Үндістандық әскерилер қар адамының ізін тапты

Үндістанның әскери альпинистерден құрылған экспедициясы Гималай тауынан қар адамының ізін тапқаны белгілі болды. Бұл туралы Үндістанның қорғаныс министрлігі мәлімдеді.

©twitter.com

Альпинистердің мәлімдеуінше, өлшемі 81х38 болған аяқ іздері Непал аумағындағы Макалу шыңында табылған. "Қолға түспей келе жатқан қар адамының іздері осыған дейін де "Макалу-Барун" қорығында табылған еді", – делінген хабарламада. Министирлік табылған ізді суретке түсіріп, оны зерттеу үшін ғалымдарға бергенін мәлімдеді.

Айта кетейік, Қар адамының ізі алғаш рет табылып отырған жоқ. Бұдан бұрын Эверест аумағында да қар адамының ізі табылған болатын.

Үндістанда оны Йети деп атаса, Аустралияда — яху, Америкада — бигфут, Ресейде анчутка немесе леший деп атайды. Жалпы Қар адамы туралы әпсана өте көп. Осыған дейін қар адамын зерттеген ғалымдар "Ешқандай қар адамы жоқ. Бұл аю тектес мақұлықтар" деп қорытынды шығарғанымен, бұл тұжырыммен келіспейтіндер де табылады. Ал қытайлар ғалымдары "Синьцзян таулы ауданында 200 бен 500 аралығында қар адамдары мекен етеді" деп айтқан болатын. Жалпы қар адамына қатысты әр елдің өзіне тән аңыздары бар.