- Негізгі бет
- Қаралы қаңтар
- "Кішігірім соғыс болды"....
"Кішігірім соғыс болды". Айтылмаған әңгіме, шертілмеген сыр қаңтарда жарын жоғалтқан әйелдің аузынан
Бүкіл қазақ дүрліккеніне, біраз отбасы қара жамылғанына жыл толды. Сұхбатқа жүрексіне барсам да бастан өткен оқиғаны бүкпесіз айтып берген қазақ әйелінің қайсарлығына таңғалып қайттым. Ерінің шаңырағының түтінін түтеткен, ұрпағын жалғаған, қаңтардың қасіреті оңбай тиген әйелдің әңгімесі...
Былтыр 4 қаңтарда басталған жаппай тәртіпсіздіктің арты дәл осылай боларын ешкім күтпеген шығар. Біраз азамат ажал құшты. Соның қатарында режиссер, қазақ музыкасына, мәдениетіне соны леп әкелген Сәкен Битай да бар.
Massaget.kz тілшісі Қаңтар оқиғасында қайтыс болған Сәкен Битайдың жары Гүлбақыт Баекенова-Битаймен сұхбаттасып, оқиға қалай болғанын, жылға жуық уақытта не өзгергенін сұрады.
Сәкен де, Гүлбақыт та шығармашылық саласында жүрген жандар. Сондықтан іске адалдықты, жұмыстың уақытылы орындалуын құптайды. Сәкен Битайды оқиға болған күні офиске баруға итермелеген сол күш шығар...
"Таңғы хабар" бағдарламасы өте ерте басталады, сол күні таңғы төрт жарымда эфирге бардым. Бізді эфирден кейін "жұмыс бітті, осындай дүмпу болып жатыр, үйлеріңізге барғандарыңыз дұрыс" деп қайтарып жіберді. Мен үйге қайттым. Сәкен екеуміз екі жыл бұрын продакшн ашып, тендерге қатысып, мемлекеттік арналарға сериалдар, деректі жобалар жасап жүргенбіз. Irge деген продакшн. Мемлекеттік тапсырыспен роликтер алған едік. Ол соларды жасау үшін офиске кеткен. Күні бойы сол жақта болды. Екеумізде де интернет жоқ. Тек хабарласып, қайда екенімізді біліп отырдық. Сонда "офистемін, қазір қайтамын" деді. Кейін актерлер, өнер адамдары, спортшылар бірігіп, қарақшыларды тоқтатпақ болған. Мен хабарласып, оның қажеті жоғын, әркімнің өз жұмысы барын айттым. Ол өте намысшыл жігіт болды. Отанына деген махаббаты шексіз патриот болды. Патриот деген жай сөз емес, нағыз патриот болды", - дейді Сәкеннің жары.
Жеке архивтен
"Бір ата жылап тұрды"
Осылайша, жүрегі тыншымаған Гүлбақыт жарын үйге қайтаруды ұйғарған. Алайда қалаға шыққан ол небір сұмдықтың куәсі болыпты.
"Сәкенге хабарласып едім, "қарақшыларды тоқтатып жүрміз" деді. Мен бармасам оның қайтпайтынын біліп, қалаға шықтым. Назарбаев көшесімен төмен түскен кезде Назарбаев көшесі мен И.Ганди көшесі қиылысында бағдаршам бар. Сол жерде тұрған қарапайым халықтың көліктерін өзіміздің қазақ жігіттері полицияның дубинкасын, қалқандарын алып, көліктің үстіне мініп алып, қиратып жатқанын көрдім. Қарапайым халықтың не кінәсі бар? Неге қарапайым халықтың көлігі? Сонда бір ата жылап тұр. "Балам ауырып, ауруханаға бара жатырмын, айналайын, жіберші" десе, жібермейді. Менің көзімше көлігін талқандап тастады. Сол оқиғаны есіме алсам, денем түршігеді", - деп әңгімеледі Гүлбақыт Баекенова-Битай.
"Қаланың бәрі өртеніп жатты"
Сұмдық оқиға мұнымен бітпеген. Гүлбақыт та дәл осындай дүрбелең болып жатыр деп күтпеген.
"Сөйтіп, тағы бір қуыс көше бар. Сол көшемен басқа көшеге шығып кеттім. Әскерилер тұр екен. "Қай көше тыныш болып жатыр?" деп сұрадым, "Сейфуллин" деді. Сейфуллин көшесіне түстім, мүлде көлік жоқ, тек өртеніп жатқан көліктерді көрдім. Полицияның көлігі өртеніп жатыр. Сейфуллин мен Сәтбаев қиылысында, Қайнар университетінің алдында арық бар. Сол арыққа жедел жәрдем құлап кеткен екен. Адамдар соны шығара алмай жатыр. Қаланың бәрі өртеніп жатыр. Мен дәл сондай оқиға болып жатыр деп ойламадым", - дейді ол.
©Tengrinews.kz
"Бәрі өтірік деп жатыр, мен өз көзіммен көрдім..."
Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік барысында халық арасында түрлі қауесет, алып-қашпа әңгіме тарағаны жасырын емес. Соның бірі лаңкестерге қатысты.
"Мақсатым Сәкенді үйге алып қайту еді. Телефоны өшірулі тұр. Нақты қай жақта екенін білмеймін. Адамдардан қайда болып жатқанын сұрасам, "Төле биде" деді. Сөйтсем, ол кезде әкімшілік жақта да болып жатыр екен. Резиденция өртеніп жатыр екен. Мен одан бейхабармын. Төле биге түскен кезде алдымды қарақшылар жапты. Мен әрі қарай өте алмадым. Көліктен басымды шығарып, "жігіттер, өтіп кетейінші" деп өтініш айтып едім, жап-жас өзіміздің қазақ балалары көліктерді тоқтатып, өткізіп жіберді. Қазыбек биге келіп тоқтап, Сәкенге қайта хабарластым. Телефонын көтерді. "Үйге қарай келе жатырмын, сен де қайт" деді. Қайта көтеріліп келе жатсам, Абай мен Сейфуллин қиылысында ғана бағдаршам істеп тұр. Адамдар өтіп жатыр, мен әрең өттім... Абайға көтерілген кезде қасыма кішкентай Лада көлігі тоқтады. Қарап қалып едім, ішінде қазақ ұлты емес, 6-7 жігіт отыр екен. Терезелерін ашып алған. Алдында отырған кісінің қолында қару болды. Маған тесіліп қарады. "Мыналар көлігімді тоқтатып, алып қоятын шығар" деп ойладым. Өйткені менің көлігімде кім бар, кім жоғын қарап келе жатты", - деп еске алды ол.
©Tengrinews.kz
"Бәрі Тоқаевты айтып жатыр, "ешкім сырттан келген жоқ, өтірік, келсе қайда?" деп жатыр. Мен оларды көзіммен көрдім. Екі көлік адамды өз көзіммен көрдім. Кәдімгі бөтен адамдар, қолдарында ескі қарулар, көрініп тұр, басқа жақтан келген. Басқа жақтан келген қару екені де көрініп тұр. Менің көлігім биіктеу болды, төмен қарағанда, бәрі көрініп тұрды. Маған тесіліп қарады. Қалың сақал алынғаннан кейін аппақ болып тұрады ғой, сондай болып тұрды. "Мына кісі мынадай қырғында жүріп қалай сақалын алып үлгерген?" деп ойладым. Аяқ-қолым дірілдеп, көлікті жүргізе алмай қалдым. Бір жағынан "мыналарды қалай тоқтатады?" деп Сәкенді ойлап жатырмын. Сөйтіп тұрғанда, екінші көлік тоқтады. Оның да ішінде бөтен ұлт өкілдері, бөтен адамдар. Алдыңғы терезесі ашылды. Бір-біріне түсініксіз тілде айғайлап сөйледі. Тез бір-бірінің артынан ілесіп кетіп қалды. Сол кезде өмірімдегі ең қатты қорыққан кезім болды. Шошып қалдым. Қорқынышым басылмаған соң көлікті әрең жүргізіп келе жаттым. Қол-аяғым дірілдеп келе жатты", - дейді ол.
"Көліктің артынан атылған оқ алдыңғы орындықтан өтіп, өкпеге тиген"
Гүлбақыт Баекенова-Битай қайғылы оқиға қалай болғанын бүкпесіз айтып берді. Оның сөзінше, қарақшылар көлікті тартып алмақ болыпты.
