Токиода салмағы 278 келілік тунец балығы кезекті балық бәссаудасында 193,2 миллион иенге (1,8 миллион доллар) сатылды. Бұл туралы Жапониядағы NHK басылымы мәлім етті.
Ал, осыдан бір жылы бұрын дәл осы салмақтағы (278 келі) тунец балығы рекордтық суммаға – 333,6 миллион иенге (3,1 миллион доллар) сатылғанын жазған едік. Тунецті "Суши Дзаммай” дәмханалар тармағының иесі, Kiyomura Corporation компаниясының президенті – Киёси Кимура сатып алған болатын. Биыл да аталған балықты "Суши Дзаммай” дәмханалар тармағының иесі сатып алды. Кимура бірнеше жылдан бері ең қымбат тунецтерді түрлі бәссаудаларда тұрақты түрде сатып алатын кәсіпкер.
Жалпы, балыққа арналған бәссаудалар Жапонияда бұрыннан келе жатқан дәстүр. Бұрын мұндай бәссаудалар Цукидзи базарында тұрақты өткізіліп келсе, 2020 жылғы Олимпиадаға байланысты базар жабылатын болғандықтан, бәссаудалар Токионың Тоёсу атты порт базарына көшірілген.
Компанияның иесі Киёси Кимура асханасына келушілерді дәмді тунецпен қамтамасыз ету үшін ақша аямайды. Кимура үнемі осы аукционға қатысады және ең жоғары бағаларды ұсынады. Аукционда сатылған балықты ұстаған 57 жастағы ер адам әрбір балықшы осындай балық аулауды армандайтынын айтады.
Дәл осындай сумма 2013 жылы Цукидзи базарында тіркелген. Ол кезде салмағы 200 келілік тунец балығы 155 миллион иенге (1,8 миллион доллар) сатылған болатын.
Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры көк тунец жойылып кету қаупіндегі балықтар қатарына жататынын айтады. Бұл түрдегі ересек балықтардың ұзындығы 3 метрге, салмағы 680 келіге дейін жетеді.