- Негізгі бет
- 15 СӘУІР - 2012
- Ғашықтар күніне романтикалық...
Ғашықтар күніне романтикалық кешкі ас
Сүйкімді сұлулар, ғашықтар күнінде жігітіме не берем деп он ойланып, тоқсан толғанып жүрген шығарсыздар. Біздің ұсынысымыз - "Жігіттің жүрегіне асқазаны арқылы жетесің" демекші, бұл күні өз Қозыңызға романтикалық кешкі ас ұйымдастырыңыз! Өз қолыңызбен әзірленген тарту жігітіңізді әлдеқайда сүйсіндірері анық.
Бұл кешкі астың мәзірі ерекше болуы тиіс. Алайда оның жеңіл болуы да керек. Көп уақытты талап ететін, әзірленуі қиын астарды істеп, шаршап, кеш бойы ұйқыны ғана тілеп отыруыңыз мүмкін.
Ендеше, кешкі астың мәзірі:
- Оңай болуы тиіс. Айтып өткеніміздей, күні бойы тағам дайындап, өзіңізді сәндеуге, сондай-ақ мерекені жақсылап тойлауға еш күшіңіз қалмай жүрмесін.
- Тойымды болуы керек. Ойлаңызшы, сіз бұл жексенбіні ас үйде тамақ әзірлеумен өткізесіз. Ал сүйіктіңіз осы күннің бірінші жартысын, сірә, дүкендерде сізге сыйлық іздеумен өткізетін болар. Екеуіңіздің де қарныңыз аш, бірден романтикалық кешкі асқа бас саласыздар. Сондықтан да жасаған тағамыңыздың тойымды болғаны дұрыс.
- Жеңіл болғаны дұрыс. Ет асып, не манты істеу сіздің керемет болашақ келін екеніңізді көрсетсе де, бұл кешке тым артық болар. Екеуіңіз аш қарынға желінген еттен кейін, қарындарыңызды көтере алмай қалуларыңыз ғажап емес. Бұл бүгінгі кештің жалғасына онша да келмейді. Жақсы тамақтан кейін, бір-біріңізге сыйлық сыйлап, кешкі қаланың көшелерімен қыдырып, ыстық сезім сөздерін естігіңіз келмей ме? Ендеше, етті ұмытыңыз.
- Мерекелік көңіл-күй беруі тиіс. Жігітіңізге алғаш беріп отырған асыңыз болса да, ол күнделікті тамақтардан ерекше, мерекелік болуы тиіс. Бұл кешті ұмытылмас қылу – сіздің қолыңызда.
Ғашықтар күнінің жаңа дәстүрі - 7 құрамдас бөлік қосылған бәліш. Бұндай тарту әлбетте жігіттің көңілін сізге аудара алатын ерекше сиқыры бар сыйлық болады. Сүйіктіңіздің сезімін одан әрі лаулату үшін осындай бәлішті істеп, ғашығыңызды таңғалдырыңыз!
С. А