Жасанды тілдер ХІХ ғасырдың басында пайда бола бастады. Олардың көбінің мақсаты түрлі ұлт өкілдері бір-бірін түсінетін, кең қолданылатын интернационал тіл жасап шығару болды. Жасанды тілдердің дені еуропа тілдері мен латын тіліне негізінделген еді.
Сольресоль
Музыка ноталары негізінде халықаралық тіл жасап шығару идеясын 1817 жылы француз музыканты Жан Франсуа Сюдр ұсынды. Бұл тілдің әліпбиі ноталардың атауынан құралған. Сольресоль тілінде ән айтып, музыкалық аспапта ойнап сөйлесуге болады екен.
Тілдегі кейбір ұғымдар екпін арқылы беріледі. Ал етістіктің түрлі формасын, сын есімдер мен үстеулерді білдіру үшін қосымша сөздер қолданылады. Сольресоль пайда болған соң 50 жыл бойы танымал болды. Дегенмен оның практикалық икемі жоқ еді. Кейін оның орнын волапюк пен эсперанто басты.
Универсалглот
Универсалглот – еуропа тілдері негізінде жасалған тіл. Оның авторы – француз лингвисі Жан Пирро. Жасанды тілдің жобасы 1868 жылы ұсынылды. Универсалглотта латын әліпбиі мен роман, герман тілдеріндегі оңай айтылатын сөздер қолданылды. Пирро тілдің жүйесін жасап, түрленуге бейім жеті мың сөздің базасын жасаса да оның жобасы қолдауға ие болмады. Оны тек кәсіби лингвистер ғана елеп-ескерген еді.
Волапюк
Волапюк ХІХ ғасырдың екінші жартысында аса танымал болған тұңғыш жасанды тіл болды. Оның авторы католик дін қызметшісі Иоганн Шлейердің айтуынша, волапюкті жасау идеясы 1879 жылы оған Құдай түсінде аян бергенде пайда болған. Волапюк әліпбиі латын тіліне негізделді, ал сөздік қорды толтыру үшін бірнеше еуропалық тілдердың лексикасы пайдаланылды. Дегенмен волапюк неміс тіліне ұқсап кетті де, оны үйрену қиынға соқты. Тілді қолданысқа енгізу туралы реформа сөз болғанда, оны жақтаушылар мен даттаушылар арасында қарама-қайшылық туып, волапюк актуалдығын жоғалта бастады.
Эсперанто
Эсперанто – жасанды тілдердің ішіндегі ең танымал тіл. Жобаны бала кезінен түрлі ұлтқа ортақ тіл жасап шығаруды армандаған поляк окулисі Лазарь Заменгоф 1887 жылы ұсынды. Заменгоф эсперантоны кез келген еуропалық адам оңай меңгереді деп сенді. Себебі жасанды тіл роман-герман тілдеріне негізделіп, 16 негізгі грамматикалық ережеден тұрды. Эсперанто ХХ ғасырдың басында өте танымал болды. Оны тіпті халықаралық ұйымдардың тілі деп бекіту туралы мәселелер көтеріле бастады. Алайда Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін эсперанто ұмытылып кетті. Түрлі дерек бойынша, қазір әлемде эсперантоны 200 мыңнан аса адам меңгерген.
Интерлингва
Бұл жасанды тіл латын тілінің ықшам формасын ұсынды. Интерлингва 1903 жылы италян математигі Джузеппе Пеаноның арқасында пайда болды. Оның ойынша, латын тілі барда өзге халықаралық тілдердің қажеті шамалы. Ол бұл туралы De Latino sine Flexione, Lingua Auxiliare Internationale деген мақаласында жазды. Бұл мақала классикалық латын тілінде басталып, интерлингва жасанды тілінде аяқталған. ХХ ғасырдың басында интерлингва тілінде үш мыңға жуық түрлі материал шықты. Осылайша интерлингва практикалық тұрғыда кең пайдаланылған тұңғыш тіл атанды. Дегенмен интерлингва эсперанто сияқты сиырқұйымшақтанып кетті.
Новиаль
Новиаль 1928 жылы дат лингвисі Отто Есперсен бастамасымен пайда болды. Автор тағы бір жасанды тіл идоны жетілдіріп, қарапайым, оңай тіл жасағысы келді. Новиаль сөздігі роман-герман тілдерінен құралған, ал грамматикасы ағылшын тіліне ұқсас. Есперсен дүниеден өткен соң, бұл жасанды тіл де жоғала бастады.
Линкос
Линкос – Жерден тыс өркениетпен байланыс орнату үшін жасалған тіл. Оны 1960 жылы нидерланд математигі Ханс Фройтендаль ұсынды. Латын тіліндегі lingua cosmica ("ғарыш тілі") деген тұрақты тіркестің бірінші буындарынан құралған линкос тілінің табиғаты математикалық жүйеге негізделген. Линкостың мақсаты – жат планеталықтарға хабар беру, ғарышты зерттеу.
Ифкуиль
Ифкуиль тілін америкалық лингвист Джон Кихада 1978 жылдан 2011 жылға дейін жасаған. Ол көп ақпаратты барынша ықшам етіп жеткізуге болатын тілді қолданысқа енгізкісі келді. Осылайша, ифкуиль адамзат коммуникациясының мүмкіндігін көрсетер еді. Әйтсе де, ифкуиль грамматикасы, фонологиясы мен орфографиясы күрделі тіл болып шықты.