Жеке архивтен
"Үйге жетсем, Сәкен де келіпті. Екеуміз үйге кірдік. Тамағымызды ішіп болғаннан кейін ол "монтажды бітіруім керек, офиске баруым керек" деді. Мен "бармай-ақ қой" дедім. Ол бармайтын болды. "Жарайды" деп келісті. Мен уайымдамасын дегені екен. "Есіктің алдына шығып келемін" деп кеткен, ол сол кезде офиске кетіпті. Бара жатқан кезінде Полиция департаментінде дүрбелең болып жатқанын естіп, соны көруге барған. Қасындағы бала "жай ғана көрейік, ары қарай кетеміз деп айтты" дейді. "Маңынан өтейік деп айтты" дейді. Сол маңынан өткен кезде атыс болған. Ол кезде қарақшылар Полиция департаментіне оқ атқан. Полиция департаменті қарақшыларға атқан. Олар сол оқтың ортасында қалып қойған. Дос баласының айтуынша, сол кезде алдарынан жиырма шақты адам шыққан. Бұлар тұраққа көлікті қойған. "Кетіп қалсын, сосын қайтамыз" деп ойлаған. Екеуі телефондарының жарығын өшіріп, көлікті де өшіріп, тұман ғой, орындығын артқа қарай еңкейтіп жатқан. Көрінбейік деп ойлаған. Сол кезде қарақшылар келіп, терезесін ұрып, есікті жұлқылап, "көліктеріңді беріңдер, шығыңдар" деген. Сәкен дос баласына "қашайық" деген. Ол шықса, оларға еру керегін білген. Ал ол еретін бала емес. Өте білімді, көзі ашық болатын. Ондай жаман ісін, біреуге қиянатын, жаманшылығын көрген жоқпын. Солардың ішінен біреуі көлікке оқ жаудырған. Көлікке төрт оқ тиген. Дәл Сәкен жағынан тиген. Біреуі айнаның қасына, біреуі артынан, біреуі жанынан. Сол кезде басын алып тығылған ғой. Арттан атылған оқ нөмірге тиген, нөмірден жүксалғышқа өткен, одан артқы орындыққа өткен, одан алдыңғы орындыққа өткен, сөйтіп, Сәкен жасырынған кезде өкпесіне тиген. Өкпесіне тиген кезде ішке қан толып қалған екен. Ауруханаға жеткенше қайтыс болып кеткен", - дейді қайғылы сәт туралы ол.
Сәкен қайтыс болғаннан кейінгі оқиға
Қалада болған дүрбелең салдарынан мәйітханадан мүрдені алу да оңайға соқпаған.
"Сәкен қайтыс болғаннан кейін хабар берді. Мәйітханаға алып кеткенін айтты. Ертесіне мәйітхананы іздедік. Осы жақта анамның інісі бар, жеңгем бар. Үшеуміз Алматының мәйітханаларын араладық. Ағама да оңай болған жоқ. Себебі қаншама қайтыс болған адамның бетін көру қиын. Кейін орталық клиникалық аурухананың мәйітханасы есіме түсті. Сол жерде түсірілімдер жасаған болатынмын. Сол жаққа хабарласып, таныс дәрігерлерден білдім. Олар ерінбей барып көрді. Дәрігерлер де Сәкенді жақсы таниды. "Бізде" деді. Досы айтса да "бір жерден шығар" деп ойладым. Соның өзінде жүрегім сенбеді. "Әртүрлі оқиға болуы мүмкін ғой" деп ойладым. Орталық клиникалық ауруханасына келгенде ғана үмітімнің бәрі сөнді. Сол кезде ғана жыладым. Қайтыс болғаннан кейінгі күні кешке табылды. Алып кетейін деп сұрағанда, олар заңға қайшы екенін, полиция келіп, рұқсат беруі керегін айтты. Эмоцияға берілдім. "Неге полиция? Алып кету керек қой. Денені уақытында жерге тапсыру керек" деп ойладым. "Қанша күн күтетіндеріңізді білмеймін, он күн бе, бес күн бе, полиция жұмысқа қашан шығады, сол кезде ғана алып кете аласыздар" деді", - деп еске алды ол.
"Полиция департаментін аңдып тұр екен"
Қарақшылар тіпті Полиция департаментін аңдып тұрған екен. Жарының денесін алу үшін жүгірген Гүлбақыт бұл оқиғаның бәрін өз көзімен көрген.
