Осыдан 71 жыл бұрын Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбалары көптеген адамның өмірін бір мезетте жұлып әкетті. Сондай-ақ, Бикини атолындағы ядролық қару сынағы жапондық балықшыларды сәулеленуге ұшыратып, кейіннен соның салдарынан ажал құштырды.
Осы сияқты жүздеген ядролық сынақ зардабын тартқан Қазақстан да атом қаруына қатысты шынайы ақиқатты ерекше түсінетін мемлекет болып саналады. Сондықтан, Семей ядролық полигоны жабылуының 25 жылдығына арналған халықаралық конференция ядролық сынақтардың радиоактивті сәулелерінің зардаптары жайлы шындықтың барша әлемге кеңінен таралуына үлес қосады. Соған орай мен аталған конференцияның өткізілуін құптай отырып, Қазақстанның осы мәселедегі көшбасшылық рөліне құрмет сезімімді білдіргім келеді.
Ядролық қарусыз әлем құру үдерісіндегі маңызды қадам – ядролық қаруды қолдану салдарының ауыртпалықтарын ұғыну. Ядролық қарудан зардап шеккен тағдырлас Жапония мен Қазақстанның алдында ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу сынды аса маңызды міндет тұр. Жапония да Қазақстан секілді заман және шекара ұғымдарымен шектелмей, ядролық қарудың адами ізгілікке жат екендігін мейлінше кеңірек жария ету үшін барша күш-жігерін жұмсап отыр.
Мысалы, Жапония әлемнің түкпір-түкпірінде атом бомбасы тақырыбына арналған көрмелер ұйымдастырып келеді. Осыдан екі жыл бұрын тамыз айында Қазақстан Үкіметінің қолдауымен Астана қаласында «Хиросима және Нагасаки туралы естелік» көрмесі сәтті өткен болатын. Сонымен бірге, атом бомбалауынан зардап шеккендердің куәгерлік түсініктері бірнеше тілге аударылып, арнайы веб-сайтта жарияланды. Атом бомбасының қасіретін тартқан адамдар бүгінде қартайып келе жатқанын ескеріп, ядролық қаруға қатысты ақиқатты басқаларға жеткізу жауапкершілігін жастарға тапсыру мақсатымен 2013 жылы «Ядролық қарусыз әлемнің жас уәкілі» жүйесі құрылды. Ядролық қарусыз әлемнің жас уәкілі ретінде тағайындалған көптеген жапонның және шетелдің жас азаматтары халықаралық конференцияларға белсенді қатысады. Шетел азаматтарын Хиросима мен Нагасаки қалаларына келіп, атом бомбасының қасіретімен жақынырақ танысуға шақырады.
Жуырда, сәуір айында Хиросима қаласында «G7» Сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті. Ал мамыр айында АҚШ Президенті Барак Обама алғаш рет ядролық қаруға ие мемлекеттің басшысы ретінде сапармен Хиросима қаласында болып, атом бомбасының зардаптарын өз көзімен көрді және ядролық қарусыз әлем құруға бағытталған үндеу жариялады. Ядролық қарудың құрбаны болған Хиросима жерінен жарияланған осы үндеу әлем халықтарына үлкен үміт сыйлады деп сенемін.
Сол сияқты Семей полигоны жабылуының 25 жылдығына арналған халықаралық конференция да атом қаруынан бас тарту үдерісінің қарқынын арттыра түседі деп үміттенемін.
Жапония Қазақстанмен бірге Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартының (ЯСЖТШ) күшіне енуіне қолғабыс көрсету Конференциясының тең төрағасы ретінде тағайындалғаны мәлім. Қазір аталған шартқа қол қою мен ратификациялау талап етіліп отырған мемлекеттерде шарттың күшіне енуіне тезірек қол жеткізу үшін белсене ықпал етіп жатыр. Сонымен қатар, Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэ мен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзара бес рет кездескен болса, Жапония мен Қазақстан арасында екі рет жоғары дәрежедегі Бірлескен мәлімдеме қабылданып, онда ЯСЖТШ-ның тезірек күшіне енуінің маңыздылығы туралы үндеу жасалды.
Жапония мен Қазақстанның алдағы уақытта да бірлесе отырып, ядролық қарусыз әлем құру үшін бар күшін салатыны күмәнсіз.
Матомэ Такисава, Жапонияның Парламенттік вице-министрі
Дереккөз: Егемен Қазақстан