- Негізгі бет
- Қаралы қаңтар
- "Тоқтама, атамын": Қаңтардағы...
"Тоқтама, атамын": Қаңтардағы тәртіпсіздік хронологиясы журналист көзімен
Қаңтар оқиғасы кезінде құқық қорғау органдарының, дәрігерлердің еңбегі зор болғаны белгілі. Бірақ осы қатарда еңбегі көрінбейтін тағы бір қызмет иелері болды. Олар - халыққа дер кезінде ақпарат таратқан журналистер. Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде Алматының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаевтың кортежіне де шабуыл жасалды, сол кезде "Алматы" телеарнасы қызеткерлерінің бірі қаза болған еді. Қаңтардағы дүрбелеңде халық арасында жүрген журналистерге де қауіп төнді. Massaget.kz тілшісі қаңтар оқиғасы кезінде тәртіпсіздіктер болған алаңнан репортаж жасаған журналист Бек Байтаспен сұхбаттасты.
3 қаңтар: "Аз адамнан құралған топ арасында митинг басталды"
Журналистің сөзінше, оқиға басталғаннан-ақ небір жайттың куәсі болыпты.
"Қаңтардың 3-інен бастап Алматының жер-жерінде митингілер бола бастады. Бірақ ол кезде жастар, төрт-бес адамнан құралған белсенділер митингіге шықты. Олардың саны аз болды. Сондықтан полиция дереу ұстап жатты. Бәрін көзбен көріп, мақала жазып отырдым", - дейді ол.
©REUTERS
4 қаңтар: "Артынша өзім де ұсталып кеттім"
Қалың нөпір арасында ақпарат жинап жүріп, оның өзі де ұсталып кетіпті. Кейін тергеу изоляторында отырып шыққан.
"Жылдың басында сайт бұғатталған еді. Содан кейін жұмыс істейтін алаң болмады, қайда жазарымызды білмедік. Кейін Telegram-ды қолға алдық. Ал 4 қаңтарда түсте Almaty Arena-да митинг болды. "18:00-де митинг басталады" деген ақпарат тарады. Мен алаңға 17:30-да келдім. Адамдар үстіне-үстіне қосыла берді. Almaty Arena-ға қарама-қарсы "Алмалы" деген тұрғын үй кешені бар. Соның ішіне кіріп, видео түсірдік. Кейін халық пен полицейлер арасында наразылық басталғанын көріп жүгіріп шықтым. Жақыннан түсіре бастадым. Ұсталғандарды түсірдім. Артынша өзім де ұсталып кеттім. Журналист деген куәлігім, баспасөз деген арнайы белгі барына қарамастан ұстап алып кетті. Алмалы аудандық ішкі істер бөлімінде 3-4 сағат отырып шықтым. Тергеушінің сұрақтарына жауап бердім", - дейді Бек Байтас.
Tengrinews.kz/Әлихан Сариев
5 қаңтар: "Оқ тиді"
Ал 5 қаңтарда тәртіпсіздік қызған шақта жарақат алыпты. Бұл оқиға Қарасай батыр мен Байтұрсынұлы көшелері қиылысында болыпты.
"5 қаңтарда таңертең жұмысқа бардық. Кеңседен шығып, Globus сауда үйіне бардым. "Сол жақта дүрбелең болып жатыр" деді. Бірақ ол жақта бәрі тыныш болды. Кейін атыс дауысы естілді. Сол бағытқа жүре бердім. Бұл Қарасай батыр мен Байтұрсынұлы көшелерінің қиылысы еді. Сол жерде үйлердің арасында жүрген адамдар мен жол үстіндегі полицейлер арасында қақтығыс болып жатты. Екі ортаға кірген кезде бетіме резеңке оқ тиді. Сол жерден шығып үлгердім. Бетім жараланды. Бірақ күні бойы жұмыс істедік. Тәуелсіздік монументі алаңында да жұмыс істедік. Бір минут та тоқтаған жоқпыз. Астымда көлік болды. 5 қаңтарда кешке қаланы қирату, өртеу, банкоматтарды тонау басталғанда, сол көріністің бәріне куә болдым. "Өліп кетемін-ау" деген жағдайлар болды", - деп еске алды ол.
Tengrinews.kz/Әлихан Сариев
Ол БАҚ өкілдеріне көшедегілер тиіспейді деп ойлаған. Осылайша, барлық оқиғаның бел ортасында жүрген.
"Басында "журналиске тиіседі" деген ой болған жоқ. 5 қаңтардан бастап қауіпті сәттер басталды. Сол күні кешке Төле би мен Сейфуллин қиылысына көлікпен тоқтаған кезде қарсы беттен бір көлік тоқтады. Терезесін ашып, мылтық шығарды. Жүріп кеткен соң ғана атылды. Kaspi банкінің бөлімшесі тоналып жатқанын көріп, тоқтап түсіремін деп ойладым. Сол кезде біреу "тоқтама, атамын!" деп айғайлағаны бар. Тоқтадым, мылтық шығарды. Кетіп үлгердім. Ал Төле би-Өтеген батырға жеткен кезде 12 жастағы бала қайтыс болған атыстың ішінде жүріппін. Кейін уақытпен сәйкестендіріп қарадым. Сол жерге барған кезде оқ дауысы естілді. Басымызды бұғып көлік жүргіздік. Кейін әкімдік пен Президент резиденциясына барған кезде адамдар арасында ішіп алғандар да болды. Сол сәттер қауіпті болды", - дейді журналист былтырғы қанды қаңтарды есіне алып.
©REUTERS
Еске салайық, былтырғы жаппай тәртіпсіздік газға байланысты мәселеден шыққан еді. 2 қаңтарда Жаңаөзенде жиналған жұрт сұйытылған газ бағасын төмендетуді талап етті. Кейін басқа қалалар да осы үнге қосыла бастады. Соның қатарда Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Орал тұрғындары да болды. Осылайша, 4 қаңтарда Қазақстанның түкпір-түкпірінде наразылық акциялары өтті. Сондай-ақ, жаппай тәртіпсіздікке ұласқан оқиға салдарынан интернетте де ақау шықты.
Ал Бас прокуратурада Алматыда өткен жаппай тәртіпсіздік хронологиясын жасаған еді. Сол мәліметтерге сүйенсек, 4 қаңтарда сағат 18.00-ден 20.00-ге дейін "Алматы - Арена" спорт кешені мен "Халық-Арена" стадионы маңында жұрт жиналған. Сағат 21.00-де жиналған адамдар қала әкімдігіне қарай қозғала бастаған. Осылайша, олар Абай, Төле би көшелерімен жүріп келе жатып, адам қосып отырған. Тәртіпсіздікке қатысушылар 5 қаңтарда Әуезов ауданының Полиция басқармасының, Алмалы ауданының Полиция басқармасы мен бөлімінің әкімшілік ғимараттарын басып алуға тырысқан. Ал кешке қарулы шабуылшылар қаланың Полиция департаментінің ғимаратына шабуыл жасаған. Әкімдік пен Президент резиденциясына шабуыл кезінде қылмыскерлер атыс қаруын қолданудың қаупін түсінгенімен, ғимараттарға мақсатты түрде шабуыл жасаған.
Ал қаңтар оқиғасынан кейін тұрғындардың талабы орындалып, өңірлерде сұйытылған газ бағасы 50 теңгеге түсті. Сондай-ақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы болған Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары ұсталды. Өңірлерде әлі күнге қаңтар оқиғасына қатысты істер жүргізіліп жатыр. 2 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасау туралы заңға қол қойған. Бұл бойынша 1500-ға жуық адамға рақымшылық жасалатыны белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова