15 сәуір. Қыздың жігітке сөз айтуы дұрыс па?

15 сәуір. Қыздың жігітке сөз айтуы дұрыс па?

Ғашық болу қыз атаулыға да тән сезім. Тамылжыған күндердің бірінде жүрегіңді жаулап алатын сері жігіт пайда болады. Ол бәрінен сымбатты, ең ақылды, ең білімді, ең мықты, ең... ең... Алайда, сол қалаулымыз бізге сөз айтуға асықпайды. Әлбетте, мұның жауабын іздеп сергелдеңге түсесің. Бәлкім, жағдайды өз қолыңа алу керек шығар? Өз намысыңды таптатпай, ыңғайсыз болмайтындай, ақымақ боп көрінбейтіндей, сүйетініңді жігітке қалай жеткізуге болады? Жалпы, қыздың бірінші сөз айтқаны дұрыс па? Өйткені, дәстүр бойынша, ең алғаш қызға жігіт сөз салу керек емес пе еді?

Жалпы қыз жігітке сезімін білдіруі керек пе, бұл сұраққа жауап беру үшін жігіттің қылығына назар аударған дұрыс. Жігіттің кездесулерде үндемей қайтуына мынадай себептер болуы мүмкін:

  • Табиғатынан өте ұялшақ, жасқаншақ жігіттер болады. Оларға осы көп күттірген «Мен сені сүйемінді» айту – жауға қарсы шығумен пара-пар;
  • Жас жігіт құрбысына сөз айтамын деп, оны алыстатып аламын деп қорқады;
  • Бетім қайтып қала ма деп сезімін айтпайды;
  • Жігіт сөзден бұрын, іске көп назар аударып, іспен дәлелдегісі келеді;
  • Қыздың ұнатып қалғаны жайлы ишарасын күтіп жүрген болуы мүмкін;
  • Жас жігіт сөз салуға дайын емес;
  • Сүйетін, сүймейтініне сенімді емес;
  • Сөз айтпайды, өйткені расында ол қызды жақсы көрмейді.

Ал енді осы пиғылдарын саралай келе, қыздың сөз айту-айтпау керектігін сараптап көрейік:

  1. Бірінші нұсқа. Егер жігіт табиғатынан ұяң болса, жақын арада одан «Мен сені сүйемінді» естуіңіз екіталай. Сондықтан оны осыған итермелеп жіберу керек. Мұндай жігіттер ғашығымен жылдап кездесіп жүрсе де, осы үш сөзді айтуға батылы жетпеуі мүмкін. Сол себепті өзіңіз бірінші сезім білдірсеңіз, әбден болады. Бұл пиғылыңыз тіпті оны қанаттандырып жіберуі де мүмкін.
  2. Екінші нұсқа. Бұл тұста жігітіңіздің сізге деген көңілі үлбіреп тұрса, немесе өзіне сенімсіздіктен сүйетінін айтуға қорқуы мүмкін. Мұны естіп, қашып кетсеңіз не болмақ деп бас қатырып жүрген болса, сезіміңізді жеткізіңіз. Осы кезде сіз тек оған жәрдемші бола кетесіз.
  3. Үшінші нұсқа. Бір кездері сүйгенінен «Жоқ» дегенді естіген ол тағы сондай күйді кешемін деп қорқуы мүмкін. «Аузы күйген үрлеп ішер» деген, егер сүйіктіңізден осындай пиғыл байқасаңыз, сөз салып, өзіңіз қадам жасаңыз.
  4. Төртінші нұсқа. Жас жігіт махаббатының куәсі ретінде оның сөздері емес, істері дәлел дегенге сенеді. Молынша қамқорлық көрсетіп, сый тартып, жанында жүрсем, сол жеткілікті деп ойлайды. Ал қыздарға сол ғажайып үш сөзді есту маңызды. Сондықтан өз сезіміңді жеткізіп, оның жауабын білуге болады.
  5. Бесінші нұсқа. Қыздың ишарасын күтіп жүрген болса, қадам жасаудан қорықпаңыз. Бірақ кейін ол еш ымсыз-ақ өзі сезім білдіретіндей болсын.
  6. Алтыншы нұсқа. Жігіт сөз айтуға дайын емес болғаны, яғни қалай дұрыс істеудің амалын білмеуі мүмкін. Өзіңіз сөз айтыңыз. Бірақ ол бұл жаңалыққа не дерін білмей қалатын нюансты естен шығармаңыз. Сондықтан жауабы да түсініксіз болуы мүмкін. Ештеңе етпейді. Уақыт беріңіз. Өз-өзіне келсін.
  7. Жетінші нұсқа. Егер жігіт сүйетін, не сүймейтініне сенімсіз болса, «Мен сені сүйемін» деудің еш сөлекеттігі жоқ. Бірақ мұндай жағдайда жауап беруге асықтыруға болмайды. Және ол өз сезімін түсініп алу үшін, біраз уақыт бергеніңіз де дұрыс.
  8. Сегізінші нұсқа. Егер сүйген жігітіңіз сезім жайлы айтудан қашқақтап, жалпы сізді сүймейтіні анық болса, бәрібір сезіміңізді жеткізіңіз. Әрине, жауап сізді қанағаттандырмайды, бірақ бұл бәрін орын-орнына қойып береді. Сезіміңіздің жауапсыз екеніне көндігесіз. Және біраз саябырсып қаласыз. Бұл бүгінгі мұң ғой. Ертең бәрі өзгеруі мүмкін. Сіздің сөзіңіз жігітті ойландырып, сізге басқаша көзбен қарауға септігін тигізеді. Ал бұның немен аяқталары әлі белгісіз емес пе?

Сонымен, осы нұсқалардың бәрін талқылай келе, өз сезіміңді бірінші жеткізуге болатынын білдік, кейбір жағдайларда тіпті керек те екен. Ал енді оған әсер ете алатындай сөз салуды қалай ұйымдастырған жөн? Ол туралы келесі материалда.

Суреттер: facebook.com

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina