- Негізгі бет
- 15 сәуір 2014
- 15 Сәуір. Қашықта...
15 Сәуір. Қашықта жүрген қос ғашық
Дәл қазір... тек басқа қалада,
Сен жайлы ойланды бір адам.
Ерлан Жүніс
Жүректері бірге соқса да, тағдырдың жазуымен екі жақта ғұмыр кешіп жүрген ғашықтар қаншама. Олардың арасын жүздеген, мыңдаған шақырымдар бөліп жатыр. Олар әр күн сайын махаббаттың тәтті азабын басынан кешіреді. Кіршіксіз сезімдері кеудеде бүлкіл қағып, келер күннен тек жақсылықтар тосады. ...Өзге бір қалада. Үмітін алданыш қып, кездесер күнді асыға күтумен болады. Әлдебір мұңға батып, жасқа толы жанарымен жолға қарап телміре түседі. Бәлкім олар жалғыздығын жанына ертіп ап, сағыныш атты көшеде үнсіз серуендеуге шығады. Бір-бірін аңсаған екі жүрек ертеңгі күннің екеуі үшін шаттыққа, бақытқа толы боларына шын сенеді. Себебі, сенім - шынайы махаббаттың кепілі.
Бүгін сіздерге алыстағы сезім жүгін арқалаған қаншама ғашықтардың бір кейіпкері ретінде, туған елден шалғайда білім алып жатқан Молдажанов Ербол өз махаббаты жайында сыр шертеді:
Махаббат
«Махабатсыз дүние бос», - деп Абай атамыз бекер айтпаса керек. Менің түсінігімде Махаббат деген адалдық, сенімділік, сыйластық, сүйіспеншілік сияқты керемет қасиеттерден тұратын ғаламат сезім. Десе де, махаббатқа бір-екі ауыз сөзбен нақты анықтама беру мүмкін емес. Махаббатты әркім әрқалай түсінеді. Меніңше, Махаббаттың ең қиыны – бір жақты яғни, жауапсыз махаббат. Ал ең жақсысы һәм жасампазы – екі жүректің бір-бірін сүюі. Оны біз «екі өзеннің бір арнаға тоғысуы» деп атасақ болатындай. Бір-біріне еркелей аққан қос өзен одан әрі бағыты арман-мақсаты, ағысы тоғысып, бір үлкен өзенге айнала түсері анық».
Қашықтықтағы ғашықтық
«Осы ретте қашықтықтағы махабат туралы не айтуға болады? «Махаббатқа арақашықтықтың әсері желдің отқа әсері секілді, әлсізін өшіреді, күштісін өршітеді» деген сөз меніңше өте дәл айтылған. Кейде осы сөздің байыбына барып, астарына үңілмей жатып, «көзден кетсе көңілден кетеді» деп, оттың неге әлсіз болғанын ескермей, тек қана сынақ боп соққан желге мән беріп жатамыз. Негізінен бұл жағдайдың себебін желден емес, оттан сұраған жөн шығар... Біздің сезіміміз қаншалықты шынайы болса, арадағы қашықтық оны соншалықты күшейте түседі. Мен қызым (Алла қаласа болашақ жарым) Гүлжанармен қол ұстастасып бірге жүргелі жарты жылдан асты. Әрине мен оны одан бұрын да жақсы білетінмін. Осы аралықта алғаш қашықтықтағы махаббаттың қиындығын, Жапырағым қысқы емтиханнан кейін бір айлық демалысқа үйіне (Атырауға) кеткенде сезіндім. Бір айымыз бір жылдай болды. Бірақ сол азғантай уақыт бүгінгі алты ай алысқа кеткен күндеріме дайындық екенін сол кезде білмеген екенмін. Қазір міне, Анкара қаласында оқып жүрмін. Әлеуметтік желісі, қалта телефоны бар ХХІ ғасырға үлкен рақмет. Әйтеуір, Жапырағыммен Құдайдың құтты күні сөйлесеміз, хал сұрасамыз».
