- Негізгі бет
- Қаралы қаңтар
- "Автомат асынған 4...
"Автомат асынған 4 адам тұрды". Қаңтар оқиғасында мейрамханасы өртеніп кеткен кәсіпкермен сұхбат
Ресми статистика бойынша, былтырғы қаңтар оқиғасы кезінде 1600-ден аса кәсіпкер зардап шеккен. Оларға жалпы 16 миллиард теңге өтемақы төленген. Солардың бірі - Алматыдағы BAO мейрамханасының құрылтайшысы Сабира Сетекова. Қаңтар оқиғасы кезінде мейрамхананың Төле би көшесінде орналасқан нүктесі ең қатты зардап шеккен. Мародерлер мейрамхананы тонап қана қоймай, өртеп кеткен. Мейрамханада жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Massaget.kz тілшісі кәсіпкермен сөйлесіп, сұхбаттасты.
Сабира Сетекова еңбек жолын бас инженер болып бастаған. Бизнес саласында қайта құру кезеңінен бері жүр. Яғни 1990-жылдардан бері. Бастапқыда бірден мейрамхана бизнесінен бастамаған. Мейрамхана саласына 2000-жылдардың басында келген.
"Мейрамханамыздың әр желісінің өз құрылтайшысы бар. Мен сол құрылтайшылардың бірімін. Үлкен команда болып бірге жұмыс істейміз. Бұл аумағы бойынша ең үлкені еді. Бұл желіні өте әдемі, дизайны жағынан өте қымбат жасаған едік", - деп бастады әңгімесін кәсіпкер.
Сабира Сетекова
BAO - қымбат жиһаздармен, қолдан жасалған ерекше ыдыстармен жабдықталған мейрамхана еді. Бірақ қаңтар оқиғасы кезінде бүлікшілер олардың бірін қалдырмай өртеп жіберген.
Мейрамхана: дейін
Кәсіпкер қаңтар оқиғасы кезінде қайда болғанын, оқиға қалай басталғанын әңгімелеп берді. Оның сөзінше, ол кезде мейрамхана әлі толық ашылып үлгермеген еді. Тек техникалық ашылу болып, енді жұмыс істей бастаған.
"Бұл жайттан кейін қатты есеңгіреп қалдық, шок алдық. Жалпы қаңтар оқиғасы кезінде осы жерде болдық. Таңертең келіп, кешкі 7-ге дейін жүрдік. Бірақ ол кезде әлі ашылмаған едік. Тек 20 желтоқсанда техникалық ашылу болған. Жиһаз, техника, қажет құралдың бәрі жаңа болған. Жиһаздың көбі Италиядан келген. Қаңтар оқиғасы кезінде төрт күн бойы адамдар немен айналысқанын өз көзімізбен көрдік. Мародерлер төрт күн бойы Sulpak дүкенін тонады, қасымыздағы "Белый Ветер" дүкенін де тонады. Артынан мародерлер екі дүкенді де өртеп жіберді. Біз екі дүкенге өртті сөндіруге көмектесе бастадық", - дейді ол.
Мейрамхананың сырты. Қаңтар оқиғасы кезінде
6 қаңтарда Президент Тоқаев елге ҰҚШҰ сарбаздары кіретінін айтқан кезде Сабира Сетекова сабыр сақтай бастаған. Бірақ оған қарамастан жағдай басқаша болды.
"6 қаңтарда кешкі 7-де үйімізге қайттық, ал кешкі 9-дарда мародерлер молотов коктейлін біздің мейрамханаға лақтырып жіберген. Дәл сол уақытта өртсөндірушілер де келе алмады ғой. Митингке шыққандар жолды жауып тастап, көліктерді өртеді емес пе? Мародерлер мейрамхананың терезесін сындырып тастады. Терезе топырақ сияқты шашылып қалды. Мейрамханаға жақын аялдамада қолында автоматы бар 4 адам үш сағат бойы тұрды. Олар отқа оранып жатқан мейрамханадағы өртті сөндіруге мүмкіндік бермеді. Өртсөндірушілердің түнгі 12-де ғана өртті сөндіруге мүмкіндігі болды. Мародерлер бұрышта жасырынып қалды", - дейді кәсіпкер.
Мейрамхананың іші. Қаңтар оқиғасына дейін және оқиғадан кейін
Мейрамхана орналасқан ғимараттың үсті тұрғын үй. Сабира Сетекова сол сәтте тұрғындар үшін қатты алаңдағанын айтады. Олар қандай стресс күйінде болғанын елестете алмаймын дейді кәсіпкер.
"Ең өкініштісі - мародерлердің ішінде қарапайым азаматтар да болды ғой. Олар да қасымыздағы дүкендерді тонады. Өзіміздің қарапайым азаматтарымыз таңертеңнің өзінде "ой біз мынаны алып кетейік" деп жатты. Мұндайды алғаш рет көруім. Депрессияға түсіп кеттім. Өзіме "Не үшін? Қарапайым азаматтарымыздың өзі осылай істесе, енді қалай өмір сүреміз?" деп сұрақтар қойдым. Мародерлерді біреу айдап салған болуы мүмкін, ал біздің қарапайым азаматтарға не көрінді?" - дейді кәсіпкер.
