Есінен танып қалу – миға қан жетпеген жағдайда ағзаның жауап қатуы. Адам бір сәтке есінен танып құлаған жағдайда, горизантальды бағытта орналасқан денедегі қанның миға жетуі жеңілірек болады, кейін адам есін қайта жияды. Оған көп жағдайда бір минутқа жетер-жетпес уақыт керек.
Алғашқы көмекті қалай бересіз?
Кез келген адам өмірінде кем дегенде бір рет жазатайым оқиғаның куәгері болады. Сондай сәтте абдырап қалмау үшін, мектептен бастап алғашқы көмек көрсету тәсілдерін үйрете бастайды. Егер ойламаған жерден біреудің есінен танып қалғанын көрсеңіз, ең алдымен не істеуіңіз керек?
• Алдымен, адамның тыныс алып жатқанына көз жеткізіңіз. Жүрек соғысын тексеріңіз. Егер тыныс алмаса, реанимацияны бастаңыз – жасанды тыныс беру және жүрекке массаж жасаңыз.
• Есінен танып жатқан адамды орнынан тұрғызуға не отырғызуға тырыспаңыз. Оны арқасымен жерге жатқызыңыз: бұл мидағы қан айналым жұмысын жақсартады.
• Аяғын еденнен 30 сантиметрге жоғары көтеріңіз. Есінен танудың басты себебі – қанның миға жетіспеуі екенін ескерсек, бұл әдіс қан айналым жұмысын жеделдетеді.
• Белдік, галстук, жаға, жең секілді адам денесін қысатын заттарды босатыңыз. Тар киімді шешіп тастағаныңыз жөн.
• Бетінен жаймен ұрыңыз және қаттырақ сөйлеуге тырысыңыз.
• Егер жақын маңда жедел-жәрдем қорапшасы болса, мүсәтір спиртін (нашатырный спирт) есінен танып жатқан адамның мұрнына сәл жақындатыңыз. Өзге дәрі-дәрмекті қолданбағаныңыз дұрыс.
Сіз маңызды деген әрекеттерді толықтай орындадыңыз. Енді тек жапа шегушінің есін жиғанын күту ғана қалды.
Жоғарыда аталған белгілер ешқашан өздігенен қалыпқа келмейді. Бұл қан айналымнан бөлек, адамда жүрек дертінің барын білдіреді. Сіздің алғашқы көмегіңізбен қатар, медициналық көмек міндетті түрде қажет. Әйтпесе, арты жақсылықпен аяқталмайды.
Қайта қалпына келген соң не істеу керек?
Бір минут ішінде есін жиып, өмірге қауіпті белгілер байқалмаса, уайымға себеп жоқ. Тек мәселенің қайда жатқанын анықтап, сәл тынықса болғаны.
Дегенмен, ес жиғаннан соң міндетті түрде дәрігермен кеңесу керек жағайлар бар. Мысалы:
• Талу барысында басыңызды соғып алсаңыз;
• Бұл бір ай ішіндегі екінші не үшінші рет қайталанып отырған болса;
• Жүкті немесе жүрек ауруына шалдыққан болса дәрігерге бару артық етпейді.
Адам неге есінен танып қалады?
Талып қалудың басты себебі – артериялық қысымның кенеттен төмендеуінен туындайтын қан айнылымның бұзылуы. Одан бөлек, мынандай себептер бар:
• Кенеттен тұру. Егер ұзақ отырып не жатқаннан соң кенеттен орныңызда түргелетін болсаңыз, жүрек миға қанды жіберіп үлермейді. Нәтижесінде есіңізден танып қаласыз.
• Ұзақ мерзімді күйзеліс те адамның талып қалуына себепші болады.
• Ашығу. Қоректік заттың жетіспеуінен қан жасушасы – эритроциттердің жетіспеушілігі туындайды. Сол себепті, ағзада қан қысымының кенеттен төмендеуі байқалады.
• Қан жоғалту. Мысалы, жарақат алған жағдайда немесе іштен қан кету белгілері кезінде талып қалу арқылы адам ағзасы қауіп барын хабарлайды.
• Денеде судың жетіспеушілігі. Жазда жиі байқалатын құбылыс.
• Улану. Дененің улы ағзаларға толуы: ішімдік, тамақ және тұмаудан да талып қалады.
• Гормон жұмысының бұзылуы: диабет, қандағы қант мөлшерінің аздығы, қалқанша безі жұмысының бұзылуынан да адам есінен танып қалады.
• Жүрек ауруы.
Талып қалу үшін қауіпті себептер ғана емес, ескере бермейтін болмашы нәрсе де жеткілікті. Тек адам өзінің ағзасын шаршатпай, ақауды дер кезінде аңғара білсе ғана қатердің алдын алады. Денсаулығыңызды күтіңіз.