"Полиция департаментіне бардық. Ондағылар есіктерін қымтап жауып алған, "кетіңіздер, әзірге ештеңе бере алмаймыз, есікті аша алмаймыз" деді. Не болып жатқанын түсінбедік. "Неге мемлекет жұмыс істемей жатыр?" деп ашуландық. Сөйтіп, көлікке қарай жүре берген кезде артымыздан үш-төрт көлік келіп тоқтады. Есікті ашатын шығар деп ойлапты. Сонда бәрінің мінгені - LADA. Бізді күтіп тұрған екен. Біз кете берген кезде олар да қозғалды. Сол кезде екі көлік аңдып тұрғанын байқап қалдым. Кейін ашпағандары дұрыс болғанын, ол кісілерге де зиянымыз тиіп кетуі мүмкін екенін ойладым", - дейді Гүлбақыт.
©REUTERS
"Кішігірім соғыс болып жатты"
Қаладағы дүрбелең бірнеше күн бойы басылмады. Гүлбақыт та Сәкеннің денесін алу үшін үш күн жүрген.
"Келесі күні тағы Медеу аудандық Полиция басқармасына бардық. Рұқсат керек болды. Рұқсатсыз бермейді. Полиция неден қайтыс болғанын білуі керек. Заңды түрде жасалуы керек жұмыстары бар екен. Ертесіне тағы бардық. 5-і түнде қайтыс болды. 6, 7, 8 қаңтарда жүрдік. Сонда қалада не болып жатқанын көрдім. Кішігірім соғыс болып жатты. Сол соғыстың ортасында Сәкеннің мүрдесін алу үшін жүрдім. Атыс болып жатыр. 8-і ауруханаға барып, алып кету үшін күтіп тұрдық. Полицейлер сол күні жұмысқа шықты. Полиция өтінішімізде қабылдап, жасақ жіберді. Сыртта күтіп тұрдық. Сол кезде аурухана маңында атыс болды. Кімдер атысып жатыр, білмейміз. Оқ жауып жатыр. Күзетшілер бізді қақпа жаққа қарай жіберіп қорғады. 10 минуттай дүрбелең болып басылды. Сол кезде полицейлер де "денені Қазыбек бидегі мәйітханаға апарамыз" деді. Біз олардың артынан жүріп отырдық. Мәйітхананың алдында кезек күтіп отырдық. Кешкі 8-де ғана ала алдық", - дейді ол.
Қаңтарда қаза болғандардың денесін мәйітханадан алу үшін полицияның арнайы рұқсаты қажет болған.
"Бірінші күні Қазыбек бидегі мәйітханаға барған кезде көбі жақындарын алып кетіп жатты. Сол кезде заңсыз, полицияның рұқсатынсыз алған. Сол заңсыз алғандарды эксгумация (қазып алу - еск.) жасаған екен. Қайта тексерді. Қазақта аруаққа тиісуге болмайды. Көмгеннен кейін ашпаған дұрыс. Алла тағала бір жағынан маған көмектескен шығар. Сол күні алып кетсек, бізді де солай қинайтын ба еді. Кейін жер іздеп кеттік. Уақытында көму керек. Кеңсайға барып жер алдым. Ол жердегілер де орын беріп көмектесті. Ұзақ уақыт денені мәйітханадағылар да сақтай алмайды. Сәкенді алған кезде 200-дей адамның денесін түсірді", - дейді Гүлбақыт.
Ұл, жар, әке, азамат ретіндегі Сәкеннің бейнесі
Сәкен - бір үйдің үш қыздан кейінгі көп күттірген ұлы. Ол текті, зиялы отбасында дүниеге келген. Әкесі журналист, анасы ұстаз болған. Оның өзінің де арманы, жоспары көп еді.
Жеке архивтен
"10 қаңтарда туған күнім еді. 30 жасқа толдым. Сәкен соны ұйымдастырып жүрген. Мейрамхана іздеп дайындалып жүрген еді. Сәкен Канадаға оқуға да тапсырған болатын. Сол жаққа барып, отбасымызбен кетіп, білімімізді шыңдаймыз деп жүргенбіз. Қаңтардың 12-сі ағылшыннан IELTS тапсыруы керек еді. Бұрын да АҚШ-қа барып, режиссерлікті оқып келген. Бірінші қызымды босанып жатқан кезде екі ай курстан өтті. Білімге өте құштар еді. Сәкенге таңғалатын едім. Тек білім іздейтін. "Қандай оқиға болып жатыр, қандай жаңалық болып жатыр" деп ізденетін. Оған қатты сенім артатын едім. Үш тілде де таза сөйлейтін еді. №2 Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын интернатта оқыды. Анасы сол жерде ұстаз болған. Әкесі "Егемен Қазақстан" газетінде 35 жыл қызмет атқарған, журналист, редактор болған. Отбасы сондай білімді. Әпкелері де. Керемет отбасына келін болдым. Өзім де кино саласында жүрмін, түсірілімдерге айлап кетемін, сонда енем балаларымды алып қалады. Сәкен де ешқашан карьерама шектеу қоймаған. Ондай отбасын көрген жоқпын. Келін болып түскен отбасыма өте ризамын. Енеммен бірге тұрамын. Үлкен кісі, жасы 80-ге таяп қалды. Бұйырса Сәкеннің бір жылдық асын беремін. Кішкентай Ахметімізді қарайды, екі қызға көмектеседі. Балаға деген мейірімдері ерекше. Сәкен де балаға ерекше көңіл бөлетін. Бала жылап жатса, "ұйықтап ал" деп өзі көтеріп жүретін. Балаларды солай өсірді. Өзі үш қыздан кейінгі жалғыз ұл. Атамыз 68 жасында кеш көрген. Атам 37 жасында кеш үйленген. Енем 24 жаста болған. Сәкеннің туғанын бүкіл "Егемен" тойлаған", - дейді Гүлбақыт жары туралы.
Жеке архивтен
Сәкен Қазақстанның болашағынан да зор үміт күтіпті.
"Тоқаев келді, жақсы болады" дейтін. Кемел Тоқаев та журналист болған. Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбаттарында Карл Маркс, 75 деген мекенжайда тұрғаны туралы жиі айтады. Кемел Тоқаевтар көшкен кезде сол үйді атама берген. Кейін ол жер сүрілген. Сонда бірнеше жыл тұрған. Біздің үйде ескі ақ орындық болды. Атам ол үйді бойдақ кезінде алыпты, сонда ішінде сол ақ орындық болған екен. Тастамаймыз. Тоқаевқа қатты сенді. Отбасымен текті кісілер. Дүниеге қызықпайтын, ешкімге мақтанбайтын, қарапайым адамдар. Үй ішімен солай. Ниеті таза еді. Сондай пейіліне артынан ұрпақ қалдырған секілді. Мемлекет басшылығының бір жерінде отырса, әділетті Қазақстан болар еді деп ойлайтынмын", - дейді Гүлбақыт.
"Тезірек уақыт өтсе екен, әкеммен кездесетін"
Сәкеннің артында екі қыз, бір ұлы қалды. Ол екі қызының да білімді болуын қалапты.
"Қызын Жұбанов мектебіне беруді армандады. Үш турдан тұратын емтихан тапсырып, қызы сол мектепке түсті. 1-сыныпта оқиды. Қыздарына бірден айттым. Үлкені қатты сезді. Ересек адамдарша түсіндірдім. Қатты жылады, түсініп жылады. Сол сәт аса ауыр болды. Алдай алмадым. Өмір бойы күтіп өтеді ғой. Екіншісі әлі күнге оянып, әкесін сұрап жылайды. "Бізге әкемізбен кездесу үшін не істеу керек?" деп сұрайды. "Тезірек уақыт өтсе екен, әкеммен кездесетін" дейді. Бала ғой, түсіндіре алмайсың. ...Бұйырса деректі фильм түсіріп жатырмын. Асында көрсетемін. Балаларына естелік болсын. Балалары көріп, "әкеміз кім болды?" дегенде жауап тапсын. Кітап та жазып жатырмыз. Жылына дейін бітіру керек", - дейді Гүлбақыт.
"Қатты құлазыдым"
Бұл қаза кімге болса да жеңіл болмағаны анық. Гүлбақыттың сөзінше, алғашында тіпті жаман ойларға беріліпті.
