Ресей мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттар мұрағаты (РГАНТД) әлемнің тұңғыш ғарышкері Юрий Гагарин апатқа ұшыраған жерден түсірілген суреттерді жариялады. Алғаш рет жарияланып жатқан суреттерде апатқа ұшыраған ұшақтың бөліктері көрсетілген.
Юрий Гагарин 55 жыл бұрын, 1968 жылы 27 наурызда нұсқаушы Владимир Серёгинмен бірге МиГ-15 UTI ұшағында оқу-жаттығу ұшуын орындау кезінде қайтыс болды.
Ұшақ Мәскеу түбіндегі Чкаловский аэродромынан сағат 10:18-де көкке көтерілді. Экипаж 20 минут жаттығуы керек еді, бірақ сағат 10:30-да Гагарин миссияның аяқталғанын хабарлады және аэродромға оралуға рұқсат сұрады. Бір минуттан кейін ұшақ Владимир облысының Новосёлово ауылының маңында құлады. Екі ұшқыш та қаза тапты. Гагарин 34 жаста, Серегин 45 жаста еді.
Ол кезде Гагариннің өлімінің себебі айтылмады. Ұшақ апатының себептерін тергеу материалдары ұзақ уақыт құпия болып қалды. Мемлекеттік комиссия экипаж мүшелері белгісіз себептермен оқыс маневр жасап, жерге құлаған деген қорытындыға келген. Борттық жабдықтың ақаулары тіркелген жоқ. Марқұмдардың қанынан бөгде заттар анықталған жоқ.
Осы уақытқа дейін мамандар метеозондпен немесе құстар тобымен соқтығысу, сондай-ақ герметикалық ақау салдарынан кабинадағы қысымның төмендеуі, ұшқыштардың есін жоғалту сияқты түсіндірмелерді алға тартты. Олардың ешқайсысы ресми түрде расталған жоқ. Сондай-ақ, Гагарин КСРО басшылығының бұйрығымен өлтірілді деген түрлі қастандық теориялары алға тартылды.
Айта кетейік, 1961 жылы 12 сәуірде Юрий Гагарин адамзат тарихындағы тұңғыш ғарышкер атанды. "Восток-1" Қазақстандағы "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ұшырылып, 108 минуттық ұшудан кейін Гагарин Жерге сәтті қонды.