Маңызды күн – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы «Астана Опера» театрында «Тәуелсіздікке шашу» мерекелік концертімен атап өтіледі. Кеш 16 желтоқсан күні елордалық театрдың Камералық залында ұсынылады.
Сахнаға қазақстандық опера өнерінің жұлдыздары – Майра Мұхамедқызы, Дина Хамзина, Әлфия Кәрімова, Жан Тәпин, Талғат Ғалеев, Мәдина Исламова, Евгений Чайников, Рамзат Балакишиев шығады. Концертте сондай-ақ, «Астана Опера» театрының бас хормейстері Ержан Дәуітовтің жетекшілігіндегі хор әртістері мен аспапшылар – виолончельші Құрманжан Ахатов, арфашы Любовь Ткаченко өнер көрсетеді. Фортепиано партиясын Елена Сахно орындайды. Солистер Қазақстанда мекен ететін халықтардың тілінде түрлі әндер шырқайды.
– Барлық қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен ерекше мақтанышпен құттықтағым келеді. Міне, 25 жыл бойы емін-еркін, бақытты, ең бастысы – тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп келеміз. Бұл біздің ынтымағы жарасқан театр ұжымымен атап өтетін үлкен мереке. Әртістер репертуар құрамына әртүрлі шығармалар енгізілген жарқын бағдарлама әзірледі, тыңдарманымыздың көңілінен шығатынына сенімдімін. Қазақ, орыс және шетел композиторларының вокалдық шығармалары, қазақ әндерінің попурриімен алмасады. Баршаның сүйіктісіне айналған махаббат сезімінің ұлы күші жайындағы қазақтың халық әні «Дудар-ай» міндетті түрде орындалады, - дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.