Сағыныш
«Бір шетінен қиындау... Алыста тұрып алты сағат сөйлескенің жаныңда тұрып жанарына бір қараған сәтіңдей болмайды. Ең бірінші нәрсе – сағыну. Сағынбағанда қайтесің, айналаңдағы әр нәрсе оны еске салып тұрады. Жүрсең, тұрсаң, отырсаң ойыңда болады. Жүрегіңнің жартысы алыста қалғанын сезінгенде жаныңды қоярға жер таппай кетесің. Сезімің атша тулап, көңілің құлазып, кеудең қаңырап біртүрлі күй кешесің. Соңында сабырға бой алдырып, ақырындап көнесің. Бір жақсысы бұрын байыбына бармаған нәрселеріңнің қадірін түсінесің. Мысалы, бір күні түс көріп жатырмын: түсімде ҚазҰУ қалашығының ішінде Жапырағыммен қыдырып жүр екенбіз. Ол маған былдырлап бірдеңелерді айтып, мені айналып назды қылығымен еркелеп жүр екен. Менің қуанышымда шек жоқ. Сағынғаным соншалықты бір ауыз сөз айтпай, тек оны тыңдай беріппін. «Көке, неге үндемейсіз?» дегенде, абдырағаннан ауызға сөз түспей қойды. Енді оқталып бірдеңе айта бергенде, құрғыр «будильнигім» шыр ете қалып, оянып кеттім. «Сағындым сені» деген сөздің жартысын ұйқылы-ояу күйімде айттым. Сағатыма қарасам сабақ басталар уақыт та таяп қалыпты. Дәл қазір тұрмасам кешігемін. Бірақ мен сол ұйқылы-ояу күйімше телефонымды өшіре сала, қайта көзімді жұмдым. Сондағы бар ойым, Жапырағыммен түсімде қайтадан кездессем, қол ұстасып қыдырсам, айтқанын тындап, ішімдегіні ақтарсам. Бір қарағанда күлкілі, өйткені, ол менің түсім екенін біле тұра жалғастырғым келеді. Екінші жағынан, сағыныш жетегіндегі көңіл тізгін берер емес. Мүмкін, мен оның жанында болсам, бұл сезімнің дәмін татпас па едім?»
«Мінеки, қашықтықтағы сезім осылай әр нәрседен, әр сәттен ләззәт алуды, барыңды бағалап, қолдағы бар алтынның қадірін білуді үйретеді. Бұл жерде арадағы бөліп тұрған мыңдаған шақырымның қаншалықты алыс болғаны емес, ең маңыздысы дүрсілдеп соққан жүректердің алыстамауы. Осындайда бір-бірін аңсаған жүректер жараланбай, тұнық сезімдер лайланбаса дейсің».
Сөз соңы
«Менің ойымша ғашық жандар қашықтықтағы махаббаттың ыстығына күйіп, суығына төзіп осындай бір тылсым сезімді бастан өткізіп көру керек сияқты. Егер ғашықтар бір-бірін шын жүрегімен жақсы көрсе, бұл тек оң нәтижесін береді. Ол үшін ең бірінші үлкен сенім, темірдей төзім керек. «Ғашықтықпен өткен күндер ғана — өмір, ал қалғаны – жай күндер», - деген емес пе?! Сүйгеніңнен алыста өтіп жатқан күндер кім үшін және не үшін өмір сүріп жатқаныңды сезіндіре түсетіндей. Ол сенен қаншалықты алыс болса, соншалықты жақын екенін ұғасың. Жарым жүрек өз сыңарын іздейді, жабығасың, сарсаңға түсіп сағынасың. Сол сағыныштың артында ертең кездесер күннің тұрғанын, баяғыдай қол ұстасып, осы күндерді естелік қып айтып отыратыныңды ойласаң, жабырқаған жүдеу көңіл жайқалып шыға келеді. Менің ішімдегі алау сезім, от жүрек, қарсы алдымнан толассыз соққан бұл желге қасқайып тұрып қарсы алатынына сенеді. Себебі, ол сезім екі жүректің шынайы, іңкәр махаббатынан тұтанған».
P.S. «Жүрегіңді сақта,
Жүрегімді сақта»
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: жеке мұрағаттан
Н. Айдархан