы шығыңқы болады. Оны «жалманы» дейді.

Жүзі қысқа кесу қаруының бір түрі – қанжар деп аталады. Ол шайқаста атты жауынгердің қосымша құралы қызметін атқарған. Бұл пышақ қазақтың ұлттық костюмінің ажырамас бөлігіне айналып, ерлердің «кісе белдігіндегі» қынапта үнемі пышақ жүретін болған. Қынап пен оның белдікке тағатын ілмегі кестеленіп, металмен безендірілген.

Шоқпарласу қаруы. Сойыл түрінде ағаштан жасалатын ауыр «шоқпар» қарудың ең көне түрі болып табылады. Кейде шоқпарға металл шынжыр немесе үшкір темір тығылады. Шоқпарласу қаруының екінші түрі – басы металдан құйылған "гүрзі шоқпар" деп аталады. Келесі үшінші түрі – «бұздыған» деп аталған. Бұздыған — басы алты не сегіз қырлы (әр қырының арасы тілімделіп ойылады) болып келетін, темірден жасалатын шоқпардың жеңіл түрі. Соғу қаруының төртінші түрі – «босмойын» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, босмойынның басы иілгіш келеді. Шоқпардың басы сабына қайыс немесе шынжыр арқылы бекітіледі. Мұндай шоқпарлардың басы ағаштан, тастан немесе металдан жасалған.

Түйреу қаруы. Қазақта екі түрлі түйреу қаруы болған. Біріншісі найза болса, екіншісі сүңгі деп аталған. Ұшы жалпақ болып келетін түйреу қаруын қазақтар «найза» деп атаған. Ұшы қырлы ұзын қылыш «сүңгі» делінген. Қарсылас сауытының тас-талқанын шығара алатын қару ретінде қолданылады. Қазақ батырлары найза мен қайың найзаға: мойшақ, ту, жалауша, шашақ сынды белгі таққан. Ту – жалпы әскердің белгісі, мойшақ - әскербасының таңбасы болды. Түрлі-түсті жалаушалар әскери жасақтардың бір-бірін тануы үшін қажет болса, аттың жалынан немесе жібек баудан жасалған шашақтар батырлықтың нышаны саналды. 

Балталасу қаруы. Ертедегі қазақтардың негізгі деген төрт балталасу қаруы болған. Олардың жарақаттау қабілеті мен пішіні жағынан айтарлықтай ерекшелігі бар. Бұл қарудың бір түрі «балта». Оның жүзі орташа болып келеді. Жүзі ай пішіндес әрі енді болып келетін балтаны қазақтар «айбалта» деп атаған. Жүзі сына тәріздес болып келетін қару «шақан» деп аталған. Бірақ, қазақ батырлары соғыста балтаның төртінші түрі – жарты айбалтаны көп қолданған. Кәдімгі балта, айбалта мен шақанның қасиеттерін біріктіру арқылы жасалған айбалтаның басы балға пішіндес болады. Қазақ балтасының сабы кейде металмен көмкеріліп, былғарымен қапталады. Жауынгер балтасы сабының ұзындығына қарап: ұзын сапты, орташа сапты және сабы қысқа балта деп үшке бөлінген. Қазақтар сабының ұзындығы орташа болып келетін балтаны кеңінен қолданған. Ал, қысқа сапты балталарды әдетте белдікке қыстырып жүретін болған. Ұзын сапты айбалтаны хан сарайын немесе қорған қақпасын күзететін жауынгерлер ұстады.

Қазақ батырлары қаруды шебер түрде пайдалану үшін жан-жақты меңгеріп, халық арасында жекпе-жектерге шығатын еді. Әсіресе жекпе-жектер 22 наурыз мейрамында дүркіреп өтетін болған. Белгілі бір қаруды жетік меңгерген жауынгерлерден найзагерлер, семсершілер, садақшылар, айбалташылар жасағы құрылған.

Суреттер: kerekinfo.kz, adyrna.kz, beskaru.kz 

a. aaa