- Негізгі бет
- Әлемтану
- Тайландтағы үңгірден 4...
Тайландтағы үңгірден 4 футболшы бала құтқарылды
23 маусымнан бері Тайландтағы Кхао-Луанг үңгірінде қалып қойған 12 жасөспірім футболшы мен олардың 25 жастағы бапкерін құтқару істері сәтті жүзеге асып жатыр. "Reuters" агенттігінің хабарлауынша осы уақытқа дейін 4 бала құтқарылып, оларды жедел түрде әскери емханаға алып кеткен.
Жақын арада үңгірде қалған тағы 8 жасөспірім мен олардың бапкерін сыртқа алып шығу жоспарланды. Қыдыру-құтқару операциясына Тайланд әскери қызметінен бөлек, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай құтқарушылары көмек қолын созып жатыр.
Құтқару операциясы балаларды су астымен алып шығу жоспары балалардың көпшілігі жүзуді білмейтіндігі, 2 аптадан бері үңгірде жатып әлсірегені себепті кешіктіріліп жатқан еді. Бірақ ата-аналардың рұқсатымен бұл жоспар сәтті жүзеге асып 4 бала құтқарылды.
Осы уақытқа дейін суға толып қалған үңгірдегі суды құдық қазу арқылы азайту, су асты кемесімен балаларды құтқару жоспарлары өзін ақтамаған.
Естеріңізге сала кетейік, маусым айының соңында балалар футбол командасы бапкерімен бірге мемлекеттің шығысындағы Кхао-Луанг үңгірінде жоғалып кеткен. Іздестіру барысында белгілі болғандай саяхатшылар күшті жаңбыр жауып соның салдарынан шығар есіктер су астында қалғаны себепті үңгірден шыға алмағаны белгілі болған. Балалар үңгір ішінде 9 күн сусыз, тамақсыз отырған. Құтқарушылар балалар тірі екенін анықтағанмен олар тек 4 айдан соң, су тартылғасын барып үңгірден шыға алады деп мәлімдеген еді.
Т. Раушанұлы