Фаст-фуд атауымен байланысқан есімі ерекше бұл мекенді естімедім, білмедім деп ойлайтындар көп-ақ. Бірақ, бұл аймақ жарты әлемнің назарын өзіне аударып тұрған ең танымал туристік орындардың бірі. 1778 жылдың 18 қаңтарында ағылшынның теңіз саяхатшысы Джеймс Кук Тынық мұхитында табиғаты көз тартарлықтай үлкен аралға кез болады. Бұл мекенгесаяхатшы Кук 4-граф Сэндвичтің құрметіне Сэндвич аралдары деп ат қояды. Сол заманнан бастап бұл аймақ ХІХ ғасырдың басына дейін дәл осылай аталып келді. Ал, аралдың қазіргі атауы мүлде басқа. Әлемдік ең негізгі туристік нысанның бірегейі Гавай аралдары. АҚШ-тың 50-штатында орналасқан бұл арал Архипелаг аралдарының ішіндегі ең ірісі. Бұл жерде АҚШ-тың 44-Президенті Барак Обама дүниеге келген. Сонымен қатар, бұл аралдағы жергілікті тұрғындардың гавай тілі әлемнің ең көне тілдерінің бірі. Бірақ, 1778 жылы бұл мекенге Еуропалықтардың келе бастауына байланысты гавай тілінде сөйлеушілердің саны күрт азайып кеткен. Қазіргі уақытта, гавайлықтардың тек 1% ғана дәл осы ана тілінде сөйлейді. Тілдің уақыт өте келе бірден қолданыстан шығып қалуына аралға еуропалықтардың келуіне дейін жазба өнердің мүлде дамымағаны басты себеп. Жазу-сызу өнерін біршама меңгерген еуропалықтар Америка құрлығына жаңа өркениетті алып келді. Олар жер-жерге орналаса салысымен, бірден қараңғы халықты жазып, оқуға үйретті. Тіпті, жергілікті халыққа жазуды үйрету үшін гавай тілінің арнайы әліпбиін де құрастырған екен. Әріпті таңбалауды осыған дейін мүлде білмеген, ойламаған қараңғы халыққа үйреніп кетуге оңай болсын деп әліпбидегі әріп санын 12-ге қысқартқан. Гавай тілі маори тайпасының және Таити халқының тілдеріне өте ұқсайды.