Сабира Сетекованың айтуынша, бұл жағдайдан кейін мемлекеттік органдар кәсіпкермен бірден байланысқа шыққан.
"Қалалық әкімдік, кәсіпкерлер палатасы, "Аманат" партиясындағылар бірден хабарласып, байланысқа шықты. Сол кезде олар бізбен бірге екені сезілді. Олар біз жұмысымызды жалғастырғанымызды қалайтынын жеткізді. "Сабыр сақтаңыздар, бәрі жақсы болады, мемлекет берген уәдесінде тұрады" деп қолдау білдірді. Біз шығын бойынша өтемақыны жақында ғана алдық. Мемлекет есептеген шығынымызды толық өтеп берді. Екі рет есеп берген кезде бір нәрселері дұрыс болмай, қабылданбады. Үшінші рет есеп жасаған кезімізде қабылданды", - дейді ол.
Мейрамханаға келтірілген залалды есептеуге біраз уақыт кеткен. Залал көлемі былтыр қаңтардан бастап қарашаға дейін есептелген. Процесс ұзаққа созылған.
"Себебі жобалық-сметалық құжаттама жасадық, сараптама жүргізілді, прокуратура жұмыс істеді. Сондықтан қарашаға дейін есеп жүргізумен айналыстық. Бірінші рет Ресей мен Украина арасындағы соғысқа дейін есеп жүргізген болатынбыз. Құрылыс материалдары кемінде бес есе қымбаттап кетті. Екінші рет жаңа бағамен қайтадан есеп жасадық. Бірақ ол кезде өзіміз қандай да бір қате жіберіп, құжатымыз өтпей қалды. Үшінші рет басқармалар қандай қате кеткенін түсіндіріп, құжатымыз қабылданды", - дейді кәсіпкер.
Ғимаратта жөндеу жұмыстары енді басталып жатыр. Себебі мародерлер витраждық терезені сындырып кеткендіктен суық мезгілде құрылыс жүргізу қиын болған.
"Қыс мезгілі басталды, күн суыта бастады. Ал құрылысшылар терезе ашық болғандықтан суықта жұмыс істей алмады. Терезені жақында ғана жасаттық. Құрылысшылар енді-енді іске кірісіп жатыр. Бірақ оған дейін қоқысты шығарумен айналыстық. Одан бөлек, ғимарат өртенсе артынан оның ішін жуу керек екен, себебі күйіктің иісі қалады. Арнайы компанияны шақырып, өрттен кейін мейрамхананың ішін жудық. Жаңа жылдан кейін ауқымды жөндеу жұмыстарын бастаймыз деп отырмыз. Әзірге қымбат құрылыс заттарын, ыдыс-аяқтарды, жабдықтау құралдарына тапсырыс беріп қойдық", - дейді кәсіпкер.
Қаңтар оқиғасына дейін мейрамханада 22 қызметкер болған. Олардың бәрі бұл оқиғаны ауыр қабылдаған.
"Бұл оқиғадан кейін олар жылағанын көрсеңіз. Қатты жылады. Бірақ біздің бас құрылтайшымыз дұрыс шешім қабылдап, "біз қызметкерлерімізді жұмыссыз қалдырмаймыз" деді. Басқа мейрамханаларымызға қызметкер қажет болмаса да құрылтайшымыз біздің желіде жұмыссыз қалғандарды сол жерге орналастырды. Бірде бір адам жұмыссыз қалмады".
Сабира Сетекова бұл оқиғадан кейін қолдау білдірген мейірімді адамдар көп болғанын айтты.
"Бұл оқиғадан кейін қатты ойландық. Көптеген адамға қарыз болып қалдық. Ғимаратты арзанға сатып алғысы келгендер де болды. Бірақ мейірімді жандар да көп екеніне көзіміз жетті. Біздің мейрамхана орналасқан ғимараттың құрылыс компаниясының иесі де қолдау білдіріп, "асықпаңыздар, сіздерді ешқайда қумаймыз" деді. Қалалық әкімдік те "күте тұрыңыздар, асықпаңыздар, сіздердің қандай жағдайда екендеріңізді түсініп отырмыз" деді. Алғашқы айда ештеңені ойлағымыз келмеді. Не боларын білмедік. Бірақ қазір бәрі жақсы", - дейді әйел.
Сабира Сетекова
Кәсіпкер бұл оқиға бәріне сабақ болғанын айтады.
"Ата-аналар баласын тәрбиелеп, жақсы білім берсе деймін. Егер адам білімді болса, мұндай нәрсе болмайды. Ашық аспан, тыныштық деген сөздердің мағынасын түсінгендейміз. Адам бір күнмен өмір сүрмесе деймін. Қаңтар оқиғасы кезінде бір теледидарды ұрлады дейік, бұдан ол байып кетті ме? Одан кейін қалай өмір сүреді? Балаларды еңбекқор етіп тәрбиелеу керек деп ойлаймын", - дейді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина