- Негізгі бет
- Әлемтану
- Тарихтағы ең бай...
Тарихтағы ең бай адам кім?
Forbes журналының мәліметінше әлемнің ең бай адамы - Джефф Безос. Amazon компаниясының басшысы 131 млрд доллармен әлемнің ең бай адамдарының тізімінде көш бастап келеді. Оның артынан Microsoft-тың негізін қалаушы Билл Гейтс пен инвестор Уоррен Баффет келе жатыр.
Алайда бұлардың ешқайсысының байлығы Мали патшасы Манса Мусаның байлығымен салыстыруға келмейді. Оның байлығына ешкім жете қоймас. 2012 жылы америкалық Celebrity Net Worth сайты Мусаның байлығы 400 миллиард долларды құрағанын жазған екен. Алайда бұл туралы нақты бір көрсеткіш жоқ.
1280 жылы өмірге келген Манса Муса ағасы Абу-Бакр әлемді шарлау үшін экспедицияға шыққаннан соң, 32 жасында таққа отырады. Оның қол астында Малидің шекарасы кеңейе түсті. 24 қаланы жаулап алғаннан соң Малидің шығыс шекарасы Атлант мұхитынан басталып батысы Нигерия мемлекетіне дейін жеткен. Қазір бұл аумақта 9 бірдей мемлекет: Сенегал, Мавритания, Мали, Буркина-Фасо, Нигерия, Гамбия, Гвинея-Бисау, Гвинея және Кот-д'Ивуар орналасқан.
Мали патшалығының жер қойнауы түрлі байлықтарға толы болған. Әсіресе алтын мен тұз мемлекеттің баюына әсер етті. Зерттеуге сүйенсек, Муса басқарған жылдары Малидің алтын қоры Ескі Дүниенің жартысына тең болған.
Манса Муса Меккеге қажылық сапар шеккеннен кейін ел экономикасының құлдырауы басталады. Патша 60 мың адамнан тұратын керуенді бастап Меккеге аттанады. Муса өзімен бірге патша сарайындағы бүкіл қызметкерлерін, уәзірлерін, әскерін, саудагерлерді және 12 мың құлын алып шыққан.
Бірақ үш айлық сапарында Муса бүкіл алтынын бей-берекет шашқандықтан оның бағасы құлдырап кетеді. Осыдан соң Мали патшалығының жағдай күрт нашарлайды.
BBC тарихтағы ең бай 10 адамның тізімін жариялады:
1. Манса Муса (1280-1337, Мали патшасы) - байлығын есептеу мүмкін емес;
2. Октавиан Август (б.з.д. 63 ж. - б.з.д. 14 д, Рим императоры) - 4,6 трлн доллар;
3. Чжао Сюй (1048-1085, Шэнь-цзун императоры) - байлығын есептеу мүмкін емес;
4. Акбар I (1542-1605, Үндістандағы Ұлы моғол әулетінің императоры) - байлығын есептеу мүмкін емес;
5. Эндрю Карнеги (1835-1919, америкалық кәсіпорын қожасы) - 372 млрд доллар;
6. Джон Д. Рокфеллер (1839-1937, америкалық магнат) - 341 млрд доллар;
7. Николай Александрович Романов (1868-1918, Ресейдің соңғы патшасы) - 300 млрд доллар;
8. Асаф Джах VII (Осман Али Хан) (1886-1967, Хайдарабад үндіс князьдығының соңғы билеушісі) - 230 млрд доллар;
9. Жаулап алушы Вильгельм (1028-1087) - 229,5 млрд доллар;
10. Муамар Каддафи (1942-2011, Ливия билеушісі) - 200 млрд доллар.
Forbes журналының мәліметінше әлемдегі миллиардерлер саны 2018 жылдың басынан бері 55-ке қысқарып, қазір 2153 қалталы кәсіпкер қалды. Миллиардерлер саны Азия аймағында, әсіресе Қытайда қатты қысқарған. 2019 жылдың басынан бері ҚХР-дағы миллардерлер саны 49-ға азайған. Ал керісінше бизнес әлемінде пайда көріп, байлардың қатарына қосылғандар да бар. Бұл жағынан АҚШ пен Бразилия кәсіпкерлері алда.
Қазіргі таңдағы әлемнің ең бай 10 адамы. Forbes журналының нұсқасы.
1. Джефф Безос (Amazon компаниясының басшысы) - 131 млрд доллар;
2. Билл Гейтс (Microsoft-тың негізін қалаушы) - 96,5 млрд доллар;
3. Уоррен Баффет (инвестор) - 82,5 млрд доллар;
4. Бернар Арно (Louis Vuitton Moet Hennessy компаниясының басшысы) - 76 млрд доллар;
5. Карлос Слим (мексикалық кәсіпкер) - 64 млрд доллар;
6. Амансио Ортега (Inditex компаниясының бұрынғы басшысы) - 62,7 млрд доллар;
7. Ларри Эллисон (америкалық Oracle корпорациясының басшысы) - 62,5 млрд доллар;
8. Марк Цукерберг (Facebook-тің негізін қалаушы) - 62,3 млрд доллар;
9. Майкл Блумберг (кәсіпкер, Нью-Йорктің 108-ші мэрі) - 55,5 млрд доллар;
10. Ларри Пейдж (Google іздеу жүйесінің негізін қалаушылардың бірі) - 50,8 млрд доллар.
Қазір АҚШ-та 609 миллиардер бар, оның 14-і ең бай адамдар жиырмалығына кіретін бизнесмендер. Барлық миллиардерлердің жалпы байлығы 8,7 трлн долларға бағаланған. Бұл көрсеткіш 2018 жылдағыдан 400 млрд-қа аз. Биыл 994 кәсіпкердің бизнесі кері кеткен.
А. Рысдәулет