- Негізгі бет
- Ән
- Сәкеннен қалған сырлы...
Сәкеннен қалған сырлы ән немесе беймәлім әннің белгісіз тарихы
Қытай қазақтары арасында жалпы жұртқа кең таралмаса да, ән сүйер қауымның аузында «Сәкеннің әні» деп айтылып жүрген бір ән бар. «Сарыарқа жерім, Сарыарқа белім» деп басталатын бұл әннің сазы арқа әуендеріне ұқсамаса да, қанатынан қайырылған қайран ердің қаламына мұң шағып жазған Сарыарқаға деген сағынышы, туған жеріне жете алмай аһ ұрған арманды халы сай сүйегіңді сырқыратады.
Әнді орындаушылардың бірі Мейірбан Жанәбілдың айтуынша, бұл әнді Қытай қазақтарына бір орыс әйел жеткізген. «Сәкен ұсталғаннан кейін қатты қинау көрді. Мен сол абақтыда аспаз едім, қазақ тілін де шала білетінмін, аздап ән салатынмын. Бір күні Сәкен жаман қағазға жазған осы әннің сөзін ұстатты да, әуенін ыңылдап маған үйретті. Бірден үйреніп алдым. «Осы ән саған аманат, қазақ деген халқыма жеткіз» деп тапсырып еді, кейін мен де ол жерден пана таппай, қашып Қытайға келдім. Есіл ердің аманаты еді» деп Құлжадағы қазақтарға сол орыс әйел айтып беріпті. Ол әйел кім, неге Қытайға қашып барды? Сәкенмен кездестім дегені қаншалық шындыққа жанасады? Мұның бәрі сыр. Тіпті көп тұсы күмәнді. Алайда, әннің сөзі мен әуеніне қарағанда, арманда кеткен арыстардың бірінің туындысы екені анық. Әнге арқау болған Сарыарқа да Қазақстанның жері. Бірақ бұл ән Қазақстанға таралмай, Жетісудің арғы жағындағы Құлжаға, онан ары Боғда бетіне дейін жеткені қалай?! Қытайда бұл әннің мәтіні туралы ізденуге мүмкіндік аз болды. Себебі Сәкен шығармалары бізге толық жете қойған жоқ. Мүмкін бұл Сәкеннің атына телініп жүрген басқа ақынның өлеңі де шығар.
Сарыарқа жерім,
Сарыарқа белім.
Сағындым сені,
Жайдарман елім.
Өзің деп едім,
Үзілді белім.
Өзіңді тағы,
Бір көрер ме едім.
Аспанда ай боп,
Бір қарар ма едім.
Жұлдыз боп ағып,
Бір барар ма едім.
Суыңнан сусап,
Бір қанар ма едім.
Бауырыңда тұрып,
Ән салар ма едім.
Сарыарқа жерім,
Сарыарқа белім.
Сағындым сені
Жайдарман елім.
Кең байтақ дарқан-отаным едің,
Бұйырмады ғой-тоқымдай жерің.
Кезінде бұл әннің Мейірбан Жанәбіл орындаған нұсқасын қазақтың өнерлі азаматтарының бірі Бекболат Тілеуханға (Қытайға барған кезінде) тыңдатып, «Осы әнді Сәкеннің әні деп жүр, сіз келісесіз бе?» деп сұрағаным бар. Бірақ Бекболат аға «Арқаның әуеніне ұқсамайды, сазында қырғыздың сарыны бар ма қалай?» деп сенбейтін сыңай танытып, қысқа қайырды. Сәкен Сейфуллин 1937 жылы 24 қыркүйекте ұсталып, 1938 жылы 25 ақпанда атылған.
Біреулер оны Алматыда атылған десе, енді біреулер Сәкеннің сүйегі қиыр шығыстағы Магадан облысында жатыр дейді. Кино режиссері Еркін Рақышевтың Ресейдің федералдык қауіпсіздік комитеті орталық архивының ерекше бөлімінен тапқан дерегінде, Сәкеннің 1938 жылы 25 ақпанда атылғаны анық көрсетілген. Ендеше, Сәкен бұл шығармасын Алматыда атылардың алдында жазса, «Кең байтақ дарқан отаным едің, бұйырмады ғой тоқымдай жерің» деп қалайша жазды?! Мүмкін бұл екі тармақты басқа біреулер қосқан шығар, бірақ қалай болсада, бұл ән туралы ізденіп көретін кез келді.
Г. Берік