Тәуелсіздігін аңсаған ұлттар

Этнографтардың есептеуінше, әлемде 3,5 мыңнан аса ұлт бар. Әрбір ұлт өзінің тәуелсіздігін аңсайтыны түсінікті. Ешкім бодандықтың қамытын киіп күн кешкісі келмейді. Бірақ Біріккен Ұлт­тар Ұйымының қатарында бүгінде 193 мем­лекет қана бар.

Қаншама ұлт өз тәуелсіздігін аңсап күн кешіп, кейбірі осы жолда күресіп қан кешіп жатыр. Мысалы, Венеция Ита­лиядан, Бавария Германиядан тәуелсіздік алғысы келетінін ашық жеткізіп жүр. Санамалай берсек, әлемде тәуелсіздігін ала алмай жүрген, азаттықты аңсап, дербестікке қол жеткізе алмай жүрген елдер өте көп. 

©straitstimes.com

Шотландия

Шотландияның Англиямен арасындағы тәуелсіздік үшін күресі сонау ХІІІ ғасырда басталған. ХІІІ ғасырдың соңынан ХVІ ғасырдың ортасына дейін тәуелсіз Шотландия Корольдігі мен Англия Корольдігі арасында әскери қақтығыстар болып өтті. Бұл туралы көркемдік тұрғыдан Мел Гибсон басты кейіпкерін сомдаған “Батыл жүрек”  (Braveheart) фильмінде әсерлі баяндалады. 

ХХ ғасырдың басында Шотландияның тәуелсіздік қозғалысы күшейе түсті. 1900 жылы Еңбекшілер партиясынан Жас шотландтардың саяси партиясы құрылғаннан кейін шотландтық Гомрул туралы заңдар 1913 жылы және 1914 жылы мамырда парламенттік тыңдауларға сәтті енгізілді. Екі оқылым өтті, бірақ оны одан әрі қарау Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына байланысты кейінге қалдырылды. 1921 жылы Шотландия ұлттық лигасы құрылды.

©pikabu.ru

Уильям Уоллестің арманы орындалар күн алыс емес сияқты

Шотландия тәуелсіздік туралы референдумды 2021 жылға дейін өткізуі мүмкін. Бұл туралы 24 сәуірде Шотландияның бірінші министрі Никола Стерджен парламентте айтқан еді.

Оның айтуынша, референдум қазіргі парламенттің кадеті аяқталғанға дейін өткізілуі керек. Министр 2019 жылдың соңына дейін тиісті заң жобасы әзірленетінін атап өткен.

Стерджен шотландтарға Ұлыбританияның ЕО құрамынан шығуы мен Шотландияның тәуелсіз мемлекет ретіндегі болашағы арасындағы таңдауды ұсыну керектігін айтқан. Келесі парламенттік сайлау 2021 жылы мамырда өтеді. 

Айтпақшы 2014 жылдың қыркүйегінде шотландтар тәуелсіздік туралы референдум өткізді. Өкініштісі халықтың 55 пайызы Біріккен Корольдіктің құрамында қалуға дауыс берген. 

©iz.ru

Гонконг

Гонконг қаласы – 1997 жылдың 1 шілдесіне дейін 1,5 ғасырдай Британ империясының отары болып келді, одан бері Қытайдың екі арнайы әкімшілік аймақтарының бірі. Гонконг қала аумағы – 1,104 км², халқы жеті миллион болғандықтан әлемдегі ең халық тығыз орналасқан елді мекен болып саналады. 

Әлемдегі жетекші халықаралық қаржы орталықтарының бірі – Гонконг экономикасы еркін сауда мен төмен салықпен сипатталады. Өте жоғары дамыған капиталистік экономикасы Index of Economic Freedom бойынша қатарынан 15 жыл әлемдегі ең еркін экономика аталып келді.

