15 сәуір. Махаббат туралы үздік 5 кітап

15 сәуір. Махаббат туралы үздік 5 кітап

Massaget.kz порталы махаббат туралы жазылған үздік 5 кітапты тізіп көрді. 

Әзілхан Нұршайықов. "Махаббат қызық мол жылдар". 1970 жылы жарық көрген озық шығарма. Бұл шығармада соғыстан қайтқан әскер Ерболдың студенттік өмірі баяндалады. Басты кейіпкер 1945 жылдың 14 қарашасында Алматыдағы Қазақ университетінің студенті болып қабылданады. Көп қыздың ортасына түсіп, басы айналғандай күй кешкен Ерболға қыздар қызығушылық танытып, сұрақ қоя бастайды. Ербол қызарақтап, аузындағы сөзін әрең айтып тұрғанда, оны бұл ыңғайсыз күйден Меңтай есімді сұлу бойжеткен шығарып алады. Осылайша Меңтайға деген сезімі бірте-бірте туа бастайды. Бір күні Меңтайды жатақханасында ұйықтап жатқан жерінен көріп, "Қызыл көрпе" деген өлең жазады. 

Дәурен қайда маған оны сүйетін?..

Тым болмаса киімінің киетін,

Не сол көрпе астарының бір сабақ, 

Жібі болсам денесіне тиетін, - деп аяқталатын өлең шығарма жарық көрген соң, жастар жатқа оқитын өлеңге айналды. Ол өлеңді Меңтайдың бөлмесіндегі кітаптың арасына салып кетеді. Одан кейін "бауырыңмын, қарындасыңмын" деп отырған қызға ғашықтық өлеңін тастап кеткенім қай иттігім? Ертең Меңтайды қалай көремін, оның бетіне қалай қараймын?" деп үш күн сабаққа бармай қояды. Үш күннен кейін аудиторияға әрең кірген Ерболға Меңтайдың "Ағай, сіз ақын екенсіз, нағыз ақынсыз" деген сөзі екінші өмір сыйлағандай болып, жүрегі орнына түседі. Бұдан кейінгі оқиғалар одан да қызықты әрі қасіретті. Бұл – қазақтың ұятты махаббаты бейнеленген шығарма. Ең атақты махаббат кітабының біріне айналған шығарманы сіз де оқыңыз! 

Сәбит Мұқанов. "Мөлдір махаббат". Бұл роман да соғыстың ауыр кезеңінде бүр атқан мөлдір махаббатты бейнелейді. Бүркіт еркекшора өскен Бәтеспен алғаш рет танысқанда, оны Сыр бойында тұрған шағында бірер жыл қолында асыраған киіктің лағына ұқсатады. "Бәтестің мінез-құлығы сол киіктің лағына ұқсады: өз ырқым болмаса, басқалардың ырқына көнбейтін мені ол бұйдалы тайлақтай жетелеп, ойына алғанын орындатады да жүреді, мен оның ешбір бұйрығынан бас тарта алмаймын" деп келтіреді жазушы кейіпкердің күйін. "Бәтеспен бірге жүріп, бірге тұрған күндерде байқасам, мен оны жандай жақсы көруім, мысалы, шешенің баласын, ағаның қарындасын сүюі сияқты, күнәсіз сүюлердің біреуі сияқты емес, жігіттің қызды сүюіндей "күнәлі" сүюлердің біреуіне ұқсайды. Осылай сүюімді сезіне бастаған мен өзімнен өзім жүріп жатам да қысылам!" дейді Бүркіт тағы да. Одан кейін Бәтестің бетіне бір қарауға ұялады. Неткен ұятты махаббат! Неткен қадірлі, биік сезім! Бірақ Бәтес атастырылып қойған еді. Бүркіт пен Бәтестің алғаш рет сүйісіп тұрғанын бойжеткен атастырылған жақтың туысқаны көріп қойып, жағдай ушыға түседі... Ар жағын өзіңіз оқыңыз!

Ілияс Есенберлин. "Ғашықтар". Оқиға желісі туған күн кешіндегі таныстық пен екі жастың ортасындағы махаббаттан өрбиді. Мүсін өнерінің қыр-сырын жетік білетін жас жігіт өз қиялындағы аруды тапқандай болып қосылғанда, тағдыр оларды екіге бөліп жібереді. Қайта қосылуға жас жігіт барын салса да, сүйген қызы бәрібір өз таңдауынан бас тартпай, басқа қалаға көшіп кетеді. Араға қаншама уақыт салып, жас жігітке ауылда бірге өскен таныс қызы жолығады. Ұзақ уақыт бірін-бірі көрмей келген жастардың арасында белгісіз сезім пайда болады. Ұзап кетсе бірін-бірі сағынып, іздейтін күйге дейін жетеді. Тағы бір махаббаттың туып келе жатқанын аңғарған жас жігіт осы жолы сүйгенінен ешқашан айырылмауға бекінеді.

Бексұлтан Нұржекеев. "Бір өкініш, бір үміт". "Өз әйелімді сүйе тұрып, тағы басқаны ұмыта алмауым, тіпті, сағынуым; бала күннен бірге өскен досымды бар пейіліммен сыйлай тұрып, онымен қырғи қабақ жандармен де жылы сөйлесуім – осының бәрі не қылық, адамгершілік пе, екіжүзділік пе?". Осылайша ой толғатқан роман өз әйелін сүйе тұра, басқа әйелді ұмыта алмай жүрген кейіпкер жайында. Шеген мен Бүбіш, Шеген мен Шәзия махаббаты – өмірде болған, бола беретін тылсым сезім. "Барлық әрекетті жиып қойып, тек соны ойлай бергім келеді, ойлай бергім келеді" деп келтіреді жазушы кейіпкер сөзін. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары жарық көрген романды жастар жағы жарыса оқыған. 

Николай Раевский. "Джафар мен Джан". Жазушының бұл повесіндегі оқиғалар алыс Месопотамия жерінде халиф Гарун аль-Рашид тұсында өрбиді. Ертегі сюжеті, дәстүрлі-ертегі кейіпкерлері шынайылықпен астасқан. Джафар бақташы пен Джан патшайым арасындағы махаббат бейнеленген. Тұрпаты келіскен, ұзын бойлы бақташы Джафардың кешкілік әдемі әуенді сырнаймен ойнауы қыздың жүрегіне сезім отын жағады. Ежелгі Бағдат, Тигр, Евфрат өмірі, ежелгі славяндардың тұрмыс-тіршілігі тарихи деректермен беріліп, оқырманның қызығушылығын тудырды. 

Cурет: parajunkee.com

Ұқсас жазба:

15 сәуір. Мерекелік фильмдер

М. Оңғарова