Токиода салмағы 278 келілік тунец балығы кезекті балық бәссаудасында рекордтық суммаға – 333,6 миллион иенге (3,1 миллион доллар) сатылды. Бұл туралы Жапониядағы танымал “Суши Дзаммай” суши дәмханалар тармағы твиттерінде мәлім етті.
“Тоёсу базарындағы рекордтық баға. Өзіміз де бағаға таңғалдық – 333,6 миллион иен. Бірақ, біз, ең жақсы тунец балығын атып алғанымызға қуаныштымыз" делінген хабарламада.
Жалпы балыққа арналған бәссаудалар Жапонияда бұрыннан келе жатқан дәстүр. Бұрын мұндай бәссаудалар Цукидзи базарында тұрақты өткізіліп келсе, 2020 жылғы Олимпиадаға байланысты базар жабылатын болғандықтан, бәссаудалар Токионың Тоёсу атты порт базарына көшірілген.
Аталған бәссауда 2018 жылғы қазан айындағы Тоёсу балық базарының ашылуы үшін алғашқы бәссауда болды. Бұдан бұрынғы рекордтық сумма 2013 жылы Цукидзи базарында тіркелген. Ол кезде салмағы 200 келілік тунец балығы 155 миллион иенге (1,8 миллион доллар) сатылған болатын.
Ал Тоёсу бәссаудасында сатылған балық Тынық мұхиты, Ома порты аумағынан ауланған. Тунецті "Суши Дзаммай” дәмханалар тармағының иесі, Kiyomura Corporation компаниясының президенті – Киёси Кимура сатып алған. Кимура бірнеше жылдан бері ең қымбат тунецтерді түрлі бәссаудаларда тұрақты түрде сатып алатын кәсіпкер.
"Мен бұл балықтың бағасы 270-460 мың доллар шамасында болар деп топшыладым. Ары кеткенде 550 мың долларға дейін көтерілер деп ойлағам. Бірақ ол мен күткеннен 5 есе қымбатқа сатылды. Бірақ осындай ғажап балықты сатып алғаныма өкінбеймін. Мұны дәмханаларымдағы қонақтарыммен бөлісемін", – дейді Кимура.