"Енеме де оңай емес. Жалғыз ұлынан айырылып отыр. Бірақ әлі күнге мен ренжіп қалмай ма деп отырады. Сәкен қайтқан кезде бірінші күндері қатты құлазыдым. Соның алдында ғана төрт баласымен секіріп кеткен әйелдің оқиғасы болды ғой. Таңға жуық ұйықтап жатқан сияқтымын. Бірақ Сәкенмен кездесу үшін, неге олай болғанын білу үшін, балаларға "әкелеріңе барамыз" деп айтып, солай істеймін деген ой болды. Миымды жаулап алды. Өз-өзімді әрең жинап алдым. Сонда Сәкеннің анасы қатты көмектесті, артымнан қалмай жүретін. Қайын әпкелерім де күш берді. Қолдау күшті болды. Солардың арқасында бір жылда аяқтан тұрдым", - дейді ол.
Хип-хоптың атасы
Жеке архивтен
Сәкен өнерге өзінше ғашық болған. Хип-хоп жанрының, рэптің жаңа бір сатыға көтерілуіне атсалысқан. Үнемі идеяның жолында тынымсыз ізденісте жүрген. Бұл туралы өнердегі, өмірдегі достары да жиі айтады.
Ал жарының сөзінше, қазір өнерде аты бар біраз адамның қалыптасуына Сәкеннің қосқан ролі зор болған.
"Қазір тұрып жатқан үйімізді атам "Егемен Қазақстанда" жүрген кезде мемлекет берген. Сол үйде туған, сол үйде өскен, бөлмемізде балкон бар. Келін болып түскенде сол балкон студия болатын. Кәдімгі дауыс жазатын студия етіп жасап қойған. Бүкіл техникасы болды. Киімге құмар болмады. Жобадан ақша тапса, үйге беретін, қалғанына техника алатын еді. Техникаға тоймайтын. Өз мамандығын қатты жақсы көрді. Ақша сұрамайтын. Жоба туралы біреумен келіскенде де қанша бере алатынын сұрайтын. Жоба ұнаса ғана алатын. Деректі фильмдер түсіретін. Клип түсіретін еді. АҚШ-та да қосымша жұмыс істеген. Отбасыларымен ақшаға құнықпаған адамдар. Білімге құштар. Кітап сатып ала беретін еді. Біреуге де сыйлыққа кітап алатын. Әділ болатын. Көшеде біреу бірнәрсе шеше алмай жатса да тоқтап, кім әділ, кім әділ емесін шешетін еді. Достарына да махаббаты шексіз еді. Көп досы Сәкеннен үйреніп, осы салаға келді. Біреуі дыбыс режиссері, біреуі оператор. Сәкен арқылы кино саласына келгендер, нанын тауып отырғандар көп", - дейді Сәкеннің жары.
Жеке архивтен
Сәкен үнемі өзгеше ойымен, жаңа идеясымен дараланған. Тіпті трендтегі дүниенің бәрін бұрыннан білген.
"Рэперлер туралы деректі фильм жасағысы келді. Қатты күттім. Екі айға жоспар құрған еді. Танымал рэперлердің бәрімен жақсы араласатын. "Мен мынаны жасадым, мен мына жобаны жасап жатырмын" деп мақтанып айтпайтын. Өте қарапайым еді. Өзі бар кезде де бәрі Сәкен туралы тек жақсы қырын айтатын. Түсірген жобаларын да тегін түсіретін еді. Тіпті АҚШ-қа барғанда да рэперлерді тауып алып, солардың клипін түсіріп беріп кеткен. Достарына әрқашан тегін көмектесетін. Соңғы клиптері Масло черного тмина лақапатымен танымал Айдын Нұрәлиннің клиптері еді. Айдынды қатты жақсы көрді, клиптерін түсірді. "Қазақстанды аралап түсіреміз" деген жоспары көп еді. АҚШ-тағы қазақтар туралы деректі фильмдер түсіргіміз келді. Адамдар "Америкаға барсақ күшті өмір сүреміз" деп ойлайды. Олай емес қой. Ол өзі барып көріп келді. Қазақтар қалай жұмыс істеп, қандай қиындықпен ақша табатынын көрді. Отанына патриот болды. "Шетелде өзіңнің Отанындай болмайды" деген нәрсені түсіндіргісі келді. Баян-Өлгейдегі, Моңғолиядағы қазақтарды түсіргісі келді. Бүркітші қыз туралы бес жыл бұрын айтты, мән бермедік. Ал оны америкалықтар түсіріп, кейін үлкен сыйлық алды. "5:32" туралы да айтқан. "Бірнеше жыл бұрын түсірсек" деп айтқан еді. Мен ешқайсын түсінбедім. Ол айтқан жобаның бәрі трендте жүр. Біз әлі қазақи ойлаймыз, тойдың айналасындамыз. Ол терең ойлайтын еді. Рэпке жақын болды. Қазір Назарлар жалғастырып жатыр. Әрі қарай жалғастырамыз", - дейді Гүлбақыт Сәкеннің жоспарлары туралы.
