Жүрек талмасына шалдыққан адамға алғашқы 5 минутқа дейін көмек көрсетілмесе, одан кейін оны өлімнен арашалап қалу қиын. Сондықтан да, жүрек талмасы кезіндегі әрбір секунд санаулы әрі маңызды. Мұндай жағдайда бірінші болып көмекке келетін, әрине, жедел жәрдем. Бірақ кейде осы жедел жәрдем уақытынан кешігіп, оның да пайдасы болмай қалып жатады. Осыны жан-жақты ойланған швед азаматы көптеген адамды дер кезінде құтқарудың жаңа жолын ойлап табады.
Ең бірінші бұл тапқыр азамат кім? Соны анықтап алайық. Ол жедел жәрдем бөлімінде жұмыс істейтін медицина қызметкері Дэвид Фредман еді. Иә, Дэвид – талай жанды ажалдан аман алып қалған абзал жандардың бірі. Дэвид және оның командасы бүгінге дейін көмекке зәру жандарға қол ұшын созып келеді. Сондай-ақ, Швецияда алғашқы көмек көрсетуді үйренген 2 миллионға жуық адам бар. Бірақ осы адамдар 20 метр жерде көршісінің жүрек талмасы ұстап, алғашқы көмекке қолы жетпей жатқанын білмеуі мүмкін ғой. Осыған ұзақ ойланған Дэвид ақырында көпшілікке пайдалы жаңа жобаны ұсынады.
Жедел телефон желісіне қоңырау шалған адамның географиялық координатаcы (мекенжайы) осы жерге 500 метр қашықтықта тұрған, жобаға тіркелген барлық адамға хабар ретінде келеді. Бағдарламаға 18 жасқа толған және алғашқы көмек көрсете алатын кез келген адам тіркеле алады.
Жедел телефон желісіне қоңырау түскенде, орта есеппен алғанда, 15 адамға хат келеді. Кеше 2010 жылдың мамыр айында жұмысын бастаған жобаның бүгінгі нәтижесі жаман емес. Бүкіл шұғыл қоңырауды 100 пайыз деп алсақ, соның 40 пайызында ерікті адамдар жедел жәрдемнен ерте келеді екен. Жүрек талмасына ұшыраған науқасты құтқару үшін әрбір минуттың маңызды екенін ескерсек, бұл жобаның бағасы жоғары.
Адам өмірі мен денсаулығын бірінші орынға қойған бұл елдің пайдалы жобасын Норвегия мен Дания өз жерлерінде сынап көрмек.
Қалай ойлайсыздар, жедел жәрдеміміз секундтап емес, сағаттап кешігетін бізге де бұл тәжірибемен бөлісу керек шығар?