Тарихтағы алып адамдар

Алып адамдар туралы әпсана өте көп. Кейбір деректерде арий халқының арғы ата бабасы алып адамдар деп жазады. Олардың бойы 3-4 метр, салмағы 300 келі болған деседі. Бірақ бұл деректер ресми түрде расталмаған. Юваль Ной Харари "Sapiens. Адамзаттың қысқаша тарихы" кітабында біздің арғы тегімізбен бірге жер бетінде алып циклоптардың өмір сүргенін алға тартады.

Алып адамдарды ғылым тілінде "Гигантизм" деп атайды. Ежелгі грек тілінен аударғанда Γίγαντος  алып деген мағынаны береді. Бұл термин физиологиялық шектен асатын сүйектердің, жұмсақ тіндердің және мүшелердің салыстырмалы пропорционалды эпифизді (ұзындығы бойынша) және периостальды (қалыңдығы бойынша) ұлғаюымен сипатталады.

Ерлердің бойы 210 см-ден, әйелдердің бойы  200 см -ден ұзын болса гигантизм болып саналады. Алайда бойы ұзын спортшыларды (баскетбол, волейбол), гигантизммен ауыратындармен шатастыруға болмайды. Бойы 2,10 метрден асатын алыптар сирек кездеседі.

Сонымен бірге, гигантизмді тұқым қуалайтын бойы ұзын адамдармен де байланыстыруға болмайды.

Ұзын бойлы адамдарды ХІХ ғасырда фотосурет өнері пайда болғаннан кейін суретке түсіру әдетке айналды. Олардың барлығы дерлік циркте және түрлі шоулар мен ұсқынсыз адамдардың шерулерінде өнер көрсету арқылы күн көрді.

Массагет порталы ХІХ ғасырда өмір сүрген тарихтағы алып адамдардың бірнешеуін ұсынады.

 

Мадам Абома

ХІХ-ХХ ғасырдағы шоу-бизнесте "Мадам Абома" деген атпен танымал Элла Уильямс сол кездегі ең ұзын бойжеткендердің бірі еді. Элланың биіктігі 2,28 метр болды (кейбір деректерде 2,32 см), шоумендер оған "Дагомеядан келген Амазонка"  деген өмірбаян ойлап тапты, кейіннен көптеген адамдар арасында бұл әңгіме аңызға айналды.

Элла 1865 жылы АҚШ-та құлдықты жойған Конституцияға 13-ші түзетуге қол қойылғаннан кейін Оңтүстік Каролинада дүниеге келді.

Әлемдегі ең ұзын әйел өзінің ерекше келбетімен Аустралия, Италия, Швейцария, Бельгия, Германия, Ұлыбритания мен Ирландияға барып, цирк пен қойылымдарға қатысты. 1914 жылы Ұлыбритания Германияға соғыс жариялаған кезде Элла АҚШ-қа оралды. Америка Құрама Штаттарында ол ұзақ уақыт бойы түрлі ойын -сауық шоуларында және циркке өнер көрсетті.

"Қытай алыбы" 

Чжан Шичай (қытайша 詹 世 釵)  1841 20 желтоқсанда өмірге келген.  Оның бойының ұзындығы туралы ресми ғылыми дәлел жоқ, бірақ Мельбурндегі Қытай мұражайының мәліметі бойынша, ол 2,4 метр болған. Алғашында алып адам ретінде Шанхайда оны жұрт тамашалау үшін билет алып, кезекке тұрған. 

Осылай Чжан ағылшындардың көзіне түседі. 1865 жылы британдықтар оны сатып алып, Англияға әкеледі. Ол Лондондағы сахнада өнер көрсетті, кейін Еуропаға, Америкаға және Аустралияға саяхат жасады. Шетелде Чжан "Қытай алыбы Чжан" атанды.

Чжан Шичай Еуропаға саяхатқа шыққан алғашқы қытайлықтардың бірі еді. Чжан Шичайдың шет елдегі өмірі соншалықты оңай болған жоқ, шетелдіктер оны тек ақша табудың құралы деп есептеді. Чжан Шичай еуропалық қоғамға кіруге тырысты, британдық үлгідегі киім киді, ағылшын және француз тілдерін үйренді. Америкада оның жалақысы айына 500 доллар болатын.

