Бүгін – Амал мерекесі (Көрісу күні)

Бүгін – Амал мерекесі (Көрісу күні)

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, 
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып... 

Абай

Қазақстанның батыс өңірінде әз Наурыз 14 наурыз – Көрісу мерекесімен (Амал мерекесі деп те атайды) басталады. Көрісу күні ресми мейрам ретінде мойындалмаса да, батыс жұртшылығы бұл күнді асыға күтеді.

Осы бір айтулы күннің тек Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында ғана тойланып, республикамыздың барлық өңіріне жайылып, кең таралмай жатқаны себепті, біз көрісу күні не істеу керек, мейрамды қалай атап өту керек деген сұрақтарға жауап беруді жөн көрдік. 

  • Көрісу күнінде жасы кіші адам жасы үлкен адамның үйіне барып көрісіп шығады. Міндетті түрде кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар. Әсіресе құдайы көршіге алдыңғы ретте кіріп шыққан жөн.
  • Көрісе отырып, бір-біріне "Бір жасыңмен!", "Жасың құтты болсын!", "Жасың қайырлы болсын!" деп айту керек. 
  • Адамдар үй ішін жуып, тазалап, ауланы да ретке келтіріп қояды. 
  • 14 наурыз күні таң біліне бастағанда ешкім ұйықтап жатпауы керек. Әсіресе, қарты бар үйлер оянып, көрісіп шығатын адамдарды күтіп отырады. 
  • Міндетті түрде әр үй дастарханын толтырып, бар тәттісін қойып, бауырсақ, жеті шелпек пісіреді.
  • Көрісу күніне ешкім арнайы шақырылмайды, жайылған дастархан жиылмайды. Адамдар бір-біріне түске дейін көрісіп шығуға тырысады. Түске дейін нағыз мейрам сезіледі. Ал кешігіп қалғандар болса, біртіндеп кешке дейін келе беруіне болады. 
  • Көрісе келген адамдар (көбіне кішкентай балақайлар) көрісіп шыққан үйінің дастарханынан дәм алып кетеді. 
  • Адамдар жаңа не таза киім киеді. 
  • Өкпе-ренішті ұмытып, көрісу күнінде адамдар бір-бірімен табысады. 
  • Көрісе шыққан адамды қабақ шытпай көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алып, дастарханға шақырады. 
  • Біреуден қарыз алған болса, қарызын осы күнге дейін иесіне беріп тастауға тырысады. 
  • Көрісу күнінің рәсімі бойынша, ер адамдар құшақтасып, төс түйістіреді, әйелдер болса, құшақтасып, беттерінен сүйіп, көріседі. Тек келіндердің аталарымен және қайынағаларымен көрісулеріне болмайды деген ырым бар. 
  • Бұл күні ешкім ешкімге ренжімей, жайдары жүру керек. 
  • Көрісуге келмеген адамға "Көрісіп шықпады" деп реніш білдіру орынды саналады. 

Ендеше, береке мен бірліктің мейрамы Көрісу күні құтты болсын! Бір жастарыңызбен! 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: thenews.kz, amu.kz 

М. Оңғарова