- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Жапон халқының үйлену...
Жапон халқының үйлену тойы
Еуропалық мемлекеттерге той жасау мерзімі көктем болса, славян халқында күз мезгілі. Ал Жапон халықтары үшін той мерзімі жаз мезгілінде басталып, күз мезгіліне дейін жалғасады. Әр жапон күнтізбесінде неке қиюға сәтті бақытты күндер белгіленген.
Тойға дайындық белгілеген күнге дейін алты ай бұрын басталады. Күйеу жігіттің әке-шешесі қалыңдықтың әкесінің алдынан өтіп, одан рұқсат сұрайды. Қалыңдық пен күйеу жігіт бір- біріне сақина кигізеді. Екі жанұя бір- біріне сый-кәде тарту етеді. Салт бойынша, қалыңдыққа бағасы 5 000 АҚШ долларынан аспайтын гауһар тастармен әшекейленген алтын сақина сыйлауы қажет. Қаражат жағынан қиналған жағдайда жұлдыз белгісі бейнеленген тасы бар сақина сыйлауға болады. Өз тарапынан қалыңдық күйеу жігітке сый тарту керек (сыйдың бағасы маңызды емес). Қалыңдық жанұясына ақшалай сый береді. Ол қаражат тойға жұмсалады.
Кейін кимоно мәселесі қолға алынады. Кимононы жалға немесе сатып алса да біраз шығынды талап етеді. Үйленетін жастардың әр қайсысының кимоносы тойға кеткен бүкіл шығынмен бірдей болуы мүмкін. 70 адамға арналған орта деңгейдегі той үшін қалыңдық ата-анасы 5000 АҚШ долларына дейін жұмсайды.
Сондай-ақ, тойға шақырту қағаздарын таңдап, сатып алу қажет. Жапон тойларына шақырылатын қонақтардың саны 10 адамнан 500-700 адамға дейін жетеді. Тойға кететін қаражат той деңгейі мен көлеміне байланысты, шамамен, 5 000 АҚШ доллардан 25-50 мың АҚШ долларына дейін барады. Жапония тойларының ерекшелігі үйленіп жатқан жастар келген қонақтарға тұрмысқа қажетті сый-кәделер тарту етеді. Ал тойға келген қонақтар жастарға чек немесе конвертке салынған ақша сыйлайды. Әдетте, сый көлемі 200-300 АҚШ долларын құрайды. Туған-туыстар 10 000 АҚШ долларына дейін ақша сыйлайды.
Жапонияда тойды арнайы салынған той орталықтарында өткізеді. Бұл орталықтарда тойды синтоисттік, буддистік және христиандік рәсімдер бойынша өткізеді. Сонымен қатар, жастардың қалауы бойынша, тойды заманауи еуропалық салтқа сүйене отырып та жасауға болады.
Ең бірінші салт-дәстүрге жол беріледі. Синтоисттік салт бойынша, қалыңдық жүзі нәзік қызғылт пен аппақ түстер араласқан рең болуы керек. Батыста жапон әйелдерін танымал еткен қыш реңді қалыңдық бетіне қызғылт түсті май бояуын жағу арқылы түсіреді. Содан кейін қалыңдық беті маржандай аппақ болады.
Қалыңдықтың той киімі ишикаке деп аталды. Кимононың астыңғы жағы ақ матадан, «оби» қызыл-алтын түсті белдіктен және үстіңгі жағы алтынмен аптаған ауыр жібек матадан тігіледі.
Міндетті түрде қалыңдық биік парик тағуы керек. Парикке «цунокакуси» орамалы жабылып, оның ішіне жасырын мүйіздер тағылады. Бұл мүйіздер қызғаншақтықтың белгісі болып табылады. Жапонияда қызғаншақтық ар-ұятты дүние. Осыған орай, «мүйізді болма», яғни «қызғаншақ болма» деген ескерту айтылады.
Қолына үлкен қолшатыр ұстаған, ақ баулары мен хаори жабылған қара кимоно киген күйеу жігіт пен той киіміндегі қалыңдық ақырындап ғибадатханаға кіреді. Ғибадатханаға тек екі жастың ең жақын туыстары ғана бірге еріп кіре алады. Екі жас ғибадатханаға кірген бойда төрге қарай жүреді. Оларға күрішке толы ыдыстар, кептірілген балдырлар мен күріш арағы «сакэ» ұсынылады. Кото ұлттық аспабында бір абыз ән айтса, бірі қағаздан жасалған гүлдері бар таяқшамен жын-перілерді қашырады. Жас жұбайлар үш мәрте сакэден ұрттаған соң, оны туыстарына ұрттауға береді. Осы мен рәсім аяқталады. Ғибадатханаға әуелі қалыңдық кіреді, ал шыққанда күйеуінің соңынан еріп шығады. Буддистік рәсімнің синтаистіктен еш айырмашылығы жоқ.
Дәстүрлі рәсімдерден соң, қалыңдық еуропалық сәндегі той көйлегін кисе, жігіт те кимононы костюмге ауыстырады. Содан кейін олар католик шіркеуіне кіріп, христиандік неке қию рәсіміне көшеді. Жапония тойларында көліктерді гүлдермен безендірмейді. Салтанатты стилді ұстанға той кортежі жас жұбайларды тойханаға апарады. Тойларда би болмаса да, караокемен ән айтылып, асаба қонақтарды қызыққа бөлеп, кеш бойы жастардың көңіл-күйін көтереді. Екі жас үшін бал айы болмауы да мүмкін. Болған жағдайда жастар қонақтарды қалдырып, сол кеште саяхатқа шығып кетеді. Заңды түрде некені жергілікті әкімшілікте анықтама алғанда рәсімдейді.
Жапонияда «накадо» жеңгетайлық қызмет ең құрметті әрі міндетті. Жеңгетайлық қызметті әйел не ер адам атқара алады, әдетте бұл қызметті ерлі-зайыптылар атқарады. Жапон елінде еңгетайлық қызмет үлкен сұранысқа ие. Сондай-ақ, неке бюролары мен агенттіктері жеңгетайлық қызмет көрсетеді. Әсіресе, жалғыз басты қарт адамдарға арнайы компьютерлік бағдарлама арқылы жұп бола алатын жандарды тауып береді.
Көне жапон кітаптарында қыздар мен жас келіншектерге арналған көптеген кеңестер жазылған.
«Ер адам әйелді ата-анасына жақсы қызмет атқарсын деп алады»
«Келін бала мен ене бір-біріне үлкен құрметпен қарап, қамқор болуы керек. Енесі келініне шамадан тыс жұмыс істетпеуі керек. Сонда ғана жас келіннің жаңа әулеттегі өмірі ауыр болмайды»
Уақыт өткенмен жас ұрпақ ата-бабадан мұра болып қалған салт-дәстүрлерді жоғалтпай, келешек ұрпақ үшін сақтап қалады. Неке қиюға бел буған әр азамат бақытты болуға лайық!
Суреттер ғаламтор беттерінен алынған
Ғ. Ұзақ