Ақан серінің арманына айналған арулар

Ақан серінің арманына айналған арулар

Ән еркесі, жыр серкесі, сегіз қырлы серілік өнердің көрнекті өкілі – Ақан Қорамсаұлының өмір жолының, тағдыр торабының қызықтылығы сондай, көзі тірісінде-ақ, ол туралы аңыздар ел аузында кең таралып кеткен.

Тумысынан сұлулыққа, бекзадалыққа құмар болып өскен Қорамсаның еркесі өз заманында қайталанбас өнерімен, келісті келбетімен қыз-келіншектің сүйіктісіне айналған көрінеді. Алайда ғажапты сәттерінен азапты сәттері көп болып, сезім шырынының орнына у ішкен бекзада бірде-бір ғашығымен бақыт құшағына ене алмады.

Ендеше, бүгінгі тақырыбымыз Ақан серінің нәзік жандыларға деген сүйіспеншілігіне, Ақжігіттің арманына айналған перизаттарға арналмақ.

 Жамал

Ауылың қонған Сырымбет саласына,
Ғашық болдым ақсұңқар баласына.
Дариға, қайрылмадың, қалқа бала,
Жүректің енді ем жоқ қой жарасына...

Серінің бозбала шақтағы алғашқы іңкәр көңілі құлаған ару – Сырымбет тауын мекендеген Жүсіп төренің қызы Жамал еді. Екі жастың ағайындығы жеті атаға жетпегендіктен, ата-баба салтын аттап кете алмайды да, бір-біріне деген құштарлықтарын тұншықтыруға мәжбүр болады. Жамал ұзатылған соң Ақан тұңғиық қайғысын құшақтап, қалың елдің ішінде жалғыз қалады. Оның мұнан соңғы өмірі сырттан гүлсіз, үнсіз, жырсыз, түрсіз өмірге айналады. Бірақ дариға жүректің қайғымен жылынып сөнгенін, терең жанның оймен уланып өлгенін кім ұққан?

Ұрқия

Жалпы Ұрқия апамыз хақындағы әңгімеде аздап шикілік бар. Бірқатар зерттеушілер Ұрқия Ақанның заңды жары болған, алайда үйленген соң, үш айдан кейін кеселге шалдығып, қайтыс болған десе, келесі бір ғалымдарымыз екі жас қосылмай жатып, Ұрқия қайтыс болған дегенді айтады. Мұндай пікірдегі ғалымдар: «Ынтық жандардың ғашықтық сезімдерін өшіруді қалайтын қатыгез жандар көп болған. Солардың қарғыстарының әсерінен, Ұрқия айықпас дертке шалдығады. Өзінің айықпасын сезген перизат Ақанға әдейі шайпау сөздер айтып, көңілін қалдырған» - деседі.

Қалай болғанда да адал, аңғал серінің жүрегіне шоқ тастаған Ұрқия есімді сұлуға арналған ән күні бүгінге дейін шырқалып келеді:

Ұрқия, шашың - жібек, қанжар– қасың,
Көрінер тамағыңнан ішкен асың...
Махаббат екеумізде қайнаған су,
Ішімді жандырады, сыртым салқын...

Мақпал

Ақжігіттің аңсарын аударған Мақпал есімді қазақтың қарагөз аруының бесіктен атастырып қойған жігіті бар болып шығады. Тіпті қалыңмалы да төленіп қойылған екен. Бір-біріне шын ынтызар қос аққу уәделеседі. Ақан оны алып қашып кетіп, алыстағы достарына барып пана іздемек болады. Алайда, екі ортада «жеңгетайлық» атқарып жүрген Мақпалдың құрбысы да Ақанды сүйіп қалып, бар сырын жұртшылыққа шашып қояды. Мұны естіген құдалар жағы ашуға салынып, сері жігітті соққыға жығып, елден қудалайды.

Біраз күн Дәнетінге салдым салық
Артымда зарланамын Мақпал қалып
Қосылған ғашық болып қайран құрбым
Қасіретің өзегімді кетті жарып! – деп зарланған Ақан өз тағдырына деген наразылығын дүйім жұртқа жайып салады.

Махаббатта бірнеше рет жолы болмаған Ақжігіт атамыз жар құшып, әке атануға аса асыға қоймаған секілді. Кейіннен ата-анасы: "Біздің де жасымыз келді, ел секілді келін жұмсап, перзент сүйейікті» жиі айта берген соң, тілектерін жерге тастағанды жөн көрмеген Ақан шаңырақ көтереді.

Бәтима апамыздан екі қыз, бір ұл сүйіп, ардақты әке атанғандығымен, бір қызы жас кезінде шетінеп кеткен екен. Ал жазмыштан мылқау болып туған ұлы Ыбан Ақанның серілік өнер жолында бірге жүрген айрылмас серігіне айналады.

Астына Құлагерін мініп, жанына Базараласын ертіп, білегіне Көкжендетін қондырып, серілік дәурен кешкен Ақанның атын естіген келіншектері әнге құмар ер азаматтардың қызғаныштан іштері қайнап, ауылға Ақан сері келіп түнемесе екен деп тілейтін болған деседі.

Жалғасы

Суреттер:alashainasy.kz,caspinfo.kz, wap.azblok.net, photodom.com