Өнер туындысын жасау екінің бірінің қолынан келмейтін, қол жетпейтін нәрсе сияқты қабылдаймыз. Бірақ айналамызда күнде көріп жүрген нәрсенің барлығы өнер туындысы екенін естен шығарып аламыз. Адам мен сәулет өнері бір-біріне қатты ұқсайды: өз тарихы, қайталанбайтын стилі мен мінезі бар. Әрқайсысы өзгенің назарын ауадай қажет етеді. Бүгін әлемдегі ең танымал әрі жұмбағы көп сәулет өнеріндегі стильдерді талқылаймыз.
Готика
Батыс Еуропа мемлекеттерін готика стилінсіз елестету мүмкін емес. Таңғажайып сарайлар кішкентай ауылды аймақтар мен үлкен қалаларға көрік беріп тұр.
XII ғасырдың аяғында Ежелгі Римде пайда болған роман стиліне солтүстік аймаққа тән өнер саласының бөліктері ене бастады. Скандинавия түбегіне келіп қоныстанған готтар сәулет өнерін басқа қырынан дамытты. Бұрын соңды болмаған ұзындықтар, пішіндер мен бұрылыстарды қолданды. Алдыңғы ұрпақтың математикалық зерттеуіне сүйене отырып, үйлер құрылысындағы қаңқа жүйесін ойлап тапты. Салмақты тігінен тұрған құрылыс бөлігіне түсірді. Соның арқасында ғимараттардың сырты айтарлықтай өзгерді. Қабырғалары биіктей түссе, іші кеңейді.
Классицизм
Бұл стильсіз театр ғимараттары да болмас еді. Классицизм сәулет өнері ежелгі өркениетті еске түсіреді. Барлық нәрсе тегіс, біркелкі және симметриялы орналасқан. Ашық түстердің үйлесімі оның әсемдігін айқындай түскендей.
Классицизм стиліндегі ғимараттар үш бөліктен жасалады: постамент (ғимарат негізі), бағандар және антаблемент (ғимараттың көлденең аймағы).
Классицизм дәуірінің басты символы Ротонда вилласы. Оны XVII ғасырда атақты Италия сәуелткері Андреа Палладио салған.
Барокко
"Barocco" португал тілінен аударғанда бұрыс пішінді меруерт дегенді білдіреді. Сол арқылы бұл стильдің басты ерекшілігін айқындағандай. XVI ғасырдың ортасында италиялықтар өз ғимараттарына атау беру үшін бұл сөзді қолдана бастаған, кейін ол жаңа бағытты ресми атауы ретінде қолданысқа енді.
Барокко стилінің басты ерекшелігі – пропорцияның бұзылуы мен қисық пішіндердің өзара үйлесуі. Бағандар бір-біріне қарай майысса, ғимарат қабырғалары, керісінше, сыртқа шығыңқы, дөңгелек пішінді болады. Терезелер шеңбер, сопақ пішінді. Одан бөлек, бұл стильдегі ғимараттарда шектен тыс сәндеу кездеседі. Қабырғалар (тіпті төбесі де) суреттемен, түрлі-түсті тастармен көмкеріледі. Көбіне қарапайым бағандардың орнына кариатид мен атланттардың мүсінін пайдаланады.
Рококо
Рококо стилі XVIII ғасырда Францияда пайда болды. Ол өзінің жеңіл, нақты әрі әсем пішінімен ерекшеленеді. Бұл стильдің тууына үлкен жасанды шаш тағып, бетіне қызғылт бояу жағып алатын, түрлі бал мен кештерді жақсы көретін бикештер себеп болған.
Рококо дәуірінде салынған сарайлар симметрия, белгілі бір логикадан алшақ. Олар түсініксіз пішіні арқылы назар аудартады. Бағандар тек эстетикалық әсер сыйлау үшін ғана қойылған. Шатыр шегін түрлі сауыттармен, мүсіндермен, сағаттармен сәндейді. Ғимараттар нәзік әрі жылы түстермен боялады: ашық жасыл, көгілдір, сарғыш.
Модерн
Модерн өнеркәсіп төікерісі кезінде Батыс Еуропа аймағында пайда болады. Модерн шеберлері өсімдіктердің иілімінен шабыт алып, сол заттардың түс палитрасын қолданған. Бұрыштардың жоғы, асимметрия мен бір қалыпты түзулер арқылы ғимараттарға ерекшелік сыйлаған. Бұл стильдің қалыптасуына жоғалған ормандарды алмастырған индустрия әсер еткен.
Қай сәулет стилі сіздің жаныңызға жақын?