- Негізгі бет
- Әлемтану
- Тарихтағы алапат өрттер:...
Тарихтағы алапат өрттер: Нотр-Дам де Пари алғашқысы емес
15 сәуір күні Париждің мақтанышы, тарихи сәулет өнерінің көне жәдігері, 900 жылдық тарихы бар Нотр-Дам де Пари өртке оранды. Тілсіз жау әп сәтте Францияның талай оқиғасына куә болған тарихи ғимаратын күл етті. Ғибадатхананың 3/2-сі жарамсыз болып қалды. Қайғырғандар қаншама. Франция ел басшысы адамдарға басу айтып, ғимаратты 5 жылда қалпына келтіруге уәде берді. Ол үшін қайрымдылық жасап жатқандар да бар. Осы уақытқа дейін миллиард еуро жиналған көрінеді.
Айтайын дегеніміз Нотр-Дам сынды сәулет өнерінің жануы таңсық емес. Тарихта бір тарихи ғимарат түгілі тұтас қалалар да жанып кеткен. "Атың шықпаса жер өрте" деп тек қазақ халқы ғана айтпаған екен. Атын шығару үшін небір қылмысқа барған, тарихи ғимараттарды өртегендер аз болмаған. Назарларыңызға солардың бірнешеуін ұсынамыз.
©slideplayer.com
Ұлы Рим өрті
Бұл ежелгі қала 64 жылы тоқтаусыз 5 күн жанған. Өртті император Нерон қала ортасына сарай салу үшін әдейі ұйымдастырды және христиандардың ұйымдастырған қылмысы деген сыбыстар бар. Бүкіл қаланы орап алған жалын нәтижесінде Римнің 14 ауданының 10-ы түгелдей жанып кеткен. Осыдан соң император Нерон шынында да қала ортасындағы тазаланған алаңға үлкен сарай салдырған, бірақ одан пайдалана алмады. Көп өтпей биліктен шеттетілді.
©pikabu.ru
Артемида өрті – Герострат қылмысы
Тарихдағы барлық өрт қайғылы оқиғалар, кездейсоқтықтан немесе дұшпан шабылуынан бола бермеген. Мысалы, б.з.б 356 жылы Эфес қаласында өмір сүрген Герострат есімді азамат тарихқа өз атын өшпестей етіп қалдыру үшін қасиетті, атақты һәм әлемнің жеті кереметінің бірі саналған – Артемида ғибадатханасын әдейі өртеп жібереді. Оны тұтқындағанда "мұны мен істедім, мен өртедім" деп айқайлаған. Сот кезінде өз айыбын мойындап, өртті әдейі тарихта өз атын қалдыру үшін және болашақта адамдар оны есіне алып жүру үшін ұйымдастырғанын айтқан. Әділ қазылар оны ерекше жаза – "ұмытылу" (ұмыту, еске алмау) жазасына үкім етеді. Бірақ Герострат бәрібір мақсатына жеткен. Одан кейін "Герострат" синдромы қалыптасты.
©curiouslondonguide.com
Лондон, 1212 және 1666 жылдар
Англия Жер шарында шексіз коллониялары болғанымен, өз жерінде жер жетіспеушілігі себебінен ғимараттарын өты тығыз етіп салатын болған. 1212 жылғы өрт туралы көп мәлімет сақталмаған. Белгілісі қаланың 4/3 бөлігі жанып кеткен, 3 мыңдай адам қайтыс болған.
Ал 1666 жылғы өрт туралы мәліметтер көп. Бұл өрт бұрынғысынан да ауқымды болып, 13200-ден артық ғимараттар мен үйлер өртеніп кеткен. 4 күн жалынға оранған қаланың негізгі бөлігі күлге айналған. Бірақ 6-ақ адам қайтыс болыпты. Бұл өрт қалаға пайдалы да болған. Себебі сол кезде қала өте лас болып, жұқпалы аурулар мен тышқандардың ордасы болған. Өрт кезінде барлық зиянды жәндіктер мен тышқандар, жұқпалы аурулар жойылып кеткен. Осы өрттен кейін Лондон нағыз мәдениет орталығына, заманауи қалаға айналды. Себебі алапат өрттің қайталануынан қорыққан қала әкімшілігі жаңа ғимараттарды тек тастан қалай бастаған.
