"Ғашықтар күні" неге 15 сәуірде тойланады?

"Ғашықтар күні" неге 15 сәуірде тойланады?

15 сәуір – ғашықтар мерекесі ретінде тойланып келеді. Жалпы Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бұл мереке жылдың бір күнінде аталып өтіп жатады. Елімізде бұл бастама 1999 жылы көтерілген болатын. Десе де соңғы жылдары ғана жастар арасында танымалдылыққа ие болуда.

Қос ғашықтың махаббаттарын ұғынып, мәңгілік махаббат иелерінің атына күн белгілеп, асыл сезімді дәріптеуді ұсынып, бастама көтерген Дархан Мыңбай болатын. Кейіннен бұл бастаманы қолдаушылар әр өңірден табылып жатты. Бірақ "қай күнге тойлау керек?" дегенге келгенде тосылып қалумен болды. Нәтижесінде әр өңірде әртүрлі тойлай бастады. Мысалы, Таразда 15 сәуір — «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күні, Семейде 11 наурыз — «Баян күні», тағы бір өңір «19 мамыр — «Қозы күні» деп аталсын» деп жан-жаққа тартты.

Бүгінде бұл мерекені тойлайтын күн де нақтыланып, жұрт жүрегінен орын алып келеді. Қолдаушылармен қатар, қарсы шыққандар да болды. 2011 жылғы қаңтарда Алматы қалалық мәдениет басқармасы, жастар саясаты басқармасы және әкімдіктің баспасөз қызметі қалалық шаралар жоспарына «Ұлттық ғашықтар күнін» енгізді. Одан кейінгі аралықта еліміздің әр өңірінде ғашықтар күні аталып өте бастады. Іс-шаралар ұйымдастырылып, телеарналардан бағдарламалар дайындалатын болды. Алайда "ғашықтар күні неге 15 сәуірде тойланады? Неге наурыз немесе мамыр айында емес, болмаса, неге бұл айдың 14-ін немесе 16-сын белгілемеске?" - деп сұрақ қоятындар да табылары анық. Ендеше жауап іздеп көрейік.

Қазақ халқының танымында көктем мезгілінің кереметі жоғары. Бұл бастаманы қолдаушылардың бірі Серік Абас-Шах айтпақшы, «көктем – күллі адамзат үшін сезімнің, шуақтың, шабыттың, яғни махаббаттың синонимі секілді». Ал сәуірде атап өтілуінің себебі, бұл айда бірде-бір елеулі мереке жоқ (ғарышкерлер күні бүкілхалықтық сипатта тойланып жүрген жоқ). Сәуірдің 15-ші жұлдызының таңдалуының тағы бір себебі, бұл күн – көктемнің бел ортасы. Символдық жағынан көңілге қонымды.

Әрине, 15 сәуір елімізде мемлекеттік мерекелер санатына жатпайды. Ал Грузияда да дәл осы күні ғашықтар мерекесі аталып өтеді екен. Бұл елде ғашықтар мерекесі мемлекеттік көлемде сипат алған. Сонымен қатар, демалыс күні болып табылады.

Айта кетейік, ертеде қазақ халқында селт еткізер деген салт болған. Селт еткізер – көңілі қалаған бойжеткенге жас жігіттің ескерткіш сый-сияпат ұсынуы. Ол жігіттің ойын сезген сезімтал қыздар әрине «селк» ете қалады. Сондықтан да бұл сый "селт еткізер" деп аталған. Ғашықтар күнінде осындай бұрыннан келе жатқан салтымызды жаңғыртып, осы мерекенің дәстүрлі сыйлығын таныту мақсатында бастама жасаған болатынбыз. «Сүйіктіңе алма сыйла» бастамасын қолдайтын болсаңыздар, өз ойларыңызды білдіре отырыңыздар. Мереке құтты болсын!

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай