Қаңтар оқиғасы кезінде Желіде түрлі видео тарады. Соның бірі Ақтөбеде түсірілген. Онда жиналған адамдар сарбазды "халық жағына өтуге" шақырады. Ал сарбаз болса, "бұйрықтың аты - бұйрық" деп жауап береді.
Сол кезде видео әлеуметтік желілерде жүз мыңдаған қаралым жинаған еді. Желі қолданушылары сарбаздың ұстамдылығын мақтап, сүйсінген болатын. Massaget.kz тілшісі видеоға түсірілген сарбаз Ұлан Мырзабаймен сөйлесіп, қазір қайда жүргенін сұрады.
Ұлан 8 қаңтарда 24 жасқа толады. Ол Алматы облысындағы бұрынғы Қапшағай қаласында өскен. Кейін Астанада Сағадат Нұрмағамбетов атындағы "Жас ұлан" мектебіне түскен. Ол жақта 5 жыл оқып, 2017 жылы Қазақстан Ұлттық ұланы қатарына қосылған. 2021 жылға дейін сонда білім алды.
Биыл қаңтардағы митингілер басталғанда ол "Батыс" өңірлік қолбасшылығының 6655 әскери бөлімінде қызмет етіп жатқан.
"Әрине, Қаңтар оқиғасы бәрін дүрліктірді. Митингілер басталған кезде өзімнің жеке құрамымды қорғап қалу керек деген ой келді. Себебі олар да біреудің баласы, бауыры. Қанша адам келсе, сонша адамды үйіне қайтаруым керек", - дейді ол.
Жас сарбаз Қаңтар оқиғасы кезінде алдыңғы шепте болғанын айтады.
"Бізден кейін ІІМ қызметкерлері, арнайы жасақ болды. Бәріміз де митингтің бейбіт түрде өтуі үшін жауынгерлік тапсырма орындадық. "Бұйрықтың аты - бұйрық" деген видео Желіде тарап кеткенде таңғалдым. Ол кезде ерекше эмоция не сезім болмады. Біреу видеоға түсіріп жатқанын да көрмедім. Бәрі аяқастынан болды. Менің мақсатым халықты тыныштандыру болды, соны орындауға тырыстым", - дейді Ұлан.
Оның сөзінше, басында бәрі тыныш болған.
"Біз митингке қатысушылардың талап-тілектерін айтуға қарсылық танытпай, керісінше оларды қорғап тұрдық. Бірақ кейін оқиға басқаша өрбіді. Кей адамның әрекеттері түсініксіз болды. Қолдарында тас, таяқ, арматура, Молотов коктейлі болды. Кенет алдыңғы шепте тұрған маған бірнеше белсенді жақындап келіп видеоға түсірді, мені өз жақтарына шығаруға үгіттеді. Антыма адалдық таныттым. Бұйрықтың аты бұйрық екенін айттым. Отанымызды абыроймен қорғауға ант бердік. Еліміз тұрғындардың қоғамдық қауіпсіздігін сақтауды сеніп тапсырды. Сол сенімге лайық болу керек. Мен өз Отаныма адал қызмет етемін", - дейді Ұлан.
Оның айтуынша, сол кезде қоршап алғандар арасында қорқытқандар да, арандатқандар да болды. "Үйіңе билет сатып алып береміз" дегендер де болыпты.
"Бірақ біз әскери адам екенімізді, ант бергенімізді түсіну керек. Біз халыққа қарсы емеспіз және ешқашан қарсы болмаймыз да. Біздің мақсатымыз - елімізде бейбітшілікті сақтап тұру.Бейбіт тұрғындар жапа шекпеуі керек.
Жиналған жұрттың қарасы мол болды. Түрлі әңгіме айтылып жатты. Бірақ бұл бізге жақсы сабақ болды деп айтуға болады. Видеоны түрлі парақша жариялағанын көрдім, қаралымы да көп болды, жақсы пікірлер жазылған екен. Қуаныштымын. Алғыс айтқым келеді. Мен мұндайға дайын емеспін, бірақ сонда да халықтың басым бөлігі қолдағаны қуантты", - деді сарбаз.
Қазір ол "Батыс" өңірлік қолбасшылығындағы қызметін жалғастырып жатыр. Әскери шені - лейтенант.
"Қаңтар оқиғасына бір жыл уақыт болды. Бірақ өмірімде ешқандай өзгеріс жоқ. Жұмысым да баяғыдай. Үйленбедім, өмірлік жарымды әлі кезіктірмедім. Тек жұмыс орнында басшылардың көзқарасы өзгерді. Бірақ бір нәрсе өзгеретіндей не істедім? Тек борышымды өтедім", - дейді Ұлан.
Биыл Ұлан Мырзабай "Ерлік танытқан азаматтар" номинациясында "Жыл патриоты" атанды.
Сарбаз енді елімізде Қаңтар оқиғасы секілді қайғылы жайттар болмағанын тілейді.
"Қасіретті Қаңтар бәрімізге сабақ болды. Елімізде бейбітшілік болғанын, бейбіт халық зардап шекпегенін қалаймын. Аспанымыз ашық болуы өте маңызды екенін түсіндік", - деді Ұлан Мырзабай.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!