- Негізгі бет
- НАУРЫЗ 2012
- 22 наурыз. Атты...
22 наурыз. Атты бәйгеге дайындау
Күліп жеткен 22 наурыз. Күлік дайындаған қыр қазағы. Наурыз қарсаңында қызықтан құр қалғысы келмейтін ағайын. Үй ішіндегі ән мен күй, айтыс өнері. Сыртта думанға толы ат жарысы, көкпар. Бәрі қосылып 22 наурыз мерекесінің өзіндік бояуына бояу қоса түседі. Ай бұрын суытылып, жыл бұрын бапталған сәйгүліктердің аламанға түсер сәті. Бағы мен бабы келіскеннің мерейі үстем болатын кез. Атты дұрыс жаратудың арқасында болатын үлкен қуаныштар.
Қолға үйретілген жылқы туралы ең алғашқы дерек біздің жыл санауымызға дейінгі үшінші мыңжылдықта кездеседі. Содан бері адамзат баласының жылқысыз күні өткен емес. Қазір де солай.
Жылқы малын баптау үшін әркім әртүрлі айла-шарғы ұстанған. Мәселен, еті бар атты бабына түсіру үшін 15-20 күн кеткен. Күнде 15-20 шақырым жүріп келіп, 5-6 күнде бір таң асып отыратын жылқы қалаған бабына келе алған. Алайда сәйгүліктердің де күй таңдайтын кезі болған. Бірі тоқжарау күйінде, енді бірі жеңілдеп жарағанда жақсы шабады екен.
Атты жарату үшін арнайы адамдар болған. Олар жүйрік атты жазды күндері еркіне қоя беріп, күндіз үш уақыт биенің сүтін сімірткен. Күні бойы мама ағашқа байлап қоятын болған. Бәйгеге бір күн қалғанда терін алып отырған. Ол дегеніміз тымық ауа кезінде аттың үстін текеметпен, алашамен жауып тастайтын болған. Үстіне салмағы ауыр ауыл жігітінің бірін отырғызып, қас-қарайғанша жүретін болған. Ат болдырды деген кезде суға бөктірілген үш-төрт қос уыс ақ сұлы беріп таң асырған. Содан соң таңғы шыққа шығаратын болған. Жылқы таң мезгілінде азғана жегізумен тоқтатқан. Және суды да көп ішкізбеген. Бір-екі рет қана аузын шайқап, көк құрақтан орып жіберіп әкелетін болған. Сөйтіп кеш бойына дейін мама ағашта қаңтарулы тұрған.
Қай кезде де ат суытудың үш мезгілі болған. Ол аттың арық-семіздігіне байланысты болған. Кеш мезгіліндегі отқа қоюды- қазансуыт, таңға жуық жіберуді-таңасыру деген. Дұрыс суымаған жағдайда аттың арқасы ісіп, жадап кеткен.
Нағыз мамандар сәйгүлікті жыл бойы баптаған. Қыстай көк жоңышқа, ақ сұлыға салып, қарнын толтырып, семіртіп алған. Содан соң көктемгі қар суымен біраз күн өріске жіберіп, сары шөпке жайып алған. Тек қара етін қалдыруға тырысқан. Іш майы мен қазысын жеңілдеткен. Жылқының шапқан кезде іші қызбауы үшін. Сөйтіп, 22 наурыз немесе үлкен тойларда бақтарын сынап отырған.
Суреттер: guvercinbirligi.comadrika2010.5mp.eu
Л. Лига