Қаңтар қасіреті: оқиға қалай басталып еді?

Қаңтар қасіреті: оқиға қалай басталып еді?
Фото: © Reuters.com

Осыдан тура бір жыл бұрын қасіретті Қаңтар оқиғасы бүкіл Қазақстанның өмірін өзгерткен. Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы Қазақстанның түкпір-түкпірінде жалғасқан еді. Massaget.kz тілшісі қасіретті Қаңтар қалай басталып, оған не себеп болғанын әңгімелейді. 

Бәрі газдан басталды

2022 жылы 2 қаңтарда ертеңгісін Жаңаөзенде халық алаңға жинала бастаған. Себебі Жаңа жыл бастала сала өңірде сұйытылған газ бағасы екі есе қымбаттаған - 60 теңгеден 120-ға.

Маңғыстау облысының жүргізушілері көбіне бензин орнына сұйытылған газбен жүреді. Сондықтан бұл өңірде көлік жүргізушілері үшін сұйытылған газ әлеуметтік маңызды саналады. 2 қаңтарда Жаңаөзенде жиналған жұрт күні бойы алаңда тұрып, бір ғана талап қойды - сұйытылған газ бағасын литріне 50 теңгеге түсіру.

Бейбіт митингке шыққан жаңаөзендіктер түнде де тараған жоқ. "Талабымыз орындалғанша қайтпаймыз" деген еді. Халық сонда тамақ істеп, сонда жылынды. 

Жаңаөзен халқын басқа қалалар да қолдай бастады

Артынша еліміздің басқа да өңірлері Маңғыстау халқына қолдау білдіру үшін алаңға жинала бастады. Желіде алғашқылардың бірі болып Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Орал жұрты жиналғаны хабарланған еді. 

Ал 4 қаңтарда наразылық акциясы Қазақстанның түкпір-түкпірінде басталды. Үлкен қалалардан кішкентай аудандарға дейін. Желіде әр өңірде жиналған жұрттың видеосы, суреттері тарады. Батыс өңірлерінен бөлек, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Тараз жұртшылығы алаңға шықты. 

Сонымен қатар, атыраулық мұнайшылар жұмыс орнын тастап, Ақтауға жаяу бара жатқаны хабарланды. Бірақ "Теңізшевройл" ЖШС мен "Қаламқас" кен орны жұмысшылар митингке кетсе де, жұмыс жалғасып жатқанын айтқан. 

Алаңға жиналғандар қатарында Атырау да бар. Желідегілер онда құқық қорғаушылармен қақтығыс болғанын айтқан. Журналистердің мәліметінше, Атырауда сол кезде 5 мыңға жуық адам жиналған. 


Атырау. Фото: "Ақ Жайық"

Оралда да 500-ге жуық адам жиналған, онда Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев тұрғындармен кездесуге шыққан болатын. 

Нұр-Сұлтанда "Астана концерт залы" аумағында бір топ адам рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырмақ болған. Желіде сол жақтан түсірілген видео тарады. Видеолардың бірінде полицейлер бала отырған арбаны автобусқа алып бара жатқан сәті түсірілген.

Ал полицейлер "елорданың 30 жастағы тұрғыны мен оның 5 айлық баласын шағын автобуспен үйіне апарып тастағанын" мәлімдеген болатын. 

Ақтөбеліктер болса, облыс әкімдігіне дейін барған. Тұрғындар көшеде от жағып, сонда жылынды. 

Таразда халық полицей көліктерін бүлдірген. Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, облыс әкімі аппаратының ғимараты бүлініп, 10 полиция көлігі өртенген.

Ал Алматының әр ауданында мыңдаған адам шеруге шыққан. Наразылық акциясына шыққандар полицейлердің көлігін өртеген.  

Фото: Әлихан Сариев

Интернет істен шықты

Елде наразылық акциялары басталғанда көп өңірде интернет ағытылғаны хабарланды. 

Beeline компаниясы Twitter-де шағым айтып жатқандарға мобильді интернеттің жұмысындағы ақаулар "компанияға тәуелді емес себептерге" байланысты деп жауап берді. 

"Қазір біз компанияға тәуелді емес себептерге байланысты мобильді интернет қызметін көрсетуде шектеулерге тап болдық", - деп жазды Twitter-де.

Ал Kcell-де желідегі ақаулар елдегі жағдайға байланысты екенін айтты. 

"Қазақстан Республикасының Байланыс туралы Заңының 41-1 бабы 1-2 тармағына сай, Қазақстан Республикасының құзырлы органдары антитеррорлық және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін желілердің жұмысын және байланыс қызметін көрсетуді тоқтату шаралары жүргізіліп жатыр", - деп мәлімдеді Kcell өкілдері.

Сол кезде Қазақстан жұртшылығы бірнеше күн интернетсіз өмір сүрді. Банк қосымшалары жұмыс істемей, халық қолма-қол төлемге ақша іздей бастады. Интернет еліміздің кей өңірінде аз уақытқа беріліп тұрды. Ертеңгісін қосылып, түске дейін ғана істеп тұрды.

Қаңтар оқиғасынан кейінгі билік шешімі

Жаңаөзендіктер сұйытылған газ мәселесін көтеріп алаңға шыққанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды бақылауға алып, үкіметтік комиссия құруды тапсырған. Ералы Тоғжанов бастаған комиссия Жаңаөзен мен Маңғыстау белсенділерімен келіссөз жүргізді. Нәтижесінде тұрғындардың талабы орындалып, өңірлерде сұйытылған газ бағасы 50 теңгеге түсті.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы болған Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары ұсталды. Олар "Мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша тергеліп жатыр.  Алматы қаласы мәслихатының экс-депутаты Қайрат Құдайбергенге жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айып тағылған. Дикий Арман лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев те сол кезде ұсталған, ол "Қазақстан" қонақүйінде адамдарды жинап, Жұмагелдиевтің айналасына бірігуге, оны қолдауға және билікке бірыңғай талап қоюға шақырғаны, сондай-ақ адамдарды 10 адамнан бөліп, оларды топтастырудың айрықша белгісі ретінде қолына ақ түсті таңғыштарды байлауды тапсырғаны анықталды.

Одан бөлек, құқық қорғау органдарының бірқатар қызметкер күдікті деп танылған.

2 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасау туралы заңға қол қойған. Бұл бойынша 1500-ға жуық адамға рақымшылық жасалатыны хабарланды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш