- Негізгі бет
- НАУРЫЗ 2013
- 22 наурыз мерекесі...
22 наурыз мерекесі қалай тойланады?
Наурыз мерекесінің пайда болуы жайлы әркім әртүрлі дерек айтады. Біреулер Сүлейменнің жүзігі табылған күн десе, Иран аңыздарында адамзаттың отты пайдалана білген сәтін Наурыз деп атаған деседі. Адамзат емес, бір ғана түркі тайпаларында бұл күн жайлы аңыз да, ертегі де көп.
Түркі халықтарында жаңа жыл көктем мерекесімен бірге басталады. Яғни, 22 наурыз көктемнің алғашқы күні деп хатқа түсірілген. Түркі халықтарының өткен ғасырлардағы тарихшы ғалымдарының еңбектерінде Наурыз мерекесінің қалай тойланғаны жөнінде деректер бар. Махмұт Қашқаридің «Диуани Лұғат ат Түрік» атты әйгілі еңбегінде және Әбу Райхан Бейрунидің «Өткендегі бабалардан қалған мұралар» деген кітабында Наурыз тойы жөнінде айтылған. Орта Азияны аралаған ерте дәуірдің саяхатшы ғалымдарының еңбектерінде де түркі халықтарының Наурызды қалай тойлағаны жайында мәліметтерді кездестіруге болады. Мәселен, 922 жылы Орта Азияда болып қайтқан белгілі араб саяхатшысы ибн Фадлан көрген-білгендерін хатқа түсірген. Ол саяхатнамасында Орта Азия халықтарының Наурыз мейрамын тойлағанын келтіреді.
«Жалпы, көне дәуірде бұл күндері әр жерге үлкен от жағып, отқа май құйған; жаңа жеті дәнге қарап болашақты болжаған; жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «сумалақ» ұсынған; ескі киімдерін тастаған; ескірген шыны аяқты сындырған; 22 наурызға бір күн қалғанда, күл-қоқыстардан құтылған; бір-біріне гүл сыйлаған, үйге күн символын салу дәстүрі де болған. Бір сөзбен айтқанда, жаманат кетіп, мен де жаңарсам деген тілек. Халық бұл күнде жетім-жесір, жоқ-жітіктерге қол ұшын беріп көмектеседі. Олардың ұлы күнге сай шат-шадыман, көңілді жүруін қамтамасыз етуге тырысады» дейді философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов.
Ал қазақ ұлысы болып қалыптасқалы Наурыз тойы ешбір қазақ хандығында елеусіз қалған емес. Қайта қазақ ұлтының ең ұлы мерекесінің бірі болып тойланып келді. Және бұл туралы көптеген деректерді келтіруге болады. Жалпы «Самарқанның көк тасы еріген күн» қазақ даласы үшін құт-берекенің басы.
Ал қазіргі кезеңде 22 наурыз қалай тойланып жүр?! Наурыз десе, жұрт тек қана ішіп-жеу мен ас мәзірін ғана тілге тиек етеді. Одан қалса, атам қазақ Алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнап қарсы алған дейтін сыңар жақтылы көзқарас бар. Әрине, 22 наурызда бұл дәстүрлі ойындар мен ас-тағамдар тарихтан бері жалғасып келе жатыр. Дей тұрғанмен, біз Наурыз тойының ең басты ерекшелігін ұмытып бара жатқан сияқтымыз. Ол – қамқорлықтың, мейірімнің айы болған Наурызды ізгі тілек, ізетті қамқорлықпен қарсы алу еді. Бұл дегеніміз ошақтың үш бұтындай болған ұлыстың кем-кетігін толтыру, аш-жалаңашын тойындыру еді. Әз Наурыз мерекесін тойлап, дәл осы күні үлкен қайырымдылықпен айналысып жатқан қазақ бар ма қазір?! Ескі жылдан қалған сарқытты сарқып ішіп, жаңа жылға жаңа тебінмен жетер бабалар мұрасын қазір кім ұстанып жатыр?! Ұлы мейірімділіктің айын біз дұрыс бағытта тойлай білсек екен!
Тәуелсіз елімізде жылан жылы енді туып келеді. Жыл басы 22 наурыз құт-береке әкелсін.
Алшын Матай
Сурет: mehmetozbal.com, animation.kz
Қ. Қауымбек