- Негізгі бет
- 15 сәуір 2017
- Махаббат – сегіз...
Махаббат – сегіз әріп, бір арман (шығарма)
Махаббат – адамзат баласының жан дүниесіндегі ең ұлы сезім. Оны сөзбен суреттеу және біреуге жеткізу мүмкін емес. Себебі ол сөзден де ұлы, суреттеуден де ерекше қасиет. Оның бойындағы бойтұмары шексіз әлем. Өлшемі жоқ. Өлшеусіз.
Абайдың «ғашықтың тілі – тілсіз тіл» дейтіні бекер емес. Махаббат он екі мүшеңізге, сегіз түйсігіңізге сіңген, санаңыз бен көңіліңізге ұялап алған, жүректен орын алып, кеудені шатыққа толтыратын, сізге бағына тұрып, бағынбай кететін ерке сезім.
Махаббат – сегіз әріп, бір арман. Иә, оның қиял екені анық. Ол – арман. Себебі бәрінің ең ақырында аңсайтыны осы сөз, осы сезім, осы дүние. Бәрінен бас тартуға болса да махаббаттан бас тарту адамның адамдығынан безуімен бірдей. Оның арман болып қалуы, орындалғанша тағатсыз сағаттарды, айларды, жылдарды талап ететіні сондықтан болар.
Махаббатсыз дүниенің бос екенін біліңіз. Адам махаббатсыз өмір сүре алмайды. Өйткені ол сүю керек, жақсы көру керек, сезіну керек, бауыр басу керек. Кеудесінен жаны шығып кеткенше махаббат оның серігі. Тіпті біз білмейтін махаббаттың шексіз әрі мәңгілік әлемі де болуы мүмкін. Ол туралы әлі ешкім ештеңе деп көрген жоқ. Бірақ бар екені ақиқат.
Қол ұстасып жүрген сүйіктіңізді, жарыңызды, еріңізді сүйіңіз. Одан асқан бақыт бар ма?! Екеуара тұтанып барып, сөнбей жанып тұратын от – махаббат. Махаббат ешқашан көптік етпейді. Ол көп болған сайын сіз кем болмайсыз. Ол шабыт алып асқақтаған сайын, сіз сүйіспеншіліктің шыңына жетесіз. Ол шарықтап көкке ұмтылған сайын, сіздің мәртебеңіз де өседі. Ол қолыңыздан жетектеп сүйрей кетсе, тоқтап қалмаңыз. Сізге таңсық болса да, артынан еріңіз. Өйткені ол адастырмайды. Адастырған күннің өзінде оның қателігі де махаббат.
Мұхтар Шаханов өзінің бір өлеңінде былай дейді: «Жұбайлар бар әңгімесі таусылған, ал махаббат – таусылмайтын әңгіме».
Таусылатын әңгімелеріңіз болса да, таусылмайтын махаббаттарыңыз баянды болсын!