Суға батқан ежелгі қалалар

Суға батқан ежелгі қалалар
Фото: hi-news.ru

Суға батқан қалалар туралы сөз болғанда, көбі бірден Атлантида туралы ойлайды. Бүгінде ғалымдар Атлант өркениеті болған-болмағаны туралы ортақ пікірге келмегенімен, планетада басқа да көптеген батып кеткен қалалар бар. Солардың бірнешеуін назарыңызға ұсынамыз.


Ғалымдардың пікірінше, Данвич қаласы 700 жыл бұрын суға батып кеткен

1. Данвич

ХІ ғасырда Данвич Англияның ең ірі қалаларының бірі болды. Алайда ХІІІ-ХІV ғасырларда қатты дауыл салдарынан қала су астына батып кеткен. Жергілікті тұрғындар алға қарай жылжып келе жатқан суды ұстап, қаланы су тасқынынан құтқаруға тырысып, қорғаныс ойықтарын салғанымен бәрі бекер болған. Бүгінде сүңгуірлер төрт шіркеу, көптеген тұрғын үйлердің, тіпті кейінірек қала маңындағы айлақта қираған кеменің қалдығын тапты. Қазір бұл жерде археологиялық жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.

 2. Байи

Байи қаласы Неапольдан батысқа қарай 16 шақырым жерде орналасқан. Бұл ежелгі Рим қаласы Улисстің кемесін басқарған басқарушы Байос есімімен аталған. Ежелгі Рим дәстүрінде айтылғандай, Байи жұмсақ климаты, жайқалған өсімдігі мен ыстық бұлағы бар тұрғындар үшін өте қолайлы мекен болған. Жалпы, оны "Жердегі жұмақ" деп атаған. Қалада көптеген сәнді виллалар мен үлкен ғимараттар, рим халқына ұнайтын қоғамдық моншалар болған.

Аймақтағы жанартаудың әсерінен қаланың бір бөлігі Неаполь шығанағында батып кетті деп саналады. Бұл жерге 1941 жылдан бері археологиялық зерттеу жүргізіліп келеді. Аймақтың суы мөлдір, бұл сүңгуірлерге су астында қалған қаланы мұқият зерттеуге мүмкіндік береді, оның бөліктері, соның ішінде күрделі мозайка едендері, 1700 жыл бойы су астында болғанына қарамастан, толықтай сақталған. Сүңгуірлер жолдарды, қабырғаларды, тіпті Улисс пен Байостың мүсіндерін бұзылмаған күйінде тапқан.

3. Гераклион

Египеттің  Гераклион қаласы мыңдаған жыл бұрын әлемдегі ең ірі қалалардың бірі еді. Қала 1999 жылы археолог Фрэнк Годдио қайта ашқанға дейін аңыз болып саналды. Бұл жерден көптеген қазыналар табылды, олардың ішінде биіктігі 5 метрге дейінгі алып мүсіндер бар. Қала ІІІ ғасырдың бірінші жартысында суға бата бастады, ал VІІІ ғасырда  Жер бетінен мүлдем жоғалып кетті.

Археологтар Гераклионның маңызды сауда порты болғандығын болжай отырып, жүздеген кемелердің қалдығын тапты. Қаланың орталығында сол кездегі Египеттің жоғарғы құдайы Амунға арналған үлкен ғибадатхана болған.

Райвенсер Одд  – ортағасырлық қарақшылар қаласы

4. Рейвенсер Одд

Рейвенсер Одд – Англияның Йоркширдегі орта ғасырлық қарақшылар қаласы. Бұл Скандинавиядан келетін кемелер үшін ең жақын порт саналды. Райвенсер Оддтың азаматтары салық төлеуден босатылды, ал қала іс жүзінде өз-өзін басқаратын шағын мемлекет есебінде еді. Оның өз мэрі, соты, түрмесі  болды.

Орта ғасырда қала ақырындап суға бата бастады. Ал 1362 жылы қаңтарда болған, қатты дауыл мен ерекше жоғары толқын Райвенсерді мәңгіге су астына батырды.

Кекова – Византия дәуіріндегі түрік қаласы

5. Кекова

Түркияның Кекова аралында орналасқан қаланы біздің дәуіріміздің екінші ғасырында жер сілкінісі қиратқан. Тарихи жазбалар бұл арал Византия дәуірінде ірі қала болғанын дәлелдейді.

Бүгінде бұрынғы қаланың орнында Жерорта теңізінің мөлдір көк суының астында қирандыларды көруге болады, ал жергілікті тұрғындар су астындағы қаланы көру үшін туристерді қалаға апарып қосымша табыс табады. Бұл жерден судан шығып тұрған жартылай батып кеткен қирандыларды және тас баспалдақтары бар ғимараттарды көруге болады.