Жалпы, Гонконг социалистік жүйедегі капиталистік қала. Оны Ұлыбритания 1842 жылы жаулап алды. 1898 жылы 99 жылға жалға алады. 1997 жылы осы келісім шарт біткеннен соң ҚХР Гогконгты 2047 жылға дейін ішкі-сыртқы жаудан қорғау келісімімен өзіне қосып алды. Ал Гонконг осы 50 жыл ішінде заң, полиция, ақша жүйесі, баждар мен иммиграциялық саясат бойынша тәуелсіздігін сақтайды, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен іс-шаралардағы өкілдігі де өзінде. Бірақ 1997 жылғы жағдайды өзгерту әрекеті наразылықтар мен демонстрациялардан көрінетін кейбір қарсылықтарға тап болды. Соңғы ірі шерулер сериясы 2019 жылы 31 наурызында басталды. 6-7 айдан бері жалғасып келе жатқан шерудегі жергілікті халықтың басты ұраны “тәуелсіздік” деген сөздер де БАҚ өкілдері тарапынан жиі айтылып жатыр.

©inbusiness.kz

Гонконгтың қалағаны егемендік пе?

Әлем назарын аударған көтерілістің басты мақсаты басында тәуелсіздік болмағанға ұқсайды. Көтерілістің әу бастағы мақсаты адам құқығын қорғау болған. Шерушілер осы мақсатта билік ғимаратының алдына барып өздерінің 5 талабын айтқан. Кейін тамыз айында “Гонконг ұранын” көтерген. Бірақ Қытай үкіметі бұл ұранның артында тәуелсіздік жатыр деп, бейбіт шерушілерді “бүлікшілер” деп айыптайды. Ал халықаралық сарапшылар демократияны қолдаған гонконг тұрғындарының іс-әркетін ҚХР бұрмалап отыр дейді. Бірақ шерушілер арасында Гонконг ұлттық партиясы өкілдері бар екендігі айтылған. Бұл партия 2016 жылы Қытайдан тәуелсіздік алу үшін құрылған.

Гонконг билігі әкімшілік аймақтың тәуелсіздігін жақтайтын Гонконг ұлттық партиясының қызметіне 2018 жылы ресми түрде тыйым салды. Қауіпсіздік министрі Джон Ли Гонконгтың ұлттық партиясының мүшесі болу қазір заңсыз болып табылатындығы туралы жарлық шығарған. Гонконг ұлттық партиясы билік жағынан шектеуге ұшырағанымен, партия мүшелері әлеуметтік желілер арқылы тәуелсіздік туралы көзқарастарын ашық жария етіп келеді. 

Гонконгтағы саяси сарапшылардың бірі Мэй Янтиңдің пікірінше, егер Қытай үкіметі мен шерушілердің арасындағы жағдай осылай шиеленісе берсе, аталған партия өкілдері жағдайды сәтті пайдаланып “тәуелсіздік” ұраны бұдан әрі кең ауқым алуы мүмкін. Шерушілердің әрекеті осыған келе жатқанын халықаралық БАҚ өкілдері жарыса жазып жатыр. Себебі соңғы уақытта Гонконг шерушілері Украинадан үлгі ала бастаған. 

©iz.ru

Каталония

Каталония тарихы бай, жері әсем Испанияның құрамындағы аумақтардың бірі. Халқының саны 8 миллионға жуық. Олардың 90 пайызы каталон тілін біледі. Каталон халқы ХV ғасырдағы Арангон патшалығы кезінде қалыптасты. Бірақ Испания патшалығының бірігуі кезінде оның құрамына қосылды. 

Испания патшалығының құрамына кіретін Каталонияда тәуелсіздік үшін бірнеше көтерілістер болған. Мысалы, 1871 жылы Каталония Испаниядан еншісін алуға тырысты, бірақ орталық үкіметпен келіссөздерден кейін Испания патшалығының бір бөлігі болып қалды.

1930 жылдары Каталония тәуелсіздігін жариялауға тағы да тырысты, алайда, азамат соғысы басталған Ф. Франконың диктатурасына қарсы орталық республикалық үкіметпен бірікті. Франко режимі кезінде каталондықтарға қарсы репрессия Каталон тәуелсіздігі үшін қозғалыстың танымал болуына айтарлықтай ықпал етті.

1979 жылы Каталония автономды мәртебеге ие болды, содан кейін билік каталон тілін ресми түрде мойындады. 2006 жылы Каталонияда қаржылық дербестіктің кеңеюімен жаңа автономды мәртебе қабылданды.

Бірақ бұл құжат 2010 жылы өз күшін жойды. Осыдан соң жергілікті биліктің құқығы, банк жүйесінің рөлі азайды. Бұған наразы халық қайтадан тәуелсіздік ұрандарын көтере бастады. Мысалы, 2014 жылғы референдумда дауыс берушілердің 80 пайызы егемендікті жақтады. Бірақ Испания билігі аталған референдумды заңсыз деп айыптады. 2015 жылы Каталония тәуелсіздік деклорациясын қабылдады. Бірақ оны да Испания заңды деп қабылдаудан бас тартты. 

©novayagazeta.ru

Каталония мемлекеті құрылуға жақын

Биыл 11 қыркүйекте Каталонияның ұлттық күнінде көшеге 1 миллион адам шығып, тәуелсіздік ұранын көтерді. 2019 жылғы 14 қазанда Испанияның Жоғарғы соты 2017 жылы тәуелсіздік референдумын өткізуге қатысы бар тоғыз каталондық саясаткерлерге үкім шығарды. Олардан бүлік шығарды деген айыптар алынып тасталды, бірақ Каталонияның бұрынғы вице-президенті Ориол Жункерас бюджет қаражатын ұрлағаны және заңсыз пайдаланғаны үшін 13 жылға бас бостандығынан айырылды және дәл осы мерзімге мемлекеттік қызмет атқару құқығынан да мақұрым болды.

©afterempire

Күрдістан

Күрдтер – Түркияның оңтүстік-шығыс бөлігін, Сирияның шығысын, сондай-ақ Ирак пен Иранның солтүстік-батысын – ауданы шамамен 450 мың шаршы метр жерді алып жатқан, саны 40 миллионға жуық, өз тілі, мәдениеті, діни сипаттамалары бар ұлт. Біз атаған мемлекеттермен шектесетін Ауғанстанда, Арменияда, Грузияда, Әзірбайжанда да күрдтер тұрады. Күрдтердің отаны Осман империясының құлағанынан кейін 4 мемлекетпен бөлінді. Дәл осы уақыттан бері күрт халқы өзінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін үзіліссіз күрес жүргізіп келеді.

Тәуелсіздік жолындағы майдан

1921 жылы 21 ақпанда бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін экономикалық дағдарыстың нәтижесінде Иранда саяси төңкеріс орын алды. 1920 жылдары күрдтер бірнеше ұлт-азаттық қозғалысқа шықты. 1924 жылы күрдтердің көрнекті билеушісі Симко көтеріліс бастады. Алайда Иран билеушісі Реза-шах бұл көтерілісті күшпен басады. 

1929-1930 жылдары Күрдтер Түркияның шығыс және оңтүстік-шығысында өз мемлекеттерін құруға ұмтылды. Кейіннен Анкара құрамында кең автономияны сұрап, бірнеше талаптар қойды. Әрине, бұл талаптар Түркияның мүддесіне қайшы келді.

Бұдан бөлек 1980-90 жылдар аралығында да Иран мен Ирак жеріндегі күрдтер тәуелсіздікті аңсап бірнеше рет көтеріліс жасады. Бірақ мұның бәрі жергілікті билік тарапынан аяусыз жаншып басылды. 

Бірақ соңғы жылдары кем дегенде протоидтық-аумақтық құрылымдар құрудың ең нақты мүмкіндігі пайда болды. 1991 жылдан бастап осы уақытқа дейін Иракта жалғыз күрд әкімшілік құрылымы – автономиялық Ирак Күрдістаны бар.