Тасбақа – өзен тазалығына ықпалы көп жануар. Аустралия ғалымдары тәжірибе жасап, тасбақалардың балық өлігін жеп, су сапасының жақсаруына ықпал ететінін анықтаған. Зерттеу Scientific Reports журналында жарияланған.
Балықтың өліктері өзен-көлдегі экология балансына зиян. Себебі өлік ыдырағанда суда нитрат пен аммоний концентрациясы артып кетеді. Салдарынан бір жасушалы балдырлар көбейеді.
Балық қырылуының салдарын жоюға су тасбақалары көмектеседі. Құрлық тасбақаларына қарағанда олардың рационында балықтың өлігі бар. Экологтардың зерттеуіне сүйенсек, Аустралиядағы Муррей-Дарлинг су жүйесінде тасбақалардың үш түрі 1970-1980 жылдары 430 тонна өлік жеген.
Өкінішке қарай кейінгі онжылдықта Аустралия өзендерінде тасбақалар азайған және тек Аустралияда ғана емес. Зерттеулерге сүйенсек, тасбақалар түрінің 61 проценті жойылып кету алдында тұр.