- Негізгі бет
- Әлемтану
- Таныс та бейтаныс...
Таныс та бейтаныс Бахрейн
16 желтоқсанда Қазақстанмен қатар Тәуелсіздік күнін тойлайтын тағы бір ел бар. Ол – Бахрейн. Бұл елде Тәуелсіздік күні екі аптаға созылған. Дегенмен ресми екі күн бекітілген.
Бахрейн 1971 жылы Ұлыбритания бодандығынан босап, 16 желтоқсанды Тәуелсіздік күні етіп бекіткен. Кейін ел билеушісі Хамад ибн Иса Аль Халифа таққа келгеніне бір жыл болғанына орай мерекені екі күнге бөлді. Осылайша Бахрейн 16-17 желтоқсанда Тәуелсіздік күнін тойлайды.
Бір аптаға созылатын мереке күндері корольдің қатысуымен түрлі іс-шара өтіп, халық алаңда тойлайды. Ел астанасында парад ұйымдастырылып, ән-кештері өтеді. Сондай-ақ Тәуелсіздік күніне орай король елге еңбегі сіңген азаматтарды мемлекеттік наградамен марапаттайды.
1-факт. Аумағы жағынан араб елдерінің ішіндегі ең кішкентайы. Оған қоса Бахрейн ірі үш аралда орналасқан мемлекет. Дегенмен Бахрейн құрлықпен байланыстыратын көпір салып, Араб түбегіне көлікпен жететіндей мүмкіндік жасап қойған.
2-факт. Бахрейн тәуелсіздігін ала салысымен АҚШ-пен қарым-қатынасын жақсартты. Тіпті, бұл елдің валютасы саналатын динар АҚШ долларына тікелей тәуелді. Ал ел астанасы Манаманың маңында Американың ірі әскери-теңіз базасы бар.
3-факт. Монархия саналатын Бахрейнді король басқарғанымен Конституция бойынша оның билігі шектелген. Алайда елде партия ашуға тыйым салынған.
4-факт. Бахрейннің аумағы 766 шаршы шақырымды құрайды. Ал халық саны 1 миллион 300 мыңнан асып жығылады. Халықтың тек 12% ел астанасы Манамада тұрады.
5-факт. Елдің аумағында бір де бір өзен жоқ. Бұған қоса үш арал да шөлдала саналады. Дегенмен ел билігі қалаларын безендіріп, барынша тұруға қолайлы жағдай жасауға тырысады.
6-факт. Өзге араб елдеріндегідей туристерге қатаң қарайды. Егер сіз бұл елге бірінші рет келсеңіз жергілікті халықты фотоға түсіруге болмайтынын ескере жүріңіз. Өйткені біреуді фотоға түсіру оның жеке өміріне қол сұғу деп саналады.
7-факт. Аумағы кішкентай болғандықтан ел билігі жасанды аралдар жасаумен проблеманы шешіп жатыр. Қазірдің өзінде Амвадж деп аталатын жасанды аралдың 10 мың тұрғыны бар.
8-факт. Ұзақ уақыт бойы Бахрейн тұрғындары бейсенбі және жұма күндері демалған. Тек 2006 жылы демалыс күндерін жұма мен сенбіге ауыстырды.
9-факт. Бахрейнде туризм жақсы дамыған. Жылына бұл елге 8 миллионнан астам турист келеді екен.
10-факт. Туристерді Бахрейннің бай тарихы қызықтырады. Біздің заманымыздан ІІІ мың жыл бұрын бұл маңда дамыған өркениет болған.
А. Рысдәулет