Жеке архивтен
Тергеуді тоқтатқан. Оған не себеп болды?
Сәкеннің жары бір жыл жүргізілген тергеуді өзі тоқтатқан. Оған себеп те жоқ емес.
"Үкіметтен көмек бар. "Қазақстан халқына" қорынан көмек көрсетіледі. Үкіметке ештеңе дей алмаймын. Ешкімнен көре алмаймын. Өлтірген адамды да айыптай алмаймын. Себебі өлім тек Алладан. Ол - бұйрық. Сәкен де, мен де дінге жақынбыз. Құранда мынадай нәрсе айтылады екен: Әзірейілді жаратып, адамның жанын ал деген кезде "олар мені жек көріп кетеді ғой, бармаймын" дейді екен. Періште ғой ол. Сонда "адамдар сенің бар екеніңді де білмейді, олар өлімдерін бір-бірінен көреді" дейді екен. Сондықтан біреуден көру деген дұрыс емес. Атқан адам жазасын Алла тағаладан алады. Жазалайтын мен емес. Сәкеннің ісін де тоқтаттым. Тергеу бір жыл жүргізілді. Тергеу өте жақсы жүрді, ойымдағы сұрақтың бәріне жауап алдым. Соңғы тергеу жүргізген адам оқиға қалай болғанын түгел ашты. Қазір кейбір азаматтарды айыптап жатыр. Кейін олар батыр болуы мүмкін", - дейді Гүлбақыт.
"Кино дерсің". Жалғыздан қалған жалғыз ұл
Сәкеннің түтіні өшпейді. Өйткені оның ұрпағы жалғасты. Өзінен кейін өмірге ұлы келді. Жалғыздан қалған жалғыз ұл.
"21 қаңтарда 37 жасқа толуы керек еді. Артынан ұрпағы қалды. Аллаға шүкір. Сәкен қайтыс болғанда екі қызымыз болған. Үлкен қызымыз биыл мектепке барды. Екінші қызымыз балабақшаға барады. Кейін жетісін бердік, апта сайын базарға барып, азық-түлік алып жүрдім. Кейін қырқына жақындаған кезде аяғым ауыр екенін білдім. Әжесі "Ахмет атасындай болсын" деп, атын Ахмет қойды. Сәкен аяғым ауыр екенін білген жоқ. Өзім де білмедім. Сый деп қабылдадым. Сол үшін өзімді сабырға шақырдым. Бәріне шыдадым, бәрі ішімде. Кімге мұңыңды айта бересің? Қазір жылап, мәселеңді айтып жүргенің ешкімге керек емес. Өйткені әркімнің өз мәселесі бар. Ешкім сынақсыз емес. Бәрінің мойнында сынағы бар", - дейді ол.
Жақсының аты өшпесін
Гүлбақыт бүгінде Сәкеннің тегін өзіне тіркеп алған. Ондағы мақсат - жақсының аты өшпесін, ісі жалғассын деген ой.
"Cәкен 2014 жылы үйленген кезде "әкеңнің тегінде қал" деді. Қазір Сәкеннің тегін өзіме қосып алдым. Гүлбақыт Баекенова-Битай. Жобалар береміз. Сонда тегі қалып қоймасын деген ой болды", - дейді ол.
"Сәкенге рақмет"
Өмірде жары, досы, серігі бола білген Гүлбақыт Сәкенге тек риза екенін айтады.
"Алла тағалаға ризамын. Осында азаматты жолықтырып, осындай азаматтың ұрпағын жалғастыруды нәсіп еткен, осындай текті, көреген отбасына келін еткен. Сәкенге де рақметімді айтамын. Таңдауы маған түскеніне қуанамын", - деп түйіндеді әңгімесін ол.
Бір азаматтың қыршын кеткен тағдыры. Бір отбасының басына түскен ауыр қаза. Қаңтар қандай таланттарды ортамыздан алып кетті?!
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова