Балуан Шолақтың әні «Ғалия»

Қазақтың әншілік өнерінде, әншілігімен қоса балуандығымен атағы кеңге жайылған Балуан Шолақтың орны ерекше. Балуан қазіргі Жамбыл облысы жеріндегі Хан тауының етегін мекен еткен Ұлы жүз ішіндегі Дулаттан тарайтын Сәмбет руынан шыққан. Соның ішінде Баймырза деген кісіден 1864 жылы туған. Әкесі Баймырза Шолақтың бала кезінде бір себептермен  Арқа жеріне көшіп, сол жақта Көкшетау жерін мекендеп қалады. Оның азан шақырып қойған аты Нұрмағамбет еді. Кейін қолының басы күйіп (біреулер үсіп дейді) саусақсыз қалады.  Нұрмағамбет өзінің бір өлеңінде:

Баласы Баймырзаның Балуан Шолақ,

Оң қолым отқа күйіп болдым олақ,   —

дейді, сөйтіп Шолақ атанып кетеді.  Ал «Балуан» деген сөз Шолақтың күшіне байланысты халықтың қосқаны.

Қайсыбір әнші-композиторлар тәрізді де Балуанның өмірінде махаббат тақырыбы үлкен орын алып, небір сұлу әндер тудырып, сезім толқыны шығармашылығына шабыт берген. Шолақтың өмірінде үлкен орын алған адамның бірі — Ғалия. Өйткені Шолақтың аты аталған жерде Ғалияның аты да  тілге оралады. Тағдыр бұлардың арасын қалай шешсе де, тарихта Шолақ пен Ғалияның аты қоса аталады. Мәселенің олай болуына себеп те көп.

Ақмолада Тілеу атты дәулетті адам болған екен.  Ол заманда жұрттың көзіне түсетін сегіз бөлмелі  көк төбелі  үй жалғыз  Тілеуде бар еді.  Ол Сұлтанай Қамза деген  ноғай байының сенімді адамы болатын.  Руы Арғын, оның ішінде Аралбай, туып-өскен жері Жаңа-арқа.  Тілеудің үлкен әйелінен  Ғалия, Мәрия деген екі қыз туды.  Ғалия – сұрлау, ат жақты, ұзын бойлы бетінде аздаған шешек дағы бар, өткір, сөзге шешен, оң қолынан өнері төгілген шебер болған.  Қазақ әдеті бойынша  Ғалияны жастай Біржан дегенге атастырып, бой жеткен соң Ғалия ұзатылып барды. Бірақ көңілі сүймеген соң Біржанмен ұзақ тұрмай, бір-екі жылдан кейін Ғалия Қараөткелге қайта келеді. Бір кездерде өзі әбден сынына келіп, әдемі денесі талшыбықтай бұралып, көп адамның діңкесін құртады.

Ақмолада Ғалия қымыз сататын әйелдің қасында жүреді. Өйткені ол заманда халықтың көп жиналатын жері сол ғана еді.  Біреулердің айтуынша өзі де қымызшы болған. Күндердің күнінде қымыз саудасы үстінде Ғалия Балуан Шолақпен кездеседі. Екеу бір-бірін бірден ұнатып, есебін тауып жолығып, өмірді бірге өткізуге уәде байласады.

Бұлардың қосылуына  кедергі – Тілеубайдың Біржаннан алып қойған қалың-малы еді.  Қалай дегенмен де мал төлеген адам күшті, Балуан Шолақ батыр болғанмен жарлы,  малсыз Ғалияны алып кете алмайды.  Сондықтан ол  Көкшетауға барып, қырық жетісін  алып келуге кетіп қалады.  Азар болса ағайыннан жиып алармын деген ойы болады. Ал Біржан болса малын даулай, Ғалиядан күдер үзген соң, билердің сотына түседі.  Сотта Ғалияның сөзі басым болып, әйелден бірінші рет дауға шыққан, әрі сұлу, әрі өткір Ғалия Біржанды ешуақытта сүймегенін айтып, оның сабап адамды қорлағанын бетіне басып, балуан Шолақты жақсы көретінін әшкерелеп, жеңіп шығып, басына бостандық алады.  Біржан малдан да, әйелден де жұрдай болып қайтады.

