Итошаған (череда) – күрделі гүлділер тұқымдас, қою жасыл түсті біржылдық өсімдік. Жапырақтары қарама-қарсы орналасқан бұл өсімідктің гүлдері ұсақ, сары түсті. Жемісі – ұзынша дән. Шілде, тамыз айларында гүлдейді.
Қазақстан аймақтарының ылғалды жерлерінде, өзен аңғарларында үш түрі кездеседі. Оның құрамында шырыш, эфир майы, ащы заттар, каротин және С дәрумені бар.
Өсімдік шөбін, жапырақтары мен тамырын емдік мақсатта пайдаланады. Шөбі мен жапырақтарын алғашқы гүлдеу кезеңінде, ал тамырын күзде жинайды.
Итошаған халық медицинасында кеңінен қолданылады. Ол тәбет ашып, ас қорытуды жақсартады, тері аурулары кезінде зат алмасуын қалыпқа келтіреді, қан кетуді тоқтатып, жүйке жүйесін тыныштандырады.
Шөбінен жасалған қайнатпаны тәбет ашып, ас қорытуды жақсарту үшін, суық тигенде, жөтелгенде, бауыр ауырғанда ішеді.
Итошаған тамырының қайнатпасымен Орта Азияда бүйі шаққан адамды емдейді. Ал ұсақталған жапырағын жылан шаққан жерге басады.
Ғылыми медицинада итошағанды балалар ауруына, атап айтқанда, әртүрлі диатездер кезінде қолдануды ұсынады. Ол үшін 2 ас қасық итошаған шөбін жарты литр суға салып, жылы жерге 12 сағат тұндырады. Содан соң, жарты стақаннан 3 рет ішеді.