- Негізгі бет
- 15 сәуір 2015
- 15 сәуір. Ғашықтардың...
15 сәуір. Ғашықтардың құрметіне қойылған әлем ескерткіштері
Махаббаттың бар екенін және оның мәңгі өмір сүретінін дәлелдейтін тарихи оқиғалар мен аңыздар жетерлік. Оларды танып білген адамның жүрегінде жылулықтың пайда болары сөзсіз. Әдетте ғашық болып көрмеген адам мұндай ертегілерге сене қоймайды. Ендеше төмендегі махаббат символдарымен таныс болайық.
1. Ромео мен Джульетта
Алғашқы жұп әлемге ең танымал махаббат хикаясын басынан өткерген италиялықтар болса керек. Ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің "Ромео мен Джульетта" трагедиясында суреттелетін тарихи шындығы бар оқиғаны қазіргі кезде білмейтіндер өте аз болса керек. Пьесаның арқасында Ромео мен Джульетта махаббаттың символына айналып үлгерді. Бұл екеуінің шынайы сезімі Италияның Верона қаласындағы бір-біріне қас болған екі жанұяның достасуына алып келеді. Олар айналасының қарсылығына қарамастан құпия түрде үйленіп, үлкен тәуекелге бас тігеді.
2. Махаббат қабырғасы
2000 жылдың 15 қазанында Францияның Париж қаласында "Махаббат қабырғасы" орнатылды. Аталған ескерткіш Монмарттағы Abbesses саябағының орталығында орналасқан. Шамамен 40 шаршы метрді алып жатқан жерде "Мен сені сүйемін" тіркесі әлемнің 311 тілінде жазылыпты. Бүгінде бұл Париждегі ғашықтарды қосатын негізгі мекенге айналған.
3. Енё мен Илона
Венгрияның Будапешт қаласынан алыс емес жердегі Секешфехервар мекенінде мәңгі махаббат қамалы бар. Бұл қамал Шығыс Еуропа аңыздарынан белгілі Енё Бори мен Илонаның сезімінің көрінісі болып табылады. Қамалдың сәулеті толығымен қос ғашыққа арналған. Оның ішіндегі суреттер мен жүректен шыққан сөздер барлығы аңыздың желісінен алшақтамайды. Қамалдың негізгі залында олардың ескерткіштері де бар. Илона мен Енё 50 жыл бірге бақытты өмір сүрген.
4. Шах-Жаһан мен Мумтаз Махал
Үндістанның Агра қаласындағы Тәж-Махал мавзолейін Ұлы моғолдар империясының патшасы Шах-Жаһан өз жұбайы Мумтаз Махалға арнап салдырады. Патша Мумтазды үнемі өзімен бірге ертіп жүретін болған. Онымен үнемі бірге болуды мақсат еткен. Олардың 14 перзенті болған. Соңғы нәресте туылғаннан кейін Мумтаз әлсіреп, патшаның қолында өмірден озады. Сосын Шах-Жаһан махаббатының белгісі ретінде Мумтазға арнап әлемдегі ең көркем мавзолейді салуға көшеді. Міне осылай Агра қаласының негізгі туристік орталығы Тәж-Махал құрылған.
5. Уинстон мен Джанет
Ұлыбританиядағы жүрекше тәріздес кейіпке енген ағаш махаббаттың көркіне айналған. Оның тарихы кез келген адамның жүрегіне әсер етері анық. Ұлыбританияда Уинстон және Джанет Хауз есімді ерлі-зайыптылар өмір сүріпті. Олар бір-бірін өте қатты сүйген екен. Джанет 1995 жылы өмірден озғаннан кейін, Уинстон жүрекше тәрізді кейіпті келтіру үшін 6000 емен отырғызады. Ол Джанетті бірге болу үшін осы емендердің алдына үнемі келіп отырған екен.
6. Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу
Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында Қозы Көрпеш пен Баян Сұлуға арналған ескерткіш бар. Ескерткіш «Жастар» саябағында орналасқан. Мүсінді орнату үшін демеушілердің қолдауымен саябақ толық жөнделіп, абаттандыру жасалған.
7. Али мен Нино
Грузияның Батуми қаласында "Али мен Нино" есімді ғашықтарға арналған ескерткіш бар. Жеті метірлік махаббат ескерткіші әзірбайжан жігітінің грузин қызына деген сезімінің арқасында пайда болған. Бір қызығы жігіт пен қыздың сұлбасы әр 10 минут сайын өзгеріп, бір-біріне жақындай түседі. Соңында біріне-бірі еніп кетеді де, сосын қайта айырылысады. Ескерткіштің авторы анонимді түрде қалуды жөн көріпті.
8. Теңізші мен медбике
АҚШ-тың Сан-Диего қаласында ғашықтарға арналған ескерткіш салынған. Автор екінші дүниежүзілік соғыстан аман қайтып, қайта қауышқан теңізші мен медбикенің махаббатын көрсетуге тырысқан. Олар 1945 жылы 14 тамызда Нью-Йорктің Таймс-Сквер алаңына кездеседі.
9. Қос ғашықтар мүсіні
Астана қаласындағы қоладан жасалған қос ғашықтың мүсіні мәңгілік махаббат символын сипаттайды. Бұл орталықта орналасқан еліміздің бас қаласы тұрғындарының сүйікті мекендерінің бірі. Бүгінде ғашықтардың жиі кездесетін мекеніне айналған.
Сурет: bruchwiese.livejournal.com
Ж. Өрісбай