 

Сильвия Харди

Ол 1824-1888 жылдар аралығында өмір сүрді. Сильвияның бойы 2,13 метр болған. Ол циркте ол ұзақ уақыт зұлымның рөлін сомдады.  жұмыс істеді. Кейіннен ол психолог және діни қызметкер ретінде танымал болды.

Амалия Шульте

"Неміс сұлуы" атанған Амалия Шулте (2,19 метр) бойына сәйкес әдемі келбетке ие болды. 

 

Анна Свон мен Мартин Бейтс

Анна Сван  ұзын бойлы әйел ретінде өмірінде көптеген рекордтарды жаңартты. Анна отбасында сау бала болып туды және басқа балалардан еш айырмашылығы жоқ болатын.  19 жасында оның бойы 2,34 метрге жетті. Ол өте бастамашыл әйел ретінде гигантизмін барынша қолдануға шешім қабылдады. Сөйтіп, саяхат карнавалына қосылып, бүкіл еәлемді саяхаттады. Алып әйелді көргісі келетіндер өте көп еді. Саяхаттап жүріп, болашақ күйеуі, алып капитан Мартин Бейтспен кездесті.

Мартин Аннадан 4 сантиметр қысқа еді. Олар 1872 жылы үйленді. Осылай олар әлемдегі ең ұзын жас жұбайлар ретінде Гиннестің рекордтар кітабында өз есімдерін мәңгілікке қалдырды. 

 Бұл отбасында алып балалар да дүниеге келді, бірақ олар көп ұзамай қайтыс болған. Тұңғыштарының салмағы 10 келі, бойы 76 сантиметр боп өмірге келгенімен, 11 сағат қана өмір сүрген.

Федор Андреевич Махнов 

Федор Андреевич Махнов 1878 жылы Ресей империясының Витебск губерниясында өмірге келген. Бейресми дерек бойынша әлемдегі ең ұзын адам саналады. Оның бойы 2 метр 85 сантиметр, салмағы 182 кг болған.

Біраз уақыт ол циркте жұмыс істеді. Бүкіл әлемді шарлады. Германияда, Ұлыбританияда және АҚШ -та қойылымдарға қатысты. Президент Теодор Рузвельтпен кездесті. Бірақ көп ұзамай туған еліне оралды.

Федор Андреевич 34 жасында өкпе ауруынан қайтыс болды. Кейбір деректерде оны қарсыластары көре алмай улады деген дерек бар. 

Тарихтағы ресми түрде ең ұзын атанған адам

Роберт Першинг Уодлоу (ағылш. Robert Pershing Wadlow; 1918 ж. 22 ақпан, Алтон, Иллинойс - 15 шілде, 1940 ж. Манисти, Мичиган) – Гиннестің рекордтар кітабына ресми түрде тіркелген тарихтағы ең ұзын адам.  Гипофиз ісігі мен акромегалиядан зардап шеккен Уодлоу ұзақ өмір сүрмеген. Оның бойы 272 см, салмағы 199 кг болатын. Осылайша, Уодлоу украиналық Леонид Стадниктен 19 сантиметрге (253 см) және түркиялық Сұлтан Көсеннен 21 сантиметрге ұзын адам ретінде тарихта қалды. 

Көзі тірі ең алып адам

Сұлтан Көсен 1982 жылы 10 желтоқсанда туған. Түрік фермері, қазіргі уақытта Гиннестің рекордтар кітабына сәйкес әлемдегі ең ұзын адам. Оның бойы 251 см.  Сұлтан тарихтағы ең ұзын адам – Уодлоудан 21 см қысқа. 

Ұзын бойының арқасында Сұлтан бақшадағы ағаштармен, шамды ауыстыру және үй шаруашылығына басқа да көмек көрсетеді. Ол 62 өлшемді аяқ киім киеді және көбінесе орташа өлшемді көлікке сыймайды.