©ria.ru
Отқа оранған Мәскеу – Тоқтамыстың өктемдігі, Наполеонның ызасы
1240 жылы құрылған Алтын Орда Русь кінәздіктері жауланып алынғаннан кейін қазіргі Ресей, Украина, Молдова, Қазақстан және Кавказдың жерінде орналасқан алып хандық болды. Тоқтамыс хан Алтын Ордадан бөлініп шықпақ болған Ресей жерлеріне шабуыл жасап, Мәскеуді 1382 жылы өртеп жіберді.
Ал 1812 жылы жылы Мәскеуді француздар жаулап алды. Дәл осы жылы да Мәскеу өртенді. Ресми түрде қаланы француздар өртеген деп айтылады. Бірақ тарихшылар мұнымен келіспейді. Олардың айтуынша, француздардан жеңіліп, қаланы тастап шығып бара жатқан Фёдор Растопчин Мәскеуді дұшпандар иелігіне қалдырғанша өртеп жібергенді абзал көрген. Соғысқа дейін 270 мың халқы болған қалада соғыс кезінде бар-жоғы 6 мың адам қалған еді. Ал соғыста жараланғандар есепке алынбаған, олар өрт кезінде қайтыс болған. 4 күн жалын құшағында болған Мәскеудің негізгі бөлігі мен қала маңындағы кейбір ауылдар түгелдей күлге айналған.
©kidskunst.inf
Чикаго өрті, күл болған 17 мың ғимарат
Бұрын қала қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайтын болған. Салынған ғимараттар түгелдей өртенетін материалдар болатын. Оның үстіне өте тығыз орналасатын. Сондықтан болар өрт қауіпсіздігі сақталмаған кезде қала түгелдей өртенетін. Оның жарқын мысалы, 1871 жылғы Чикагодағы жаппай өрт. Сол кезде қала түгелдей тілсіз жау құшағында қалған. 17 мыңнан аса ғимарат жанып кеткен. Өрттің шығуына О`Лири жанұясындағы қоймадан шыққан ұшқын себеп болған. Адам шығыны – 300.
©kykyryzo.ru
Сан-Францискодағы өртке себеп болған сақтандыру
1906 жылдың 18 сәуірі АҚШ-тың Сан-Франциско қаласы үшін ең қаралы күн болды. Жер сілкінісі нәтижесінде қалада өрт шығады. Жергілігті өрт сөндірушілердің жетекшісі Деннис Салливаның қайтыс болуынан өрт сөндірушілер тобы соң бақылауды жоғалтып, бей-берекет әрекет ете бастайды. Оның үстіне жергілікті тұрғындар да сақтандыру компаниясынан ақша өндіру мақсатында ескі үйлерін жаға бастаған. Нәтижесінде тілсіз жау қаланы түгелдей қамтып, 25 мың ғимарат өртенді, 3 мың адам қайтыс болды.
©wikiwand.com
Жапония, Канто трагедиясы
1923 жылы 1 қыркүйек күні Жапония тарихындағы ең үлкен апатты жағдай орын алды. Токиодан 90, Йокогамадан 65 шақырым эпиорталықта 8,3 балдық жер сілкінісі болды. Токиодағы 300 мыңдай ғимарат қирап, өрт шықты. Оттан қашқан тұрғындар қала алаңына жиналғанымен алаңды от қоршап, одан шыққан түтіннен 40 мың адам уланып өлді. Жалпы Жапонияда 175 адам қайтыс болып, 500 мыңдайы із-түзсіз жоғалды. 4 миллион адам зардап шекті. Бұл жер сілкінісі мен өрт Жапонияны 4,5 миллиард доллар шығынға батырды.
©drugoi.livejournal.com
Сеул – заманауи Герострат
Герострат Артемиданы өртегеннен соң "Герострат" синдромы пайда болды деп жоғарыда айтып өттік. 2008 жылы Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласындағы "Үлкен Оңтүстік Қақпасында" (Намдэмун) өрт шыққан. Өрт сөндірушілердің жанкешті әрекеттеріне қарамай 1398 жылы салынған тарихи мұра түгел жанып кетті.
Кейін VI ғасырлық тарихқа ие өнер мұрасын Чхэ есімді 69 жастағы кореялық өртегені мәлім болған. Өз айыбын мойындаған ол мұндай қадамға қала әкімшілігіне ыза болғаннан әдейі барғандығын айтқан. Кореяға тарихи жәдігерді қайта қалпына келтіру 20 миллион долларға түскен.
Т. Раушанұлы