Швейцария – Еуропаның орталық бөлігінде орналасқан, Альпі тауларының нақ жүрегіндегі кішігірім мемлекет. Швейцария сөзін естігенде, әлемдегі ең дәлме-дәл сағаттар, дәмі тіл үйіретін тағамдар толы асханалардың еске түсетіні рас. Бірақ, бұл дегеніңіз Швейцарияның бар байлығы емес. Және бұл мемлекеттің қазынасы атақты банктер мен темір сейфтерде жасырулы жатқан да жоқ. Сізге мұны түсіну үшін көп нәрсенің керегі де шамалы. Бар болғаны өміріңізде бір рет қана Швейцарияның көз тартар әдемілігіне куә болып, шегі жоқ өзендерін тамшалап, Альпі тауларының мақпалдай самалын сезініп, сарқырамаларды, адам жанын тыныштандырар көк шалғындар мен жүзімдер алқабын көрсеңіз болғаны.
Бүгінге дейін сақталып келген Ортағасырлық қалалар мен игілікті ахуал - сіздің жадыңызға естен кетпес әсер қалдыратынына сенімдіміз. Гуманизм екінші кезекке ысырылған заманда сізбен бізге жете бермейтін тұрақтылық пен жайбарақаттық жайлаған мемлекеттің сізге ұнамауы мүмкін емес.
Швейцария – өзінің тау шаңғысымен танымал болған шипажайлары және басқа қысқы спорт түрлерімен айналысатын орындарымен жылдан-жылға әлемнің түкпір-түкпіріндегі туристерді таң-тамаша қалдыруда. Бұл мемлекеттен жылдың кез келген маусымында айналысатын істі қиналмастан табуға болады. Әсіресе ең қолайсыз күз мезгілінің өзінде тау велосипедімен серуендеуге, парапланмен ұшуға мүмкіндік бар. Тіпті өзіңізді альпинизм саласында да байқап көруіңізге жол ашық.
Сонымен қатар, мемлекетте 600-ге жуық музей бар. Атағы кеңге жайылған Базель, Берн, Женева және Цюрих өнер мұражайларының орындары тіптен ерекше. Швейцарияда Невшатель, Тун, Моржедегі Вифлен сынды ортағасырлық қорғандардың қатары да аз емес.
Сөз барысында Швейцарияның нышаны саналатын ірімшік пен шоколад туралы да ұмытпағанымыз жөн. "Nestlе" шоколад фабрикасына саяхаттан кім бас тарта алады дейсіз? Айтпақшы, көптеген елдер таңдай қаға отырып жейтін классикалық ірімшіктің отаны Фрибур кантонындағы Грюйерге жолыңыз түсе қалса, сүйікті ірімшіктеріңіздің қалай дайындалатындығының куәгері болуға әбден болады.
Швейцария туралы сөз болған тұста, Женева туралы айтпай өткеніміз ағаттық болар. Женева – Швейцарияның ең үлкен қалаларының бірі. Кейде бұл қаланы әлемнің астанасы деп те атап жатады.
Мұның тарихы тереңде жатыр. Өйткені б.з.д I ғасырда Юлий Цезарь Женеваны «цивитас», яғни аумақтың басты қаласы деп атаған екен. Суреттегідей ортағасырлық шағын үйшіктер, мөлдір сулы субұрқақтар Женеваның көркіне көрік қосады.
Суреттер: ru.myswitzerland.com, kostyor.ru, pragagid.ru, youroute.ru