 

6. Атлит Ям

Атлит Ям 9 мың жыл бұрын су астына батып кеткен қала. Ол Израиль жағалауынан 1 км қашықтықта Жерорта теңізінде орналасқан. Оның таңқаларлықтай сақталғаны соншалық, қазіргі кезде адам қаңқалары су астындағы қабірлерде жатыр. Атлит Ям – адамзатқа белгілі алғашқы батып кеткен қалалардың бірі. Мұнда тастан жасалған едендер, каминдер және тіпті құдықтары бар үлкен үйлер бұзылмай сақталған. Қаланы 1984 жылы кеме апаттарын іздеу кезінде теңіз археологы Эхуд Галили алғаш болып тапқан.

Артефактілердің жасын ескере отырып, археологтар сыртқы ауа оларды жойып жіберуі мүмкін деп болжаған. Сондықтан табылған қазыналар су түбінен шығарылмаған. Археологтар 9000 жылдық қирандыларды бүлдіруден қорқып, астарында не жатқанын көру үшін құмдарды ығыстыратын табиғи ағындарды күтеді. Бұл жерде Стоунхендждегіге ұқсас, монолитті тас шеңбер табылған. Осы жерден табылған адам сүйектеріне жасалған анализде туберкулез белгілері байқалған.

Қытайдың арыстан қаласы

7. Шичэн

Қытайдағы Шичэнді (немесе Лион қаласы) 1959 жылы Циандаоху бөгетін салу кезінде үкімет әдейі суға батырған. Сол кезде 300 мың қала тұрғыны қоныс аударылды. Қала ХІV ғасырда салынған керемет классикалық қытай сәулетімен ерекшеленетін. Шичэн 2001 жылға дейін су түбінде жатты, тек сол жылы Қытай үкіметі қаланың жағдайын білу үшін оған экспедиция жіберген. Осы кезден бастап археологтар арасында қаланы зерттеуге деген қызығушылық артты.

Сүңгуірлер тек арыстардың ғана емес, сонымен қатар феникстердің, айдаһарлардың және басқа жануарлардың мүсіндерін, XVI ғасырдағы ежелгі ғимараттарды тапты. Бүгінде үкімет сүңгуірлерге шамамен 40 метр тереңдікте жатқан қирандыларды зерттеуге рұқсат берген. Қала керемет жақсы сақталған, өйткені суық су тіпті ағаш баспалдақтардың шіріп кетуіне де жол бермеген.

Туниске жақын жоғалған Неаполис қаласы

8. Неаполис

2017 жылы археологтар 1700 жыл бұрын цунами басқан Туниске жақын жоғалған Неаполис қаласын тапты. Қирандылар арасында сол кезде танымал болған балық тұздығының түрі – гарум жасау үшін пайдаланылған жүздеген ыдыстарды, қала көшелерін сол күйінде кездестірген. Неаполис Рим дәуірінде маңызды өндірістік аймақ болған және Рим әлемінде балық тұздығы өндірісінің негізгі орталығы болып саналған. Қирандылар 20 гектар аумақты алып жатыр, қаланы біздің заманымыздың 365 жылы шілдеде болған цунамиден кейін су басқан. Дәл сол цунами Александрияны да қиратқан 8 балдық жер сілкінісі тудырған.

9. Камбей

2000 жылы желтоқсанда ғалымдар кездейсоқтықпен Үндістанның батыс жағалауынан Камбей шығанағында (Камбата шығанағы деп те аталады) жоғалған үлкен қаланы тапты. 37 метр су астында жатқан бұл аумақтың ұзындығы 8 шақырым, ені 3,2 шақырым. Оның жасы 9 мың жылдан асады деп есептеледі. Сол кезде табылған жәдігерлердің арасында қабырғалардың сынықтары, мүсіндер мен адам сүйектері болған.

Содан бері жәдігерлердің жасы да, тас қабырғалар да адам қолымен жасалған ба, жоқ па, қызу пікірталас тудырып келеді. Егер бұл расталса, онда Камбей аса маңызды олжа ретінде танылады, өйткені ол Инд алқабындағы өркениеттен 4 мың жас үлкен. Қаланы соңғы мұз дәуірінде судың көтерілуі басқан болуы мүмкін.

Олус – Крит жағалауында

10. Олус

Олус Криттің солтүстік жағалауындағы теңіздің түбіндегі қала. Біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықта ол маңызды порт болған.  Қала тұрғындары дәулетті, порттың өз валютасы бар еді. Ол "субұрқақтар қаласы" деп аталды. Аңыз бойынша қарақшылар қазынасын тонайды деп қорыққан тұрғындар айналадағы таулардан 100 арық қазған. 99 арықта су, ал біреуіне қаланың бүкіл алтын қазынасы жасырылған екен. Бірақ бұл қазына табылмаған. Қала жанартаудың атқылауынан қираған болуы мүмкін немесе табиғи жағалау эрозиясының нәтижесінде біртіндеп суға батып кеткен.

Т. Раушанұлы