…Көкшетау Балуан Шолақты жамандықпен қарсы алады. Балуанға  жоғалған сексен өгіздің жаласы жабылып, өзі жоқ болған соң, оған тағы Семейде ұрланған бір топ жылқыны да тіркеп қояды. Сонымен Шолақты түрмеге жабады.  Шолақ кешігеді. Ғалия не қыларын білмей сасады. Оның үстіне Біржанның адамдары Ғалияны Шолаққа қостырмау жағын қарастырады. «Шолақ бәлен жылға жер аударылыпты», «Балуанның елде тағы екі әйелі бар екен» деген сөздер таратады. Шолақ кешіккен сөң бұл әңгіменің бәрі Ғалияға рас болып көрінеді. Ол әрі бері толқып, ойланып, әкесінің меңзеуі бойынша Есенжолдың Қанапиясы дегенге күйеуге шығады.  Бірақ Балуан Шолақты өсектеген жұрт  Ғалияны шатастырады. Қанапияның да әйелі бар болып шығады. Сөйтіп, Ғалия тоқалдыққа келген болады.  Барып қалған соң амалсыз біраз жүреді. Бірақ Қанапияға тоқал болып тұру Ғалия үшін үлкен азап болады.

Балуан болса Ғалияны сағынады. Ғалияның хабарын біле алмай, неше саққа жүгіріп Ғалияның атын әнге қосады.  Оның үстіне бұл кезде Балуанды Қараөткел түрмесіне ауыстырған болатын. Ғалия дауысымды естіп келер ме деген үмірпен, Балуан түрме әкімдерімен келісіп, қора ішіндегі бір аласа үйдің төбесіне шығып домбыра тартып, ән айтуға ұлықсат алады. Шолақтың сондағы шырқаған әнін халық бірден қағып әкетіп, ол ән «Ғалия» деген  атпен тарайды:

Айым да сен, Ғалия,  күнім де сен,

Оң қабағым тартады күлімдесең.

Менің көңлім Ғалия дауалансын,

Ауған түйе секілді бейімдесең.

 

Ойпырмай, жан сәулем,

Ғалия, көзіңнен.

Қосылып ем өзіңмен.

Бір көрінсең көзіме,

Айрылмас ем өзіңнен.

 

Айдың көзін жалт еткен бұлт алсын,

Бүйте берсең діңкемді құрытарсың.

Биюадан қосылған Ғалияжан,

Қай қылығын қалғаның ұмытарсың.

Шолақ неше түн ұйықтамай күтіп, күдерін үзбейді. Бірақ сонда да Ғалия бір келмейді. Ақырында түрме күзетшісі Балуанға суық хабар алып келеді. Ғалияның әлдеқашан алданып тоқалдыққа кеткенін, барған жерінде жылап жүргенін айтады. Шолақ қатты күйзеліп, іштегі шерін Ғалияға арнаған тағы бірнеше әндермен шығарады. Көп ұзамай  түрмеден босап шығып, Тілеудің үйіне барып, Ғалияның жайына қанады.  Ғалиямен біржола арасын үзіп, өзінің еліне, әйел, бала-шағасына қайтады. Ғалия болса Қанапиядан кетіп, Қоянды базарына барып қымыз сатады. Онда Семейден келген бір байдың баласы Ғалияға қызығып, қырық аттың пұлын қалтасына салып Ғалиямен еріп Қараөткелге келеді. Арада бірнеше жыл өткен соң Ғалия Қалиды ертіп Семейге келіп, оның бұрынғы әйелінен кешірім сұрап, өзінде бала болмаған соң оның бір қызын сұрап алып, бойжеткен соң өз қолынан ұзатады. 1922 жылы Ғалия туберкулез ауруынан 35 жасында қайтыс болады.

Балуан Шолақ пен Ғалияның арасындағы оқиға осылай аяқталады.  Оқиғаның бітісі қалай болғанда да, екеуінің сезімінің гимні іспеттес «Ғалия» әні қалады. Әннің алғашқы орындаушыларының бірі Қайрат Байбосынов еді. Бұл күнде әншілер әннің екі нұсқасын орындайды. Әннің тарихын алғашқы рет академик Ахмет Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» атты монографиясында жариялаған болатын.

Бағлан Бәбіжан
akjunis.kz